Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Америка Құрама Штаттарының Президенті Барак Обаманың жеке жолдауы келіп түсті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Жолдауда атап өтілгендей, Қазақстан Тәуелсіздігін алған сәттен бастап ядролық қарусыздану және таратпау саласында әлемдік көшбасшылардың бірі болып саналады.
Президент Обама 2012 жылғы наурызда Сеулде (Оңтүстік Корея) өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі екінші саммиттің маңызын атап өткен. Хатта Сеул саммиті аясында Вашингтон мен Астананың ядролық қауіпсіздік саласындағы өзекті проблемаларды шешуге бірлесіп салмақты үлес қосатын, ядролық қарудан азат әлем құру жолында алдағы қадамдарды анықтайтын мүмкіндіктері атап өтілген.
Барак Обама Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен Сеулдегі кездесу кезінде екіжақты қарым-қатынастар мен халықаралық аренадағы қазақстандық-америкалық ынтымақтастық тақырыбы талқыланатынына сенім білдірген.