• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Тамыз, 2011

Қадір түні елорда мешіттері жамағатқа толды

673 рет
көрсетілді

Отыз күн ораза ұстаған әлемдегі барша мұсылмандарға Қадір түнін қарсы алу ерекше қасиетті. Еліміздің әрбір өңіріндегі мешіттерде ақшам уақытынан таң намазына дейін имандылық жайлы уағыздар айтылып, намаз оқылды. Елорда мешіттерінде де қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналып, Қадір түнін ерекше ыждаһаттылықпен қарсы алды. Қазақстан мұсылмандары діни басқарма­сының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі Қадір түнінің ғибадаттарын «Нұр Астана» Орталық мешітінде жамағатпен бірге атқарды. Астаналықтар мен қала қонақ­та­ры Бас мүфтидің аузынан уағыз естіп, елі­міз­дің зиялы қауым өкілдері Ислам діні туралы әңгімелерді ерекше ықыласпен тыңдады. Рамазан айының күндiзі де, түнi де қасиеттi болып есептеледi. Әсiресе, соңғы он күні ерекше бағаланады. Өйткені, соңғы онкүн­дік­те адам баласының бiржылдық тағдыры белгiленетiн ерекше түн – Қадір түнi бар. Осы түнде Алла Тағала Қасиеттi Құран Кә­рімдi түсірген. Қадір түнi Алла Тағаланың разылығы үшiн жасалған әрбір халал іс құлшылық бо­лып есептеледі. «Нұр Астана» Орталық ме­шітінің наиб-имамы Төлеби Оспан Қасиетті түнді Алла Тағалаға құлшылық жасау, намаз, Құран оқу, шариғат үйрену, үйрету, уағыз айту және тыңдау, тәсбі тарту, діни кітаптар оқу, діни фильмдер көру, мешітке келгенде дүние сөзін сөйлемеу амалдарын орындау арқылы зиярат етіп өткізу керек дегенді ерекше айта кетті. Кiм Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса әрi Қадір түнiн шын иман және сауап үмiтiмен өткiзсе оның бұрын iстелген күнәлары кешiрiледi делінеді. Қадір түнінде Жәбрейіл мен бүкіл періштелер жер бетіне түседі. Алланың елшісі (с.ғ.с): «Шын мәнінде, Қадір түні жер бетінде, пе­ріш­телер ұсақ тастардан да көп бо­лады», – деген екен. Міне, осындай ұлағатты уағыздар айтылған түннен кейін «Нұр Астана» мешітінде таңертеңгісін жиналған жама­ғатқа сәресі берілді. Астанадағы Садуақас қажы Ғылмани мешітіне де келушілердің қатары мол болды. Тарауих намазы оқылғаннан кейін жиналған жамағатқа «Қадір түнінің қасиеті» туралы уағыздар айтылды. Сондықтан да осы түнді Алланың пенделерге шексіз рақым жаудыр­ған түні деп есептейді. Ораза ұстаушылар ауыздарын ашқаннан кейін тозақтың қақпасы құлыпталады. Қадір түнінде Жаратқанға құл­шылық жасаған пендеге 84 жыл намаз оқыған мұсылман адамның сауабымен пара-пар сауап жазылады екен. Алла Тағала осы түні тілеген тілектерді қабыл етіп, жасаған күнәларымызды кешіреді. Мешіттің найб имамы Сәбит Ережепов Қадір түнінің жұмаға сәйкес келуін ерекше жақсылыққа жорып отырғандығымен бөлісті. Қалталы азамат­тар­дың қолдауымен мешіт ораза айында күн сайын 100 адамға ауызашар беріп келген. Бұл жолы мешіт ауласында 500 адам ауыз ашса, таңертеңгі сәресі де берілгендігін айта кетсек дейміз. Қадір түнінде Ақтөбе, Алматы, Түркі­с­тан қалалары мешіттеріндегі ғибадат рәсім­дері телеарналардан тікелей эфир арқылы көр­сетілді. Осылайша Рамазан айы 29 тамыз кү­ні аяқталып, бүгін үш күндік Ораза айт мерекесі басталды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.