«Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты» ММ мен «Республикалық әйелдер кеңесі» РҚБ, «Нұр Отан» ХДП бірігіп Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған «Қазақстан Республикасы: тәуелсіздіктің, ұлттық бірліктің, бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізді.
Бұл шара Отанымыздың Конституциясы күніне арналды. Оған Қарулы Күштер қатарында жүрген әйел әскери қызметкерлер қатысты. Олар елордаға Ата Заңды атап өтетін әскери шеруге қатысуға келгендер еді. Ұлттық мұрағаттағы алғашқы басқосуда Қазақ елінің қазіргі заман тарихы мұрағаттық құжаттарын қабылдау, сақтау және пайдалану бойынша қызметпен танысып, Тәуелсіздікке арналған құжаттық көрмені тамашалады. Ал жүздесудің екінші бөлігінде «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының мәслихат залында «Республикалық әйелдер кеңесі» РҚБ-ның төрайымы Нина Қаюпова, партияның Орталық аппаратының хатшысы Сергей Громов, Ұлттық мұрағаттың бас директоры Рысты Сариева, әскер қатарында жүрген азаматшалар пікір алмасып, егемен елдің өткені мен бүгініне ой жіберіп, кемелді болашағына өз үлестерін қосатынын айтты.
«Егемен-ақпарат».