• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Тамыз, 2011

Мәреге жетті

382 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және  29 тамыз – ядролық сынаққа қарсы қимылдың  халықаралық күніне орай Bike for peace  Норвегия қоғамдық ұйымының Семей – Алматы – Астана халықаралық веложүрісі  Астанаға табан тіреді. Соған орай Бәйтерек кешенінің түбінде өткен велотурдың жабылу рә­сімінде аталмыш ұйымның көшбасшысы Торе Наерланд, өзінің қа­зақстандықтарды құрметтейтінін айтып, 24 күн ішінде бүкіл мемлеке­тіміздің біраз өңірін басып өт­кенін, халқымыздың ерекше сый құр­метіне тәнті болғанын тілге тиек етті. Содан соң жиналғандарға төрткүл дүниедегі 110 мемлекетті шарлағанын жеткізіп, достығы жарасқан көп ұлтты Қазақ­станның береке-бірлігіне ризалы­ғын білдірді. Ол сонымен қатар Bike for peace ұйымы адамзатқа қатер төндіретін қатерлі қаруды әлемде бірінші болып жоюды ұсынып, оны сөзбен емес ісімен дәйек­теген Қазақ елінің Президентін жұрт­шылық Нобель сыйлығына ұсынып жатса өздерінің қолдайтынын атап айтты. Осы велотурдың жабылу рәсімінде «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың күніне қарай Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәлімде­месін» аталмыш ведомствоның ресми өкілі Асқар Абдрахманов оқып берді. Онда былай делінген: «Біз Ядролық сы­нақтарға жаппай тыйым салу шартының (ЯСЖТШ) тезірек күшіне енуін қол­даймыз. Ол үшін Шартты ратифика­цияламаған және оған қол қоймаған тоғыз елді жақын арада тиісті қадам жасауға шақырамыз. Біз ЯСЖТШ-ны алапат қаруды таратпау ісіндегі ең тиімді  және нақты құралдардың бірі деп білеміз». Осыдан 66 жыл бұрын Хиросима қаласының талқанын шығарған сұмдықты енді болдырмауды, бейбітшілікті орнық­ты­руды мақсат еткен норвегиялық азаматтар Семейден Астанаға дейінгі аралықта веложүріс арқылы 20 елді мекенде бо­лыпты. Атап айтқанда Шығыс Қазақ­стан, Алматы, Жамбыл, Қа­ра­ғанды, Ақмола облыстарының аума­ғын және Астана, Алматы қалаларын қосқанда олар 2 383 шақырымды артқа тастапты. Сөйтіп, адамзаттың жарқын болашағы үшін бейбіт шеруді мұрат тұтқан азаматтар елордаға келіп, Бәйтеректің түбінде Қазақ мемлекетіне деген шынайы ықыластарын білдіріп, Отанымыздың болашағына зор сеніммен қарайтындық­тарын атап айтты. «Егемен-ақпарат».