Конституциямыздың қабылданғанына, міне, 16 жыл толып отыр, осы өткен кезеңде Ата Заңымыз халқымыздың ғасырлар бойы тәуелсіз мемлекет болуды армандаған, мүддесін заң тілінде айшықтаған, туын берік қадаған, тұғыры биік, іргесі мықты Қазақстан атты мемлекет бар екенін бүкіл әлемге танытқан, мойындатқан бірегей заңды құжат болып табылады.
Мемлекеттік биліктің дербес бір тармағы – сот билігінің қалыптасуына жол салған түбегейлі өзгерістер Ата Заңнан бастауын алып, қазіргі кезде нақты жүзеге асуда.
Сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі өз қызметтерінде республикада сот билігінің мемлекеттік билік тармағы ретінде басқа заң шығарушы және атқарушы билік тармақтарымен тежемелік әрі тепе-теңдік жүйелері арқылы өзара қимыл жасайтынын Ата Заңымыздың 4-бабынан анық байқауға болады.
Аталмыш бап бойынша қолданылатын құқық Конституцияның, соған сәйкес заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, халықаралық шарттарымен республиканың басқа да міндеттемелерінің, сондай-ақ, республика Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының нормалары болып табылады.
Сот жүйесі нормативті қаулыларды қабылдау арқылы заңдарды жүзеге асыру процесіне белсенділікпен араласып, заңдарды қолданудың дұрыстығын қамтамасыз етуге және сот тәжірибесін біркелкі қалыптастыруға белгілі дәрежеде өз үлесін қосуда.
Ыбырай МӘТІБАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы.