Ақмола облысындағы құрамында етті қайта өңдеу кешені бар жаңа бордақылау алаңы өзінің алғашқы өнімін астаналық базарларға жеткізе бастады. Кәсіпорынның ендігі жоспарында көршілес Қытай еліне де етті экспортқа шығару мәселесі тұр. Бұл жоба «ҚазАгро» ұлттық холдингінің 10 жылдығы және Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында іске асырылды.
Ақмола облысының Ерейментау ауданында 3000 басқа арналған бордақылау алаңын және жылына 5000 тонна етті өңдеп, одан өнімдер шығара алатын кәсіпорынды ұйымдастыруға арналған жалпы құны 1,5 млрд теңге тұратын бұл жобаны «ҚазАгро» ұлттық холдингінің құрамындағы «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржылай қолдауымен «Жаңа-Береке» шаруа қожалығы іске асырды. Оның директоры Айбек Қазыбековтің айтуынша, кәсіпорын өндірістің толық циклы бойынша жұмыс істей алады. Яғни, шаруа қожалығындағы немесе оған келіп түскен мал етке өткізілер алдында бордақылау алаңында күтімге алынып, семіртіледі де, одан кейін өндірістік негізде сойылып, ет өңдеу кешеніне жөнелтіледі. Бұл циклдық жүйе онда әзірленген ет өнімдерін Қазақстанның сауда желілеріне жөнелтіп қана қоймай, ветеринарлық тұрғыдан неғұрлым қатаң талаптар қойылатын шетел нарықтарына шығаруға да мүмкіндік береді. Осы үшін кәсіпорын халықаралық стандарттарға сәйкестік сертификатына ие болып отыр.
Шаруашылықтағы бәсекеге қабілетті өнім жасауға мүмкіндік беретін өндірістің негізі шалғайдағы мал шаруашылығы болып табылады. Шаруашылықта бағылатын қазақтың ақбас және қалмақ тұқымды сиырлары жергілікті жағдайларға жақсы бейімделгендігімен ерекшеленеді. Мұндағы ірі қара мал қорада қамалып ұсталмайды. Жарты жыл бойы жайлауда және табиғи жайылымдарда бағыла отырып, балауса шөптерді молынан пайдаланады.
«Жаңа-Береке» ШҚ басшысы өз сөзінде «ҚазАгро» ұлттық холдингінің құрамындағы даму институттары «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «ҚазАгроМаркетинг» АҚ бұл жобаның жүзеге асуына үлкен көмек көрсеткендігін атап өтті. Қазыбековтің айтуынша, солардың көрсеткен қолдауының арқасында жеңілдікті несие алуға, лизингтік жабдықтар мен ауылшаруашылық техникаларын сатып алуға, сондай-ақ, мемлекеттік субсидияны дер кезінде пайдалануға қол жеткізілген.
Айтса айтқандай, шаруашылық 1364 бас ірі қара малын Қазақстан мен Ресейдің асыл тұқымды шаруашылықтарынан «ҚазАгроҚаржы» АҚ бөлген қаражат есебінен сатып алыпты. Бүгінгі таңда шаруашылықтағы ірі қара саны оның жеке малымен қоса есептегенде 2 127 басқа жетіп отыр.
«Жаңа-Береке» ШҚ жобаны тұрақты негізде дамыту үшін өз қаражатын да жұмсады. Малдарды зерттеу және ветеринарлық, санитарлық талаптарды сақтау үшін қажетті арнаулы жабдықтар, вакциналар, дәрі-дәрмектер мен дәрумендер, малдың тұқымын жақсарту мен оларды жергілікті жағдайға бейімдеу үшін қажетті заттар сатып алынды. Малдарды бағып-күту үшін Қазақстанның барлық жерлерінен мамандар іріктелді. Тіпті, алыстағы Белоруссиядан мамандар тартылды.
Ауылда шаруашылықтың мамандарына арналып 5 тұрғын үй салынды. Жалпы, аталған жобаны іске асыру маусымдық жұмысқа тәуелді емес 50-ден астам тұрақты жаңа жұмыс орнын құруға ықпалын тигізді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»