• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
01 Қаңтар, 2017

Баламалы қуат көздері

12038 рет
көрсетілді

энергетикалық тәуелділіктен құтқара ма? 1882 жылдың 4 қыркүйегі. Әйгілі ғалым, өнертапқыш Томас Эдисон электр тогын қосатын қондырғыны бұрап J.P.Morgan банкінің кеңсесінде 100 шағын лампаны жақты. Төменгі Манхэттен ауданында Эдисон тұрғызған шағын электр стансасынан жерасты арқылы тартылған сыммен 110 вольттық электр қуаты 59 тұтынушыға ток жеткізді. Әлемде электрлендіру дәуірі һәм оған деген тәуелділік те осы күннен басталған еді. Электр қуатын алудың жолы сан түрлі. Мәселен, көмір­ді, мұнай мен табиғи газ­ды және уран­ды пай­далану ар­қы­лы өндіру – бұл бұ­рын­нан қалыптас­қан әдіс. Со­­ны­­мен бірге, сар­қы­рама мен ағын судан, жел мен күннен, тіпті қал­дық­ты, ескі резеңке дөң­ге­лек­ті жағу арқылы да элек­тр энер­гия­сын алуға болады. Бүгін­де Еуро­па ел­дерін­дегі электр энер­гия­сы өн­дірі­сін­де атом энергия­сы­­ның үлесі 25 пайызды, көмір 25 па­йыз­­ды, табиғи газ 25 пайызды, су энер­гиясы 15 пайызды құрайды. Ке­ле­сі көрсеткіш 4 және 3 пайызбен жел энергиясы мен мұнайдан алы­на­тын электр қуатына тиесілі. Көршіміз Ресейде табиғи газ энер­гия өндірісінің 50 пайы­зын, көмір 16 пайызын, атом 17 пайы­зын, су энергиясы 15 па­йы­зын қам­­та­масыз етеді. Қазіргі күні Қазақстанда электр энергиясының 74 пайыз­дан ас­тамы орталық және солтүс­тік ай­мақтардағы көмір кен орын­­дары­нан өндіріліп, оның 66 па­йыздайы дәл сол индустрия өңір­лердің өзіндегі қажеттілікке жұ­м­­­са­лады. Ал оңтүстік өңір­лер­­де энергия тұтыну оны өндіру­ден екі есеге дейін артып, қуат көзі­нің белгілі бір мөлшерін Өзбек­стан мен Ресейден сатып алуға, Қыр­ғыз­станмен айырбас жасау ар­қы­лы импорттауға тура келіп отыр. Энергетика ми­нистр­лігінің мәлі­метіне сүйенсек, тәуелсіздік жыл­дарында еліміздегі көмір өн­діру­ші кәсіпорындар 2,3 млрд тон­на көмір өндіріп, оның 600 млн тоннадан астамы экспортқа шы­ға­рылса, қалған көлемі ішкі қажет­тілікті өтеген. Еліміз көмір­дің барланған қоры жағынан 8-орын алатыны бел­гілі. Десек те, көмір көзінің де таусылатын кезі бо­лады. Қаз­ба байлықты өндіру ар­қылы өндірісті ұлғайтудың өзі шы­ғын мен үлкен тәуекелді қажет ете­тіндіктен әлемнің көптеген мем­лекеттері жаңа жолды таңдап оты­р. Ол энергияның баламалы түр­лері, яғни қалпына келетін, сар­­қыл­­майтын және қоршаған ор­та­ға зиян келтірмейтін энергия көздері. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы – қа­лып­­тас­­қан мемлекеттің жаңа сая­си бағыты» атты ел халқы­на ар­­на­­ған Жолдауында «Көмір­су­­те­гі шикізатының нары­ғын­да ірі ойыншы болып қала оты­рып, біз энергияның бала­ма­лы түр­лерін дамытуға, күн мен жел­дің энер­гиясын пайдаланатын тех­ноло­гия­ларды белсенді енгізуге тиіспіз. Бұл үшін бізде барлық мүм­кіндіктер бар», деп қадап айт­қан болатын. Иә, республика аума­ғының үлкендігі (2 724 902 шар­шы шақырым) мен халықтың орналасу тығыздығының төмен­дігі (1 шаршы шақырымға 5 адам­нан) секілді критерийлер де елді энергия қуатымен жүйелі түрде толықтай жабдықтауда тиімсіз көрсеткіштер беріп отыр. Міне, осы тиімсіздікті шешуге жергілікті өңірлердегі қалпына келтірілетін энергия көздерін пай­да­лану оң әсерін тигізе ала­ды. Бұл тұрғыда оңтүстік өңір­­лер­дегі экологиялық таза энер­­гия көздері ішкі нарықты ар­ты­­ғы­­мен қамтамасыз етіп қана қой­май, көрші елдерге экспорт­тауға мүм­кіндік берер еді. Мәсе­лен, Қытай­да жыл сайын энергия тап­шы­лы­ғы өсіп келеді. Қазақ жері­нің үлкен бөлігі жазық әрі жар­­ты­­лай құрғақшылық­ты өңір­­лер бол­ған­дықтан жел мен күн энер­гия­сын өндіріп алуға қолайлы. Жоңғар қақпасы Жоңғар Алатауы мен Барлық тауының түйіскен жеріндегі әйгілі желді өзектен секундына 70 метрге дейін жететін жел соғады, бұл ТМД аума­ғы бо­йынша аса қуатты жел соға­тын жер саналады. Сондай-ақ, оң­түс­тік аймақта алты ай жаз­дың ыс­ты­­ғын­дағы күн қуатын да есеп­ке алыңыз. Орталық пен батыс өңір­дегі жартылай құрғақ­шы­­лық ауа райын қоссаңыз, күн энер­­гия­сы бата­рея­ларын орна­лас­ты­рып пай­да­лану­дың маңызы да зор. Қазақстанның жел энергиясы қуатының мүмкіндігі жылына 929 млрд киловатт-сағат деп есеп­телген. Қазақ жеріндегі жел­дің жылдық орташа қуаты секун­дына 7 метрден жоғары. Деген­мен, 929 млрд киловатт-сағатты бірден тұтас игеру мүмкін де емес, дамыған мемлектерде де бұл көрсеткіш жалпы энергия өн­ді­рісі көрсеткішінде 20 пайызға жетер-жетпес. Қазіргі кезде елі­міз­дің жалпы генерациясында жаң­ғыр­малы энергия көздерінің үлесі 0,9 пайызды ғана құрап отыр. Энергетика министрлігі кел­тір­ген дерек бойынша, 2015 жылы жаңғырмалы энергия көз­дері­нен өндірілген электр энер­гия­­сы­ның көлемі 0,704 млрд кВт-са­ғатты құраған. 2020 жылға дейін ел Үкіметі 34 жел энер­ге­ти­­ка стансасы (1787 мегаватт қуат­пен) жұмыс істейді деп жос­пар­­ла­ған. Дегенмен, желдің өзі те­гін бол­ғаны­мен, оның энер­ге­ти­­ка­лық жүйесі тегін емес. Алын­­ған энер­гияны тұтынушыға жет­кізу, қон­дыр­ғылардың бағасы бі­раз қар­жы салуды талап етеді. Жел қон­дыр­ғылары сияқты күн бата­рея­­лары да үзіліспен жұмыс іс­тей­ді. Бұлтты күндері, түнде ол қон­дыр­ғылардан тұрақты түр­де қа­жет­ті ток алу мүмкін емес. Жаң­ғыр­­малы энергия көздеріне көшу­дің қиын­дығы бір жағынан оның үл­кен шығынды қажет ете­тін­дігін­де. Сол себепті одан алына­тын қуат­тың құны да қымбатқа түседі. Дегенмен, көптеген мем­лекет­тер, оның ішінде біздің еліміз де бар, салаға айтарлықтай мемлекеттік қолдау көрсетуде. Мәселен, 2016 жылы 1 кВт-сағатқа белгілен­ген тариф 25 теңгеге тең келеді. Энер­­ге­тика министрлігінің жос­­пары­н­­ша, бұл бағыттағы жұ­мыс­тар кезең-кезеңмен іске асы­ры­лып, 2020-2025 жылдардан кейін жаңғырмалы энергия көздері нысандарында электр энер­гия­сын өндіру айтарлықтай арзан­дай­тын болады. Жалпы, еліміз­дегі энергетика саласы инновация­лық жаңалыққа мұқтаж. Егер Қазақ­стан энергетикалық жаңғы­ру бағытын­да өздігінен жаңа тех­но­логияны иге­ре алмаса, да­мы­ған мемлекеттер­дің техно­ло­гия­сын сатып алуға немесе көші­ріп, үйренуге тура кел­мек. Жаңғырмалы энергия көз­­дерін игерудің жүйелі негізі ЭКСПО-2017 көрмесінен кейін жа­салуы да мүмкін. Көрменің ар­қа­сында елімізге дамушы елдер­дің осы саладағы жаңа техно­логиясы мен соңғы инно­ва­ция­лық жаңа­лығы келетін болады. Бауыржан САБЫРБЕКОВ журналист