2016 жыл Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығы үшін айтулы оқиғаларға толы болды. Атап айтар болсақ, үлескерлердің құқығын қорғау күшейтілді, мемлекеттік бағдарламамен үй құрылысы көбейді, үй құрылысының жаңа бағдарламасы қабылданды.
1. Жаңа үйлер мемлекеттік комиссиясыз қабылданады
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Архитектура, қала құрылысы және құрылыс жұмыстары туралы" заңға енгізілген түзетулер мен өзгерістер күшіне енді. Енді қабылданатын құрылысқа мемлекеттік комиссияның тексерісі керек емес. Ал үйді қабылдау туралы актті тек мердігер компанияның маманы толтырса жеткілікті. Ал құрылыста кінәрат болса, жауапкершілік мердігер компанияға түседі.
2. Онлайн хабарландырудағы үй бағасын тек теңгемен көрсету керек
Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мен Үкімет елде долларсыздандыру саясаты аясында осындай жаңалық енгізді.
3. "Өз үйім" атты дағдарысқа қарсы арнайы бағдарлама ресми түрде басталды
Банктер өздерінің салымшылары үшін үй сала бастаған ең алғашқы өңір Қызылорда облысы болды. "Өз үйім" бағдарламасы аясында үш бағыт қарастырылған: жергілікті атқарушы органмен бірге жұмыс істеу, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік және екінші деңгейлі банктермен әріптестік. 2022 жылға дейін осы бағдарлама арқылы салынған үйлер 1,5 млн шаршы метрге жетеді деп күтілуде.
4. 11 мыңнан астам ипотека иесі мемлекеттен қайта қаржыландыру алды
2016 жылдың 15 сәуіріне дейін 21 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Олар екінші деңгейлі банктердің тұтынушылары. Соның ішінде 14 мыңы мақұлданып, 11 020 адамға мемлекеттен қайта қаржыланлдыру берілді.
5. Банктердің ипотекалық несиесі бәсеңдеді
Теңге бағамының еркін айналымда болуы, жылжымайтын мүлік нарығындағы тұрақсыздық, елдің сатып алу мүмкіндігінің азюы, сонымен қатар теңгенің тапшылығы және банктер үшін базалық үстеменің көтерілуі банктердің ипотека беруге деген ынтасын түсірді.
6. Жылжымайтын мүлікті рәсімдеу оңайлады
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы жылжымайтын мүліктің мемлекеттік біріңғай кадастрын құрды. Бұл жылжымайтын мүлікті рәсімдеуде құжаттарды қысқартып, рәсімдеу жұмыстарын барынша аз уақытта істеуге мүмкіндік берді.
7. Жер заңнамасына енгізілген мораторий 5 жылға ұзартылды
Ақордадағы жиында мемлекет басшысы осылай бұйырды.
8. Үлескерлік құрылыс туралы заң күшіне енді
Қазақстанның үлескерлік құрылыс саласы жаңа заңмен жұмыс істей бастады. Жаңа заң нормасы үлескер болуды оңайлатып, үлескерлердің құқығын қорғау тетіктерін күшейтті.
9. "Нұрлы жер" бағдарламасы мақұлданды
Аталған бағдарлама бойынша Қазақстанда үй салудың жаңа тетігі дайындалады. 9 жылда үкімет 100 млн-нан астам шаршы метр үй салмақ.