Кеше Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков радиобайланыс құралдарын жасайтын «Талес Казахстан Инжиниринг» зауытын салтанатты жағдайда ашты.
«Казинжэлектроникс» қорғаныс кәсіпорнының базасында бірігіп УҚТ және ҚТ-диапазонды байланыс құралдарының үшінші, төртінші буынын шығару қолға алынбақ.
Бұл жоба Қазақстан мен Франция президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Николя Саркозидің екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі келісімдерінің тәжірибе жүзінде жүзеге асуының алғашқы кезеңі.
«Казахстан инжиниринг» пен «Талес» компаниясының бірлесе атқарған жұмысының нәтижесінде заманауи технологиялық базасы бар кәсіпорын құрылды. Француздың «Талес» компаниясы әскери және азаматтық мақсаттағы жоғары технологиялы электронды жүйені жасауда және шығаруда әлемдегі көшбастаушылардың бірі.
Франция ТМД елдері арасында Қазақстанға бірінші болып өз армиясында және қырықтан астам елдерде қолданылатын жаңа технологиясын беріп отырғандығын атап өткен жөн.
Қазақстан үшін мұндай өндірісті іске қосу үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының маңызды элементі болып саналады.
– Бүгін біз ұлттық радиоэлектронды өнеркәсіптің дүниеге келгеніне куә болып тұрмыз және де оның шығарған өнімі алдыңғы қатарлы сапа стандартына сай болуы тиіс,– деп атап өткен Қазақстан Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков, «Талес Казахстан Инжиниринг» еліміздегі маңдайалды кәсіпорындардың бірі болатынына сенім білдірді.
Жүніс ОМАР, Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің бөлім бастығы, полковник.
----------------------------------
Суретті түсірген Ермек Сарбасов.