Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласы оңалып келеді. Бұрын ана мен бала өлімі бойынша республикада көш бастап, түрлі жаманаттарға іліккен оқиғалары баспасөз беттерінде сөз болып жататын құйқалы өңірдің қазір жақсы аты шыға бастады. Статистикалық деректер ағымдағы жылдың 8 айында ана өлімі 2010 жылға қарағанда 44,5 пайызға азайғанын көрсетеді. Ал, бала өлімі 20,7 пайызға төмендеген.
Бұл – медицина саласына соңғы жылдары қисапсыз бөліне бастаған қаржыға ғана байланысты емес, облыс денсаулық сақтау саласының жемісті жұмыстарының көрсеткіштері де.
Соңғы екі жылда Оңтүстікке Литвадан білікті дәрігерлер көптеп келіп, облыс дәрігерлерімен бірге жұмыс жасай бастады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ВОЗ) анықтауы бойынша, өз ісіне мығым осы шағын мемлекет ана мен бала өлімін азайту бойынша әлемде үздік мемлекеттердің қатарына кіреді.
Тек биылғы жылдың өзінде перзентханалардың 750 қызметкері халықаралық деңгейдегі маман сертификатын алды. Ал, соңғы аптада солардың 250-і жүкті әйелдер мен шақалақтарға қарқынды және реанимациялық көмек беру курсынан өтті. Оларға литвалық профессорлар, ғылым докторлары және халықаралық ұйымдар сарапшылары дәріс берді. Литвалық команданы профессор, Литва денсаулық ғылымы университетінің акушерлік және гинекологиялық клиникасының жетекшісі, ВОЗ/EURO репродуктивті денсаулық пен ғылымы бойынша аймақтық кеңесінің төрайымы Рута Надишаускене бастап келген болатын.
Біз ВОЗ/EURO репродуктивтік денсаулық пен ғылым бойынша аймақтық кеңесінің төрайымы Рута Надишаускене ханыммен сұқбаттасқан едік.
– Рута ханым, сіздер Оңтүстікте ана мен бала өлімін азайту мәселесіне ерекше көңіл аударып, нәтижелі жұмыс жасап жатырсыздар. Неге осы салаға басымдық бергендеріңіздің себебін білуге бола ма?
– Сауалыңыз орынды. Әйтсе де мына ақиқаттан аттап өтуге болмайды. Ана мен бала өлімі – кез келген мемлекеттің даму көрсеткіштері мен экономикалық және саяси әлеуетінің қауқарын көрсетеді. Бұл медицина қызметкерлерінің кәсіптік деңгейінің жоғарылығына ғана байланысты емес. Болашақ аналар жүктілік кезінде өзін-өзі қалай ұстау, тууға дайындық және нәрестесін дұрыс тамақтандыру сияқты қажетті кеңестерді білуі қажет. Сонымен қатар олардың білімді, өз құқын қорғай алатындығы, өмірден өз орнын ойып тұрып алатындай тәжірибе жинақтауына жағдай жасалса игі.
– Соңғы екі жылда Оңтүстік Қазақстанда ДДҰ-ның еуропалық бюросының пилоттық жобасы жұмыс жасап жатқандығы белгілі. Сіздің көзіңізбен қарағанда нәтижесі қандай?
– Біз өз жұмысымызды Оңтүстік Қазақстан облысының ауыр науқастар жатқызатын перинаталдық орталығынан бастадық. Жақсы нәтижелер бар. Оңтүстік Қазақстан облысында республика бойынша әрбір төртінші сәби дүниеге келетіндігін ескерсек, жобаны жүзеге асырудың аса маңызды жағы бар. Бізді қуантқаны, мұнда іргетасы мықты, материалдық жабдықтау көңілдегідей. Сондықтан да жұмыс жасауда кедергілер жоқ, бүгінгі талапқа сай жағдай туғызған. Атап айтатын бір жайт, біз оқыту үшін келгеніміз жоқ. Өзіміздің тәжірибемізді бөлісу үшін келдік. Ал, сіздердің дәрігерлерден де үйреніп жатқан жағдайларымыз бар. Литвада ана мен бала өлімін азайту жұмыстарын біз 1991 жылдары қатты қолға алдық. Арнаулы бағдарламалармен жұмыс жасадық. Яғни, біздің бай тәжірибе қазақстандықтардың кәдесіне жарап жатқанына қуаныштымыз.
Қазақстандық әріптестеріміздің тағы бір ұтары, жұмыс барысында біз бұрын байқамай әрі білместікпен жіберіп қойған қателіктерімізді қайталамайды. Оңтүстіктің дәрігерлерімен жұмыс барысында өзімізге де пайдалы жақтарын үйреніп жатырмыз. Екі жақты әріптестік екі жаққа да пайдалы болып тұр.
– Сіздердің осында келіп, жұмыс жасай бастағандарыңыздан жақсылық көріп отырған жағдайымыз бар. Жалпы, қызығушылық, бірлесе жұмыс жасау бағыты қай тараптан болды?
– Бұл – Оңтүстік Қазақстан облысы дәрігерлерінің бастамасы. Бізге профессор, ОҚО денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаилов келді. Литвалық мамандардың жұмыстарымен танысты. Университеттің жетекшілерімен кеңесті. Бағалы, бай тәжірибеміздің бар екенін байыптағаннан кейін бірге жұмыс жасауға шақырды. Оңтүстікте медициналық мекемелердің құрылымы өте ақылды құрылған. Перинаталдық орталықтар деңгейіне қарай сатыларға бөлінген. Ауылды жерлерден транспортпен тасымалдау мәселелері оңтайлы шешілген. Егер әкімдік, жергілікті басқару органдары көмектеспесе білікті дәрігерлердің тиімді жұмыстары, жақсы идеялары жүзеге аспаған күйінде қалады. Сіздерде әкімдік қатты қолдау көрсетеді екен. Бұл – жақсылық. Облыс әкімі мен оның командасына осы сәтті пайдаланып рахмет айтқым келеді.
Бізді қуантқаны, сіздердің әкімдік уақыттың тынысын жақсы сезінеді. Денсаулық сақтау саласындағы жаңалықтарға сергек қарап, қажетті қаражатты бөліп отырады. Мамандарды оқытып, оларға тиісті жағдай туғызады. Бұдан артық не керек?
Бізге заманауи аппараттары, бағалы жабдықтары бар бірқатар мемлекеттермен жұмыс жасауға тура келген. Өкініштісі, солармен жұмыс жасайтын мамандары жоқ. Ал, сіздерде бүгінгі заман талабына сай құрал-жабдықтар бар, дәрігерлер тиімді жұмыс жасай біледі. Осындағы жағдайдың жақсыға өзгеріп жатқандығын көзіміз көріп, сүйсініп те жүрміз.
– Тәжірибе алмасуда неге сүйенесіз?
– Тәжірибеден белгілі, әйел табиғи түрде дүниеге бала әкелуі үшін соған сәйкес жағдай жасалуы, психологиялық климат туғызу керек. Сауатты акушер әйелдің өзі босануына көмектесуі тиіс. Мамандар әрбір жүкті әйелді қадағалап, қауіпті жайт анықталса, дереу шара қолданулары керек. Алғашқы минуттар акушер-гинекологтар, неонатологтар үшін ең маңызды болып табылады. Бұл – алтын уақыт. Сондықтан қажет болған жағдайда команда болып әрекет етулері тиіс. Өйткені қанша талантты болсаң да жалғыз жұмыс істегенде ешқандай табысқа жете алмайсың.
– Халқымызда «сырт көз сыншы» дейтін нақыл бар. Оңтүстіктің медицинасы көз алдыңызда. Осыған қарап еліміздің денсаулық сақтау саласының сапасына қандай баға берер едіңіз?
– Кезінде біз американдықтардан, шведтерден үйрендік. Біздің тәжірибеміздің бай екендігіне, онымен енді бөлісе алатындығымызға қуанамыз. Біз бұдан керемет ләззат аламыз.
Мен сіздерде «Қазақстан – 2030» бағдарламасының бар екендігін есіттім. Сондай-ақ дамыған 50 мемлекеттің қатарына ену үшін алға мақсат қойыпсыздар. Бұл дегеніңіз, елдің экономикасымен ғана емес, сонымен бірге медицинасының да дамуымен өлшенеді. Мынаған назар аударыңызшы, ана өлімі бір жылда 44,5 пайызға азайған. Ал бала өлімі 20,7 пайызға төмендеген. Демек, қарқынды жұмыс істеудің арқасында тиімді тірлік жасалған. Сондықтан сіздер өз тәжірибелеріңізбен мақтануларыңызға әбден болады. Шынын айтсам, біз сіздерге қызыға да, қызғана да қараймыз, әрине, жақсы мағынасында. Менің білуімше, 2015 жылы әрбір мемлекеттің Президенттері БҰҰ-ы алдында елінде жасалып жатқан реформалар, олардың жемісі, халықтың тұрмыс деңгейі жөнінде есеп береді. Сонда сіздердің Президенттеріңіз елдегі жасалған жұмыстарыңыз туралы орынды мақтанышпен есеп беретін болады деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН.
Шымкент.