ҮКІМЕТ "Қазақстан Қазақстанның" апталық қосымшасы
Қазақстан экономикасының даму деңгейі қанағаттандырарлықтай. Осы аптада өткен Үкімет отырысында әңгіме болған 2011 жылдың макроэкономикалық көрсеткіштер болжамын нақтылау мәселесіне қарап, осылай деп тұжырым түюге болады. Аталған отырыста отандық экономиканың ағымдағы жағдайы қарқынды екендігі, дамудың бұл қарқыны жыл басында белгіленген болжамды көрсеткіштерден де басым түскендігі нақты цифрлар арқылы қуатталды. Мәселен, отырыста баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовтің айтуынша, 2011 жылы экономиканың өсу деңгейі кем дегенде 7 пайыздық көрсеткішті құрайтын болады. Бұл ақпандағы болжамнан 2 пайызға артық.
Елбасы осыдан біраз уақыт бұрын Үкіметке ел экономикасының даму деңгейін 7 пайыздық көрсеткішпен ұстап тұру, яғни 7 пайыздық дамуды тұрақты құбылысқа айналдыру туралы нақты тапсырма берген болатын. Үкімет осыған сәйкес тиісті шаралар кешенін қабылдады. Жоғарыдағы отырыста бұған Үкіметтің қабілеті жететіндігі, уәде үдесінен шыға алатындығы тағы бір көрініс берді. Егер қазіргі уақытта әлемде болып жатқан жағдайларға назар аударатын болсақ, 7 пайыздық даму кез келген ел үшін өте жоғары көрсеткіш болып табылады. Өйткені, көптеген халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, әлемдік дағдарыс әлі аяқталған жоқ. Тіпті, 2012 жыл ішінде оның күшейген жаңа толқынмен бас көтеретіндігі де айтылуда.
Мәселен, 2008 жылы әлемдік қаржы дағдарысының туындайтынын алдын-ала дәл айтып берген белгілі экономист, Нью-Йорк университетінің профессоры Нуриэль Рубини 2013 жылы осындай жағдайдың тағы да қалыптасуы әбден мүмкін екендігін ескертіп отыр. Оның айтуынша, бұл жолы бәрі де еуро аймағынан басталды. Еуропада қалыптасу үстіндегі қарыз берешектерін өтеу жөніндегі күшті және әлсіз экономикалар арасындағы келісімсіздіктер мен шиеленістер валюталық одақтың дағдарысқа түсу қатерін күшейте түседі. Осындай жағдайдың ықпалымен өз ақшасына қайта көшкісі келетін кейбір қатысушылар өз берешектері бойынша дефолт жариялайтын болады. Бұл жағдай АҚШ-ты жаңа проблемаларға тап қылып, Қытай экономикасының дамуын тежейді. Жапон экономикасының дағдарысқа түсу қатері күшейеді. Бұл пікірді Ресей экономисі Е.Ясин де қолдап отыр.
Алдымызда әлемдік дағдарыстың туындау қатері күшті екендігін үстіміздегі жылдың 20 маусымында Парламенттің бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде және Ресей бизнес-телеканалының «Диалог» бағдарламасына берілген сұхбатында Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов те қуаттай түсті. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен елімізде әлемдік рыноктағы жағдайды қадағалап отыратын жұмыс тобы құрылғандығын еске сала келе, қазіргі зерттеулер 2011 жылдың соңы мен 2012 жылдың басында әлемге қаржы дағдарысының қайта оралуы әбден мүмкін екендігін, өйткені әлем елдері оның түбегейлі проблемаларын шеше алмай отырғандығын айтты. «Міне, осындай жағдайда, өкінішке орай, әлемдік қатерлерден Қазақстан да тыс тұра алмайды. Әрине, біздің экономикамыз әлемдік экономикада жүріп жатқан қазіргі үдерістерге әсер ете алмайтындығы анық. Бірақ біз сол үдерістердің бізге тигізетін әсерін шектеу мақсатында сақтандыру шараларын қолдана аламыз. Біз тіпті солай істеуге тиістіміз», деген еді сонда Кәрім Мәсімов.
Шамасы, Қазақстан экономикасының қазіргі даму деңгейі әзірге біз үшін әлемдік рыноктағы ахуалдың оң әсер етіп отырғандығымен қатар, Қазақстанның өз ішіндегі сақтандыру шараларын дер кезінде қабылдауымен байланысты болып отырған болар. Мұны өз сөзінде Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов те қуаттады. Оның айтуынша, ағымдағы жылғы қаңтар-шілде айларында мұнайдың орташа әлемдік бағасы 1 баррельге 111,78 АҚШ долларынан айналды. Мұның өзі біздегі жыл басындағы болжамды көрсеткіш 1 баррельдің бағасы 65 долларды құрайды деген болжам параметрін енді 90 долларға дейін көтеру мүмкіндік берді. Сонымен қатар, қаңтар-шілде айларында еліміздің басқа экономикалық салалары, атап айтқанда, тау-кен өнеркәсібі, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, қызмет көрсету салалары жақсы жұмыс істеп, өз табыстарын жоспарланған көрсеткіштерден асыру мүмкіндігіне ие болды. Міне, осының негізінде Қазақстанның 2011 жыл ішіндегі экономикалық даму деңгейі жасалынған болжамнан жоғары болады деген оптимистік пиғылды күшейтіп, аталған жылға арналған негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер болжамын қайтадан нақтыландырудың мүмкіндігін тудырып отыр. Ал экономика табысты жұмыс істеген жағдайда ел халқының әл-ауқаты да жақсарып, бюджетке қосымша кірістердің құйылатындығы белгілі. Мұның өзі ақыр аяғында бюджет кірістері мен шығыстарын қайтадан нақтыландыруға себепші болады.
Қайрат Келімбетовтің айтуынша, елімізде дәл қазіргі күні осындай қуанышты жағдайлар орнығып отыр. Өйткені, мұнай бағасының өсуімен қатар, өнеркәсіп өнімі көлемі де өсе түсуде. Болжанып отырған тау-кен өнеркәсібінің 3,6 пайызға және өңдеу өнеркәсібінің 9,7 пайызға өсуі өнеркәсіп өндірісінің өсуіне ықпал етіп, оның жыл ішіндегі даму деңгейі 6 пайызды құрайды деп айтуға мүмкіндік береді. Бұл жыл басындағы болжанған көрсеткіштен 1,2 пайызға артық.
Міне, осындай оң құбылыстарға сәйкес, экспорттың көлемі жаңа болжам бойынша 76,3 миллиард долларды құрауға тиіс. Бұл осының алдындағы болжамнан 17,2 миллиард долларға жоғары. Сонымен қатар импорт көлемі де бұрынғы болжамды көрсеткіштен едәуір артып, 38,4 миллиард долларға жететіндігі мәлім болды.
Қазақстан үшін макроэкономикалық көрсеткіштердің бұрынғыға қарағанда оңынан қалыптасуы, жоғарыда айтып кеткеніміздей, бюджеттік параметрлерді қайтадан нақтыландыруға алып келді. Өйткені, жоғарыдағы жағдайларға байланысты мемлекеттік бюджетке 270,2 миллиард теңгенің, ал республикалық бюджетке 183,1 миллиард теңгенің қосымша кірістері түсетіндігі айқындалып отыр.
Үкімет отырысында республикалық бюджетті қайта нақтыландыру мәселесі бойынша Қаржы министрі Болат Жәмішев сөз алды. Оның айтуынша, жаңа болжамдар негізінде 2011 жылға арналған республикалық бюджеттің түсімдері 4 триллион 439,9 миллиард теңгені құрайтын болады. Бұл осы уақытқа дейін қолданыста болып келген бюджетпен салыстырғанда 183,3 миллиард теңгеге артық. Сонымен қатар 2011 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджеттің кірістер болжамы (трансферттер түсімін есепке алмағанда) ағымдағы жылдың бекітілген түсімдерінен (2 триллион 844,8 миллиард теңге) 190,7 миллиард теңгеге артығымен орындалып, 3 триллион 035,5 миллиард теңгені құрайтындығы айқындалды.
Бұдан әрі Болат Жәмішев бұл қосымша қаржының қалай құралатындығын айтып берді. Мәселен, мұнайға жатпайтын сектордағы корпоративтік табыс салығынан 69,7 миллиард теңге алынса, қосылған құн салығы бойынша жоспар 38,3 миллиард теңгеге ұлғайтылғандығын айтты. Сонымен қатар халықаралық саудаға және сыртқы операцияларға салынатын салықтар бойынша түсетін кірістер жоспарға қарағанда 33,9 миллиард теңгеге ұлғаймақ. Салықтық емес түсімдер бойынша бір жолғы төлемдер мен есептеулерді нақтылау есебінің өзінен 4,6 миллиард теңге қосымша кіріс алынбақ. Міне, осындай өсу жағына қарай қайта нақтыланып отырған басқа да болжамды параметрлер аз емес.
Әрине, бюджет кірісі артқан кезде оның шығысы да көбейе түсетіндігі белгілі. Халық үшін, сонымен қатар отандық кәсіпкерлердің дамуы үшін игіліктер міне, осылайша жасалынады. Бұл дегеніңіз, халықтың тұрмысын одан әрі жақсарту, олардың айналысып отырған кәсібін одан әрі нығайта түсу деген сөз. Міне, осы жағдай 2011 жылға арналған республикалық бюджеттің шығыстар бөлігін қайта нақтылаған тұста айқын көрінді. Мәселен, шығыстар бұрынғы бекітілген бюджеттегі 4 триллион 952 миллиард теңгеден енді 217,9 миллиард теңгеге өсіріліп, 5 триллион 170,3 миллиард теңге болып қайтадан белгіленді. Соның ішінде әлеуметтік салаға бөлінетін шығындар 40,8 миллиард теңгеге ұлғайтылатын болды. Бұл қаражат тегін медициналық көмектің кепілді берілетін көлемін одан әрі арттыруға, республикалық және жергілікті деңгейдегі денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, халықтың жекелеген топтарына берілетін әлеуметтік төлемдер көлемін алушылар санының ұлғаюына байланысты бұрынғыға қарағанда көтере түсуге, «Балапан» бағдарламасының аясында жаңадан балабақшалар салуға, еліміздің білім саласын нығайтуға жұмсалатын болды.
Сонымен қатар, бірқатар қаржылар еліміздің экономикалық салаларын одан әрі жақсарту үшін жұмсалмақ. Мәселен, ауыл шаруашылығын дамытуға 38,8 миллиард теңге қаржы бағыттау көзделінді. Мұның 22 миллиард теңгесі ата кәсіп мал шаруашылығын дамытуға бағытталмақ. Сондай-ақ Қазақстан астығын әлемдік рыноктарға жылжыта түсу мақсатында 6,7 миллиард теңге қарастырылатын болды.
Халықты толғандырып келген мәселелердің бірі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық екені белгілі. Міне, осы іске 39,1 миллиард теңге қаржы бөлу көзделінді. Ал «Нұрлы көш» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 1,6 миллиард теңге қарастырылды. Басқа салалар бойынша да жұмсалатын шығындар арттырыла түсті.
Әрине, Үкіметтің бюджетті қайта нақтыландыру жөніндегі бұл жобасы Парламент бекіткеннен кейін ғана заң күшіне енетіндігі анық. Бірақ соған қарамастан қазіргі оқиғалар барысының өзі 2011 жылы ел Үкіметінің өзі берген уәде үдесінен шығып, осының негізінде еліміздің жағдайы жақсара түсетіндігін көрсетіп отыр.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.