• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2016

Минскіде "электронды үкіметті" дамыту мәселелері қарастырылды

119 рет
көрсетілді

Минскіде (Беларусь) «электронды үкіметті» дамыту мәселелері бойынша сарапшылар форумында Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб басқару комитеті төрағасы Алихан Байменов мемлекеттік қызметті модернизациялау мен мемлекеттік басқаруды дамытудағы ғаламдық және аймақтық трендтермен таныстырды. Форумды Беларусь Республикасы үкіметі мен БҰҰ Даму Бағдарламасы ұйымдастырды. Форумға Беларусь президент әкімшілігі өкілдері мен үкімет мүшелері, «электронды үкімет» саласындағы халықаралық сарапшылар мен ақпараттық технологиялар саласындағы жетекші әлемдік компаниялар мамандары қатысты. Алихан Байменов өз сөзінде XIX ғасырдағы заңгерлердің бірінің: «заңдар өскелең адамның киімі тәрізді болуы керек. Ол адамға қызмет ететіндей пішілуі тиіс – өсуін шектемеуі қажет» деген нақылын еске салды. Мемлекеттік қызметті модернизациялаудың төрт өзара байланысты бағыттарының алғашқысын баяндамашы «заманауи, уақыт тезіне жауап беретін, дамуға жағдай жасайтын заңнама болуы тиіс» деп атап көрсетті. «Екіншісі - мемлекеттің тиімділігі үшін ғылым мен технологиялар жетістіктерін пайдалануға мүмкіндік беретін инновациялар. Үшіншісі - мемлекеттік қызметті бүгінгі күн талабына сай, өзгерістерді басқарып, оларға икемделе алатын кадрлармен толықтыру. Төртіншісі – орта (инфрақұрылым, мәдениет)», - деді Алихан Байменов. Сонымен бірге ол мемлекеттік қызметті модернизациялау мемлекеттік қызмет сапасын көтеру үшін керектігін, бұл өз кезегінде мемлекеттік қызмет үдерістерін азаматтар үшін қарапайымдатып, олардың сенімін арттыруға әкелуі тиістігін айтты. Форум барысында мемлекеттік басқару шешімдері тиімділігін жетілдіруде инновациялық технологияларды қолдану, цифрлық трансформацияның әр түрлі қоғамдық қатынастар мен экономика секторларындағы ерекшеліктері сөз болып, Израиль мен Эстония үлгісінде ақпараттық жүйелерді енгізу тәжірибелері талқыға салынды. Қатысушылар мемлекеттік басқару, әлеуметтік сала және экономика салалаларында  заманауи ақпараттық технологияларды қолданудың өзекті мәселелері бойынша ой бөлісті.