• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
01 Желтоқсан, 2016

Мұражай өткізген салтанатты кеш

258 рет
көрсетілді

«Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» атты 25 жұлдызды күнді мерекелеу аясында Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайы «Жұлдызды сағат» атты салтанатты кеш өткізді. Кеш қонақтары алдымен еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне арналған көрмемен танысып, Ғарыштану залына экскурсия жасады. Осы жерде 25 жыл бұрын ғарышқа самғаған тұңғыш қазақ Тоқтар Әубәкіров туралы деректі әңгімелер айтылды. Сонымен қатар, құрылғанына 25 жыл толған «Ақ әжелер» фольклорлық-эт­но­­графиялық ансамбліне құрмет көр­сеті­­ліп, Тәуелсіздіктің құрдастары – №10 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні­нің мұғалімі Жансая Сүлейменова мен тарихи-археологиялық мұражайдың қызметкері Светлана Сефербегова өмір мен еңбектегі жетістік сырларымен бөліс­ті. Ал мұражайдың «Аманат» театр-сту­дия­сы, Амангелді Иманов бастаған ұлт-азат­тық көтерілісінің 100 жылдығына орай, көпшілік назарына «Шабуыл алдындағы түн» атты қойылымды ұсынды. Осы шараның аясында тарихи-архео­­логиялық мұражайдың директоры Зинаи­да Чумакова «Лучший из лучших» халық­аралық байқауының жеңімпазы, жас әнші Райымбек Арыстановты Құрмет грамо­тасымен марапаттады. «Жұлдызды сағат» кездесуіне қаты­су­шылар ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­ды­ғы­на арналған деректі фильмді үл­кен қызығушылықпен тамашалады. Айта кету керек, жақында Астанадағы Ұлттық музейде өткен «Үздік мұражай» респуб­ли­калық байқауында Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайы «Қала­лық маңыздағы үздік мемлекеттік мұражай» деген атаққа ие болды. «Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 не­гізі» акциясының шеңберінде Жезқазған қаласында 40-тан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Оның ішінде жастардың түрлі шаралары, флешмобтар, байқаулар мен дебаттар, көрмелер мен дөңгелек үстел­дер, тарихи-танымдық және шығар­ма­шылық кештер, спорттық сайыстар бар. Таяуда жергілікті университетте халық­аралық Байқоңыров оқулары, «Мәңгілік Ел» идеясындағы Ұлытаудың тарихи мәні» ғылыми-тәжірибелік конференциясы, «Әйел. Қоғам. Дәстүр» атты әйелдер фору­мы, этномәдени бірлестіктердің «Ұрпақ­қа мақтан, дауылпаз дастан, тәуел­сіз Қазақстан» фестивалі өтеді. «Жалтыр­бұлақ» кенішінің алтынды кендерін сілтісіздендіру мен өңдеу кешені және екі бірдей кондитерлік өндіріс те жақында осы акцияның аясында іске қосылады. 25 жұлдызды күннің соңында Жезқаз­ған қаласының тұрғындары мен қонақ­тарына үлкен концерттік бағдарлама тарту етілмек. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы