• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2016

Шыншыл режиссер

185 рет
көрсетілді

Режиссер, продюсер Ақан Сатаевтың есімі отандық студияның «Рэкетир», «Ағайынды», «Адасқан», «Жаужүрек мың бала» секілді фильмдерінен көпке танымал. Өнерлі жандардың отбасында дүниеге келген дарынды бала әке-шешесінің тағдыры елең еткізер адамдардың өмірі туралы жиі айтып отыратын әңгімелерін тыңдап өседі. Балалық шақтан есте қалған бұндай әңгімелердің кейбірі кейін оның өнер жолында оны кино етіп түсіруге түрткі де боп жатты. Оның бірі биылғы жылы ұсынылған режиссердің жаңа туындысы – «Анаға апарар жол» фильмі. Бұл фильм аз уақыттың ішінде халықаралық «Еуразиялық көпір» кинофестивалінде бас жүлдеге ие болғаны есімізде. Режиссер «Астана ақшамы» газетіне берген сұхбатында «Мұнда ең бастысы, із­гілік, патриоттық сезім, анаға, адамзатқа, туған Отанға, отандастарға деген сүйіспеншілік дәріптелген. Кино бүгінгі таңда қо­ғамдағы ең үлкен тәрбие, идеология құралы екені рас болса, бұл картина талай жүрекке жылу береді ғой деп ойлаймын», деді. Бұл фильмнің шыншылдығы кинотеатрға көру үшін барған аға буын көрермендердің қызығушылығынан да аңғарылды. Талай көрермен көзіне жас алды... Ақан Қарғамбайұлының қай киносы да идеясы ізгілікті насихаттайды. Жалпы көпке мәлім деректің бірі, Ақанның шығармашылығы арқылы өз жолын кино өнерінде тауып, айқындап жүрген жас актерлердің (жұлдыздардың) шығуы. Мәселен, режиссердің өз сөзімен айтқанда «Районы» фильмінен 4-5 дарынды балалар шықпақ. Бұл да оның кәсібилігінің бір көрінісі болса керек. Ақан Қарғамбайұлы өз еңбек жолын Т.Жүргенов атындағы өнер шаңырағында білім алған тоқсаныншы жылдары «Аллажар» (1993) және «Жас аккордеоншының өмірбаяны» (1999) фильмдеріне түсуден бастады. Өнер жолын актерлік ойындардан бастаған режиссер талабы әрқашан да өзгеше және жоғары болмақ. Сондықтан болар, Ақанның кейіпкерлерінің рольдері көрерменнің көңіл түйткіліндегі ойлармен астасып, адамның жан сарайындағы айтыла бермейтін сырларды қозғайды. Оның қай фильмі ұсынылса да, көпшіліктің жылы қабылдауына бөленіп отырды. Ол қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғаумен қатар, шығармашылығында тарихи, патриоттық тақырыптарға да орын берді. Бір қызығы, оның түсірген туындылары жасты да, кәріні де кинотеатрға шақырады. Және де жаңа түсірілімді тамашалап қайтқан адам өкінбей, рухани азық алып қайтады десек, артық емес. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ізденімпаз режиссер Ақан Сатаевтың қазақ киносының өркендеуіне қосары әлі алда. Ол алда алатын биік асулары бар нағыз шығармашылық адамы. Бақыт ЖОЛДЫБАЙҚЫЗЫ