«Еуразия-2011» кинофестивалінде қазылар алқасына төрелік етеді
«Еуразия-2011» халықаралық кинофестивалінің басты жаңалығының бірі – қазылар алқасын оңтүстіккореялық, аты әлемге мәшһүр кино шебері Ким Ки-Дук басқармақ.
Ал «Еуразия» кинофестивалінің арғы-бергі тарихын ақтарсақ, 2005 жылы осы фестивальдің «Шығыс» ретроспективалық фильмдер бағдарламасының аясында оның «Арал», «Жаман жігіт», «Көктем, жаз, күз, қыс... және тағы да көктем», «Қаңыраған үй» атты картиналарын тамашалаған екенбіз.
Енді биыл Алматыда жетінші рет ұйымдастырылып отырған халықаралық кинофестивальдің «Ерекше көзқарас» бағдарламасы аясында Ким Ки-Дуктың «Ариранг» атты жаңа фильмі көрсетілетін болады.
Әлемдік кино айдынынан оңтүстіккореялық режиссер өз орнын баяғыда-ақ ойып алған. Картина кімнің режиссурасы екенін көзі қарақты көрермен бірден-ақ байқайды.
Біздің оқырмандар үшін оның өмірінің беймәлім беттерін былай суреттеуге болады. Ол ата-анасының үгіттеуімен барған Сеулдегі ауылшаруашылық мектебін бітірмей жатып-ақ, теңізде әскери қызмет атқаруға бел буады. Осыдан кейін оның өмірі 180 градусқа өзгеріп, бейнелеу өнеріне әуестеніп, Парижден бір-ақ шығады. Араға аздаған уақыт салып, кинотеатрларды әбден адақтап шыққан жігіт режиссер болуға бел байлап, Сеулге қайта оралады. Оның ең алғашқы, яғни 1996 жылы түсірген картинасы «Қолтырауын» деп аталған. Сценарийін өзі жазған Ким Ки-Дук бұл жұмысын «Қарама-қайшылықты және сирек» киноманифест ретінде бағалаған.
Расында да, «қарама-қайшылықты және сирек» делінетін анықтауыш режиссердің стиліне айнытпай берілген баға деп біліңіз.
Оның 2000 жылы экранға жол тартқан «Арал» картинасынан бастап, бүгінгі «Ариранг» фильміне дейінгі жолын алып қарасақ, сирек, анығырағы, ілуде бір кездесетін киношығармалар екенін аңғарасыз.
Мәселен, оның Арал туралы кадрлары ғажайып табиғат сұлулығымен қатар, адамның ішек-қарнын қармақ ілмегімен тілгілеп жатқандай әсер қалдырады. Таңның атысы мен күннің батуы, шулаған толқындар мен кейіпкерлердің үнсіздігі қарсы соққан жел сияқты көрерменді екіұдай сезімге бөлемек.
Фильм бір мезетте кәдімгі адамның физиологиялық тәнін де, жанын да бір тылсым әлемге жетелейді. Режиссердің «Жаман жігіт», «Мекен-жайы белгісіз», «Нақты ойдан шығарылған», «Жағажай күзеті» картиналары жоғарыдағы идеяны ақтап жатқандай әсер қалдырады. Дегенмен, режиссердің зорлықшыл картиналарындағы киношиеленістер өмірден алынған көкейкестілігімен, ащы ақиқатымен де дараланады.
Алайда, режиссердің 2003 жылы экранға шыққан «Көктем, жаз, күз, қыс... және тағы да көктем» фильмі қаталдықтан бас тартқан, әлеуметтік мәселелерден аулақ, буддистік философияға құрылған, таза мифтік картина. Бұл фильмде режиссердің ырғағы мүлде өзгергенін аңғару қиын емес. Көктем шығады, артынан жаз келеді, ұзамай күз болып, сосын қыс түседі. Жыл маусымдары ауысып, шуағын төккен күнді бұлтты жаңбыр алмастырады. Өмір де солай, бала туылады, есейіп, ересек тартып, шалға айналады. Оның орнын ұрпағы басып, дүниеге тағы да сәби келе бермек... Кинематографиялық «өмір өзгерістері» осылайша адамды мынау шет-шегі қайда екені белгісіз тіршіліктің мәніне үңілуге шақырады.
Режиссердің рухани әлемі басқаша салтанат құра бастағанын «Қаңыраған үй» картинасынан да байқауға болар еді. Бұл тек махаббат қана адамдарды мынау бейдауа, материалдық әлемнен ада етіп, тән ләззатынан гөрі, жан рахаты жоғары екенін айтатын жұмыс.
Ким Ки-Дуктың мінезді және көп қырлы образдары оның түпкі ойын біртіндеп жетілдіре береді. Мәселен, жоғарыда айтқан «Қаңыраған үй» картинасындағы кәдімгі пәтердегі материалдық әлем бөлек сипат ала бастайды. Айналар, фотолар мен көпірлер, өзендер басқа субстанцияға көшіп, режиссер қайықтары мен садағын, тағы басқасын біртіндеп жалған дүниенің тұрмыстық метафорасына айналдырады.
Камера да режиссердің қолындағы қылқалам секілді. Ендігі «Ариранг» фильмінде Ким Ки-Дук не айтпақшы? Айтқандай, бұл фильм биыл Канн кинофестивалінің де «Ерекше көзқарас» бағдарламасының аясында бас жүлдені жеңіп алған екен. Бір айта кететін жайт, картинаның режиссері де, сценарийін жазған да, операторы мен суретшісі де, тіпті жалғыз кейіпкері де – Ким Ки-Дуктың өзі.
Өнертанушылардың айтуынша, осы фильмді түсіру үшін режиссер үш жылға таудағы деревняға кетіп, өмірлік сауалдарға жауап іздеген көрінеді.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.
Суретте: режиссер Ким Ки-Дук.