Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға жұмыс бабындағы сапары жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Француз журналистері, әсіресе, Қазақстанның Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы төрағалығына ерекше ынталылық танытты. Осы және басқа да мәселелер Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың L’Essentiel des Relation Internationales журналына сұхбатында көрініс тауып отыр.
– Президент мырза, 3 сәуірде Сіз тағы да табыспен Мемлекет басшысы болып сайландыңыз. Сіздің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешіміңіз не нәрсеге негізделді?
– Бұл оңай емес шешім объективті қажеттіліктен туындады.
Өткен жылдың соңында қазақстандықтардың көптеген тобы менің президенттік өкілеттігімді 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізуді ұсынды. Азаматтарымыздың 5 миллионнан астамы референдум өткізу керек деген пікір білдірді. Барлық демократиялық күштер осы бастаманы қолдап, «Қазақстан-2020» коалициясын құрды.
Ел Парламенті тиісті заң қабылдады. Алайда Конституциялық кеңес оны Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды, бірақ та референдум өткізу мүмкіндігінің өзін теріске шығарған жоқ.
Мен Мемлекет басшысы ретінде Негізгі Заңның гаранты болып табыламын және де оның сақталуын қамтамасыз етуге тиіспін.
Референдум өткізу қазақстандық саясаткерлердің келесі буынына теріс бағдар беруі ықтимал прецедент туғызуы мүмкін еді. Мен мұндай қадамға бара алмадым, өйткені менің мақсатым – демократиялық Қазақстан құру.
Сонымен бір мезгілде, бүкілхалықтық сайланған Президент ретінде менің референдум идеясын қолдаған көптеген сайлаушылардың пікірін ескермеуге құқым жоқ еді. Осындай жағдайда Конституцияға да, халықтың еркіне де қиғаш келмейтін жалғыз дұрыс таңдау кезектен тыс сайлау болды.
Сайлаудың ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы жылында өткізілуінің де айрықша мәні бар. Электоралдық науқанның қорытындылары өткен жолымызға берілген объективті баға болды. Осы маңызды тарихи сәтте біздің халқымыз бейбітшілік және жасампаздық саясатын жалғастыру үшін дауыс берді.
– Президент мырза, Сіз Қазақстанды үйлесімді қоғам мен көптеген мәдениеттің тұрақтылық орталығы етіп қалай құра алдыңыз?
– Біздің Тәуелсіздігіміздің тарихы – бұл барлық этностар достығының жылнамасы.
Қоғамдағы бейбітшілікті, келісім мен тұрақтылықты сақтауды мен Қазақстанның ең басты жетістіктерінің бірі санаймын. Біз мемлекеттік саясаттың негіз қалаушы басымдықтарына айналған толеранттылық, келісім мен діни төзімділік қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыра алдық.
Күрделі жағдайда бізге барлық этностық топтар арасындағы өзара қарым-қатынастың оңтайлы моделін жасаудың сәті түсті. Ол ел тағдыры үшін азаматтық жауапкершілікке, өзара түсіністік пен патриотизмге негізделген. Барлық этностардың тең құқықтылығы біздің заңнамаларымызда бекітілген.
Біз бірегей қоғамдық-саяси институт – Қазақстан халқының Ассамблеясын құрдық. Ол конституциялық мәртебеге ие және ел Парламентіне депутаттар сайлай алады. Өткен жылдар бедерінде Ассамблея ұлтаралық тұтастықтың арқаулық институтына айналды.
Бүгінде біздің ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасында 140 этнос пен 46 конфессияның өкілдері бейбіт қатар өмір сүріп жатыр. Олар мемлекеттік қызметте, бизнесте, ғылымда жұмыс істеп, өздерінің таланттарымен Қазақстанның атын спортта, өнерде бүкіл әлемге танытып жүр.
Бізде ешқашан этностық немесе діни негізде жанжалдар орын алып көрген жоқ. Этносаралық және конфессияаралық келісім біздің саясаттағы, экономикадағы және әлеуметтік саладағы табыстарымызды қамтамасыз етіп, кең ауқымды реформаларды серпінді жүргізуге мүмкіндік берген іргетас болды.
Тәуелсіздіктің 20 жылында біз бірегей, тату қазақстандық отбасын құрдық.
– Қазақстан – Орталық Азиядағы ең табысты мемлекет. Ненің арқасында Сіздің еліңіз экономикалық және саяси тұрғыдан өңірдегі жетекші державаға айнала алды?
– Өткен жылдар ішінде Қазақстан үлкен нәтижелерге жетті. Бүгінде әлемде дамудың бірегей және жемісті моделі ретінде «қазақстандық жол» туралы көп айтылып жүр. Біздің еліміз – жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасындағы ең жемістілерінің бірі. Халықаралық сарапшылар мен әлемнің жетекші мемлекеттерінің көшбасшылары біздің реформалар тәжірибесін табысты деп таниды.
Біз «Қазақстан-2030» Стратегиясына сәйкес алға басып келеміз. 1997 жылы қабылданған дәл осы құжатта мемлекеттің ұзақ мерзімді мақсаттары айқындалып, оларға жетудің нақты жолдары көрсетілген.
Сонымен қатар, дамудың тұтас бір ұзақ мерзімді бағдарламалары жұмыс істеуде. Біз үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын, бизнес қалыптастыру, денсаулық сақтау, туризм, мәдениет және басқа да көптеген даму бағдарламаларын жүзеге асырудамыз.
Бүгінде біздің басты мақсатымыз экономиканы жаңғырту болып табылады. Өткен жылы біз жалпы құны 800 миллиард теңгені құрайтын 150-ден астам жаңа индустриялық нысандарды пайдалануға бердік. Таяудағы екі жылда тағы жалпы құны 8,1 триллион теңге болатын шамамен 300-ден астам нысанды жүзеге асырмақшымыз.
Белгіленген барлық жоспарларды жүзеге асыру Қазақстанның өңірдегі көшбасшылық орнын бекемдеп қана қоймай, әлемдегі бәсекеге аса қабілетті 50 елдің қатарына енуге мүмкіндік беретініне сенімдімін.
Дамудың қазіргі қолда бар деңгейі бізге демократиялық реформаларды белсендірек жүргізуге жағдай туғызып отыр. Осы бағыттағы біздің табыстарымыздың танылуы ретінде өткен жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалығымызды атап айтуға болады. Қазақстан өзін ашық және сенімді мемлекет ретінде көрсете білді. Бұл мәртебені біз одан әрі де сақтау ниетіндеміз.
– Сіз көпвекторлы дипломатиялық бағыт ұстанып келесіз. Сізді аталған модельді қабылдауға не нәрсе итермеледі? Ол «қазақ жанының» этномәдени ерекшелігіне қаншалықты сәйкеседі?
– Достықсүйгіштік, ашықтық және қонақжайлылық – қазақтар менталитетінің басты ерекшеліктері. Біз тең құқықтық және өзара пайдалы әріптестікке ұмтылатындардың барлығымен де сенімді қарым-қатынас құруға дайынбыз.
Қазақстан Еуразияның дәл жүрегінде орналасқандықтан, стратегиялық артықшылықтарға ие. Біз өзіміздің сыртқы саяси бағытымызды жүзеге асыруда бұл жәйтті де есептен шығармаймыз.
Біздің еліміз жетекші көптеген мемлекеттермен тығыз ынтымақтастықта. Ресей, Қытай, АҚШ және Еуроодақ үшін Қазақстан, әсіресе, Орталық Азиямен өзара іс-қимыл мәселелерінде стратегиялық әріптестер болып табылады.
Біздің сыртқы саясатымыз бүкіл Еуразия кеңістігінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Міне, нақ сондықтан біз Орталық Азияда ядросыз аймақ құру идеясын белсенді ілгері жылжытып, ядролық қарудан толықтай бас тарттық.
Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Біздің елордамыз Астана жаһандық конфессияаралық үнқатысу өткізетін ең таптырмас орынға айналды.
Салмақты және бейбітсүйгіш сыртқы саяси бағыт Қазақстанға әлемдік аренада жауапкершілікті және сенімді әріптес ретінде орнығуға мүмкіндік берді. ЕҚЫҰ мен ИЫҰ-ға төрағалық – біздің көпжылғы жасампаздық жұмысымыздың заңды нәтижесі.
Бүгінде Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы достық пен ынтымақтастықтың «көпірі» болып отыр. Біз осы екі көне мәдениеттердің тоғысында орналасқанбыз. Сондықтан еліміздің миссиясы да айрықша – елдер мен халықтардың жақындасуына ықпал ету.
– Сіздің еліңіз ЕҚЫҰ-ға төрағалықтан кейін ИЫҰ-ға жетекшілік ететін болды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мен Астана саммитінің негізгі қорытындылары қандай? Қазақстан ИЫҰ-ға басшылық ету кезеңінде қандай міндеттер атқармақ?
– Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезеңінде үлкен жұмыстар жүргізді және жақсы нәтижелерге қол жеткізді.
Біз Ұйымның қызметіне соны серпін қостық. Оның назарын өркениеттер үнқатысуын нығайтуға, Орталық Азияның экономикалық және экологиялық проблемаларына аудардық.
Қазақстан елордасында 11 жылдық үзілістен соң ұйымдастырылған ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшыларының саммиті аса зор оқиға болды.
Кездесу қорытындылары бойынша Астана декларациясы қабылданды. Ол ЕҚЫҰ дамуының жаңа қырын – Еуроатлантикалық және Еуразиялық қоғамдастыққа біртұтас және бөлінбейтін қауіпсіздік тұрғысынан келу бағытын айқындап берді.
Астанада біз ынтымақтастықтың бұрынғы «Мұхиттан – Мұхитқа дейінгі» деп аталатын деңгейіне қарағанда кеңірек, жаңа координаттарына өттік. Бізге осы кең байтақ кеңістікте қарама-қайшылықтарды жоспарлы түрде шешіп, сенім мен интеграцияны нығайту қажет.
Қазір Батыста мультикультурализм саясатының құлағаны туралы мәлімделуде. Бірақ, Генри Форд айтқандай, адамдар жеңіліс тапқаннан гөрі жиі тізе бүгеді. Мен осы бағыттағы жұмыстар тоқтатылмауы тиіс деп санаймын.
Қазақстан өзінің ИЫҰ-ға төрағалығы барысында Шығыс пен Батысты жақындастыру саясатын жалғастырады. Сондай-ақ біз әлемде исламофобияның таралуына қарсы тұрып, жаһандық және өңірлік қауіпсіздіктің нығаюына ықпал ететін боламыз. Жұмысымыздың маңызды аспектісі антиядролық қызмет болады.
Қазір осы мәселелердің барлығы көкейкесті. Олар адамзаттың ХХІ ғасырдағы дамуына тікелей әсер ететін болады. Қазақстан өзінің ИЫҰ-ға төрағалығы миссиясын жүзеге асыруға үлкен жауапкершілікпен келіп отыр.