М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының өз алдына жеке шаңырақ көтергеніне биыл 50 жыл толып отыр.
Сондықтан бүгін негізін Мұхтар Омарханұлы қалаған Әдебиет және өнер институтының тұңғыш директоры жайында ой қозғаудың еш артықтығы жоқ деген ойдамыз. Иә, қазақ әдебиеті мен өнерін зерттейтін ғылыми-зерттеу институтын Тіл білімінен бөліп, жеке ғылыми зерттеу мекемесі ету бір кездері Мәскеуге бағынатын Қазақстан үшін оңай шаруа болған жоқ. Бірақ, елінің ертеңіне алаңдаған М.Әуезов сынды әдебиет алыбы көздеген мақсатын жүзеге асыру үшін қаншама тер төккенін әділ тарих жасырмақ емес.
Өмірінің соңғы сәттерінде Кунцевада жатып пікірлес, ниеттес інісі М.Базарбаевқа жазған хаттарының дені осы институттың ішкі-сыртқы жағдайларынан сыр шертеді. Ғылымның болашағы жөнінде қатты қамыққаны оның өмірінің соңғы күндерінде сол институттың директорына жазған хаттарынан аңғарылады. Хаттар әдебиеттің кешегісі мен бүгіні, ертеңі мен болашағы жайындағы жобасын жүзеге асырудан бастап, институт қызметкерлерінің еңбекақысына дейінгі мәселелерден сыр шертеді. Ғылыммен айналысатын адамның көңілі ештеңеге алаң болмауын ойлаған М.Әуезов еңбекақыны бірінші дәрежеге көтеруге қаншама тер төкті. Кеңестік дәуір тұсында Қазақ КСР ҒА жағдайы Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов сынды ғалымдардың арқасында өте жоғары болғаны белгілі.
М.Әуезовтің 1946 жылы Ғылым академиясы құрылғаннан бастап, 1961 жылға дейінгі атқарған еңбектерінің дені ұлттық әдебиеттің кешенді тарихын жасауға негізделген. Ол «Қазақ әдебиетінің негізгі проблемалары» (1959 жылғы 15-19 шілде) деген атпен өткен конференцияда жасалған негізгі баяндамалар туралы ойын түйіндей келіп, әдебиеттің тарихын жасамай, оның бүгіні жөнінде әңгіме қозғау орынсыз деп бағалаған. Институт бөлімдерінің негізгі бағдарламаларын жасап, оған бағыт-бағдар сілтеп отырған М.Әуезовтің қазақ әдебиетінің тарихы жөніндегі жобасын Мүсілім Базарбаев жүзеге асырды. ІІІ томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» қазақ-орыс тілдерінде жарық көрді. Әдебиеттің кешенді тарихын жасау оңай шаруа еместігін тәуелсіздік тұсында жасалған 10 томнан тұратын «Қазақ әдебиеті тарихын» зерттеу үрдісіне қарап айқын көз жеткіземіз. Ал, енді оның орыс тілінде жарық көруі өз алдына бөлек әңгіме. Себебі, қазақ әдебиетін зерттеушілердің басым көпшілігі қазақ тілді ғалымдар болып келетіндіктен, әдебиет тарихын жақсы білетін орыс тілді зерттеушілерге зәрулік қатты сезілетін.
М.Әуезов – М.Базарбаевқа тек ұстаз ғана емес, әке, бауыр, дос, жолдас бола білген абзал жан. Сондықтан, Әдебиет және өнер институтының ашылуына (1961), кемеңгер жазушының есімі осы институтқа берілуіне, оның әдеби-мемориалдық музейінің ашылуына (1963), жазушының он екі томдық таңдамалы шығармаларының академиялық жинағын шығаруға белсене атсалысқан адам кім еді дегенде, институттың сол кездегі директоры Мүсілім Базарбайұлы есімінің тұруы заңды. Мұндай игілікті істің дәстүрлі жалғастығын соңғы жылдары жарық көрген жазушының 50 томдық таңдамалы шығармаларының академиялық жинағынан көруге болады. Ол жазушының жетпіс жылдығы қарсаңында «Алып тұлға» атты үлкен ғылыми мақала жазды. Бұл мақала арада қанша жыл өтсе де өзінің өміршеңдігін жоймайтыны белгілі. Мұның бірнеше себептері бар. Онда кемеңгер жазушының адамдық болмысы, табиғи жаратылысы шығармашылығымен бірлікте өріледі. «Мұқаңа лайық төрелікті айту үшін, оның өз дәрежесіне көтерілуі шарт. Биіктен бәрі анық көрінеді», – дейді ғалым. Ал, осы мақаладағы терең ойлы ғылыми тұжырымдар, жазушы шығармашылығына берген бағалар мақала авторының өзі айтып отырған биікте тұрғанын аңғартары анық. Себебі, жанр бойынша топталған жазушы шығармалары жөнінде жүйелі зерттеу жасалып, тың топшылаулар ұсынылған.
Отыздан жаңадан асқан өрімдей жас жігітті мүйізі қарағайдай академиктер мен докторларға, жаңадан ашылған ғылыми-зерттеу институтына директор етіп сайлаудың қандай себептері болды деген сауалға өз замандастары жауап беретін тәрізді. Ол жөнінде академик С.Қирабаев: «Академия қабырғасында Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, С.Кеңесбаев, С.Бәйішев, А.Жұбанов сияқты ғылым корифейлерімен бірге істескен жас Мүсілім олардың тәлімін бойына сіңіріп, ғалымдығына қоса ғылымның көрнекті ұйымдастырушысы ретінде танылды. Оған он жылдық министрлік тәжірибесі қосылып, оны Қазақ Республикасының көрнекті қоғам, мемлекет қайраткері дережесіне көтерді», – деген болатын.
Сондықтан да қай кезде де институттың тұңғыш директоры Мүсілім Базарбаев туралы айту біз үшін маңызды болып саналады. Саналы ғұмырын қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне арнаған М.Базарбаев сонау алпысыншы жылдардың басында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болса, жетпісінші жылдардың басында Қазақ КСР Мәдениет, одан кейін Қазақ КСР Сыртқы істер министрі қызметтерін атқарды. Ал бұдан кейінгі жылдары осы институттың Қазақстандағы орыс әдебиеті мен әдебиет теориясы және әдебиеттану әдістемелігі бөлімдерінің жетекші ғылыми қызметкері, қазіргі қазақ әдебиеті бөлімінің меңгерушісі ретінде ұлт әдебиетінің зерттелуіне үздіксіз үлес қосты. Тәуелсіз Қазақстанның кеңестік дәуір әдебиетін жаңаша бажайлаудың жобасын жасап, соның негізінде жасалған «20-30-жылдардағы қазақ әдебиеті», «40-50-60-жылдардағы қазақ әдебиеті» атты ұжымдық монографиялық зерттеулердің негізгі авторларының бірі және бас редакторы өзі болды. Ол әдебиеттің ақтаңдақ беттерін жинауға, насихаттауға басшылық жасай отырып, алаш әдебиетін зерттеуге мол үлес қосты. Шәкәрім Құдайбердіұлы өмірі мен мұрасы туралы жазылған 1960 жылғы қолжазбаларын қайта қарап, толықтырып, ақынның өмірі мен шығармашылығын қамтитын «Шәкәрім ақын» атты ғылыми мақаласын ұсынды. Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы жөнінде алғашқылардың бірі болып қалам тартты. Ғалымның еліміз тәуелсіздік алған соң, жаңаша көзқараспен жазған еңбектері «Замана тудырған әдебиет» (1997) атты жинағына енді. Ол еліміз егемендік алған соң, қазақ әдебиетінің тарихын қайта қарап, бұрынғы жазғандарын жаңа қырынан толықтырып үлгерді. Осы кітапқа енген «Аттила кім?», «Әдебиетші, ғалым, қоғам қайраткері» (Ә.Бөкейханов туралы), «Шәкәрім ақын», «Құдіретті өлең өнегесі. Мағжан Жұмабаевтың өлең әлемі» сынды тараулар ұлт әдебиетінің ақтаңдақ беттерін зерттеуге қосылған тың да, сүбелі үлес еді. Бұл кітапта ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы алаш әдебиеті жөнінде мол мағлұмат берілгендіктен жоғары оқу орындарында оқулықтың қызметін атқарды.
Тоқсаныншы жылдары М.Базарбаев тарихта Аттила, Атли, Этцель, Еділ, Аттылы аталып жүрген ұлы қолбасшы туралы алғашқылардың бірі болып қалам тербеген ғалым. Түркі дәуіріне дейінгі әдеби жәдігерлерді зерттеу еліміз тәуелсіздік алған соң күшейе түсті. Бұл тұста әдебиетшілер арғы тарих қойнауына үңіліп, түркі халықтарына ортақ жәдігерлерді зерттеуге кірісті. Осы бағытта қазақ әдебиетінің кешенді тарихын тиянақтау мақсатында он томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» зерттелді. Оның екінші томындағы түркі дәуіріне дейінгі әдеби жәдігерлер деп аталатын бөлімінде сақтардың «Алып Ер Тоңға», «Шу» дастандары мен ғұндардың «Аттила», «Көк бөрі», «Ергенекон» дастандары, «Хуастуанифт» әдеби жәдігерлері кеңінен зерттелді. Мұның өзі ғалым ұстанымдарының күн өткен сайын тереңдеп ене бастағандығын байқатады.
Сонымен бірге ол – Алаш қозғалысының көсемі, «Алаш – Орда» партиясының төрағасы Әлихан Бөкейханов туралы да алғашқылардың бірі болып қалам тербеген ғалым.
Өткен жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің бағдарламасы бойынша ғалымның төрт томдық таңдамалы шығармалары академик С.Қирабаевтың «Зерделі ғалым» атты алғысөзімен жарық көрді. М.Базарбаевтың қаламынан туған зерттеулердің ғұмыры ұзақ екендігін оның төрт томдық таңдамалы шығармалары растайды. Бұл «ғалымның хаты өлмейтінінің» көрсеткіші. Ол екі тілде бірдей жазғандықтан, екі томы қазақ тілінде, екі томы орыс тілінде жазылған зерттеулерін қамтыды. І томға «Әдебиет және дәуір», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Ерлік пен еңбек дастаны» (Ә.Нарымбетовпен бірге), «Замана тудырған әдебиет» атты төрт кітабының ішінен таңдаулылары енді. Бірінші бөлімде ғалым қазақ поэзиясындағы ұлттық ерекшеліктердің көрінісін «Қыз Жібектен» бастап, Т.Молдағалиевке дейінгі аралықтан түгелдей келтіреді. Дәстүр – әдебиеттің халықтығы, идеялылығы, өзіне лайық көркемдік ерекшелігі, ұлттық өзгешелігі болса, ғалым бұл еңбегінде қазақ поэзиясындағы ұлттық дәстүрдің бүгінгі жалғасын көрсетеді.
ІІ томға тәуелсіздік тұсында жазылған ғалымның «Көрікті ойдан – көркем сөз» атты кітабы өзгертусіз берілген. Мұнда әйгілі сөз зергерлері М.Жұмабайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ж.Жабаев, А.Тоқмағамбетов, Х.Есенжанов, Ж.Молдағалиев, Ғ.Мүсірепов, А.Нұрқатов, С.Шаймерденов шығармаларын талдап, көркемдік ерекшеліктерін сараласа, ІІІ томда «Образ человека труда в казахской поэзии» (1961), «Живые традиции» (1962), «Национальные традиции и новаторство в казахской поэзии» (1973), «Эстетическое богатство нашей литературы» (1976) атты монографияларының ішінен таңдаулы зерттеулері енген.
Ал ІV томға «Казахская поэзия: художественные искания» (к традициям Абая) (1995) атты монографиясы өзгеріссіз берілген. Абай Құнанбаевтың 150 жылдығы қарсаңында жазылған бұл еңбек ғалымның соңғы жылдары жазылған монографияларының бірі. Тәуелсіздік алғаннан кейін жаңаша бажайлау негізінде жазылған еңбекте кеңестік дәуір тұсында қазақ поэзиясындағы ұлттық ерекшеліктерді тілге тиек ете алмаған ғалым ұлттық нақыштарға ерекше көңіл бөлді. Жоғарыда сөз болған дәстүр жалғастығы бұл монографияда өз тұтастығымен көзге түседі. Себебі, мұнда Абай поэзиясының жалғасы ретінде Шәкәрім, Мағжан шығармалары кеңінен сөз болады.
Ғалымның қасына жақын жүрген шәкірттерінің бірі академик С.Қасқабасов оның 80 жылдық мерейтойында: «Мүсілім Базарбаев өзін көп қырлы талант иесі әрі білікті әдебиеттанушы, эрудициясы мол ғалым, әрі шебер аудармашы, әрі білімді сыншы, көрнекті қайраткер ретінде көрсете білді. Сонымен қатар, өзінен сәл-ақ үлкен және жас шағынан өзіне жақын бір топ ақын-жазушылармен, ғалымдармен жолдас болып, өмір өткелдерінен солармен бірге өтті, солармен бірге қуанды, ренжіді, ғұмыр кешті», – деген болатын. Замандастары айтқан мұндай пікірлер оның ғалымдық та, азаматтық та қырларын аша түсері даусыз. «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты ұжымдық зерттеулердің негізгі авторы және ғылымның шебер ұйымдастырушысы болған ол – қазақ поэзиясының даму жолындағы дәстүр және жаңашылдық мәселесін, кеңестік халықтар әдебиеті мен түркі халықтарының әдебиетін салыстыра зерттеу арқылы әдебиеттер байланысына сүбелі үлес қосқан білікті де білгір әдебиетші.
Гүлжаһан ОРДА, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері.