• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Қыркүйек, 2011

Энергетикалық қауіпсіздік тірегі

587 рет
көрсетілді

Қазір елімізде бұрын-соңды бо­лып көрмеген қарқынды да қуат­ты жоба – 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдар­ла­масының (ҮИИДБ) жүзеге асы­рылып жат­қандығы әрбір қазақ­стандыққа аян болса керек. Ақи­қатын айтар болсақ, Елба­сының тікелей тап­сырмасымен қолға алынған бұл индустрияландыру бесжылдық­та­рының шеңберінде атқарыла­тын жұмыс ел эко­номикасының тә­уел­сіз­діктің 20 жылы ішінде жеткен жетістіктерінен де  ау­қым­ды болмақ. Бұл – ел эко­номикасын 2020 жылға дейін дамудың жаңа асуына шы­ға­рып, ең дамыған елдердің ал­ғашқы шоғырынан орын алуға бас­тамақ. Бұл – ел эконо­мика­сын ши­кізатқа тәуел­ді­лік­тен құт­қа­рып, өркениетті тех­но­­ло­гия­ларға негізделген иннова­циялық жаңа экономика қалып­тастырмақ. Иә, Қазақстан экономикасы да­мудың жаңа сара жолына түс­ті. Алдағы уақытта бұл қарқын бә­сеңдемек емес. Ендеше, эконо­микалық әлеуеті артқан сайын Қазақстан үшін алдағы үш-төрт жылда электр энергиясының тап­шылығы айқын сезілетін болады. Қазақстанның Біріккен электр-энергетикалық жүйесінің болжа­мы бойынша, елімізде 2010 жы­лы электр энергиясын тұтыну са­ғатына 95 миллиард кВт-ға жеткен болса, 2015 жылы сағатына 125 миллиард кВт-ға жететін көрінеді. Соңғы жылдары электр энергия­сын тұтыну мөлшері еселеп өске­ніне қарамастан, елімізде электр энергиясын өндіретін бірде-бір жаңа қуат көзі іске қосылған жоқ. Сонымен бірге, бү­гінде ерекше өткір болып отыр­­ған мәселе – электр энер­гиясы сала­сы­ның негізгі құ­рал-жаб­дық­та­ры­ның ескіруі. Мәселен, электр стансаларының негізгі жаб­дық­та­рының ескіруі 70 пайызды құраса, тарату жүйелері жабдық­тарының 65 пайызы ескірген. Қалыптасқан бұл тығырықтан шығатын жол қайсы? Ол – ҮИИДБ аясында еліміздің энер­ге­тикалық саласын­да жан-жақты модернизациялау жұмыстарын қолға алып, жаңа қуат көздерін іске қосу. ҮИИДБ шеңберінде белгіленген индустриялық ірі жобаларды жүзеге асыру ең алдымен еліміз­дің энергетикалық саласында ин­но­вациялық шараларды жүзеге асырып, бұл саланы модернизациялау арқылы энергетикалық тиімділікке қол жеткізу болып табы­лады. Бұл орайда Павлодар облы­сында жемісті жұмыста­рымен көрініп келе жатқан «Еу­ра­зиялық энергетикалық корпорация» акционерлік қоғамының қол жеткізген жетістіктері ерекше атап айтуға тұрарлық. Еура­зиялық энергети­ка­лық корпорация (ЕЭК) Қазақ­стандағы ең ірі электр қуатын өндірушілердің бірінен саналады. Ол – Батыс Сібір, Алтай және Қазақстанның солтүстік-шығысы­ның энергети­ка­лық жүйелерін біріктіретін рес­пуб­ликамыздағы бас­ты тұғыр­лы энергетикалық кешен. Корпо­рацияға қарасты кәсіпорын­дар еліміз тұтынатын барлық энергия қуатының 17 пайызын өндіреді. Осы корпорация құра­мындағы электр энергиясын көп өндіретін ірі кешен – Ақсу электр стансасы. Ақсу электр стансасының қуат өндіретін алғашқы блогы сонау 1968 жылы пайдалануға берілген екен. Ермак ГРЭС-нің бірінші энергетикалық блогы деп аталған, ал қазіргі Ақсу ЖЭО – Орталық Азия­дағы қуат өндіретін ең үлкен жылу электр орталығы.  Оның құрамына кіретін ең ірі көмір кеніші – «Восточный» көмір разрезі 1985 жылы пайдалануға берілсе, 1992 жылы бұл разрезде 100 миллион тонна көмір өндірілген. 1996 жылы Ақсу ЖЭО мен «Восточ­ный» разрезі «Еуразиялық энерге­тикалық корпорация» АҚ-тың құрамына кірген болатын. Бүгінде ЕЭК Павлодар облысындағы ең ірі электр қуатын өндіруші болып отыр. Ол  облыстағы ең ірі электр тұтынушылар – Ақсу ферроқо­рыт­па зауытын, Қазақстан элек­тро­лиз зауытын, Соколов-Сары­бай кен өндірістік бірлестігін және басқа бірнеше ірі өнеркәсіп орын­дарын қуатпен қамтамасыз етеді. Осыдан бірер жыл бұрын Павлодар өңірінде болғанымызда Ақ­су ферроқорытпа зауытының ди­ректоры Арман Есенжолов былай деген еді: «Біздің өндіріс электр қуатын мейлінше көп қажет ететін кәсіпорын болып табылады «Фер­роқорытпа өнімін экспорттау, электр қуатын экспорттаумен бірдей» деген қанатты сөз тегін айтылмаса керек. Сондықтан біз өндірісімізді 100 пайыз электр қуатымен қамтамасыз ететін Ақсу электр стансасын қайта құруға мүдделіміз». ЕЭК Ақсу электр стансасын­дағы қолда бар барлық 8 энерго­блокты бірте-бірте қайта құру мақсатындағы ірі жобаларды 2001 жылы қолға алған болатын. Өткен мерзімде №1, №3 және №4 энергоблоктарды кешенді модернизациялау жұмыстары жүзеге асырылды. Бұл стансадағы ең қуатты №2 энергоблок 1996 жылы жұмысын тоқтатқан болатын. Блоктың барлық жабдықтары ескіріп, ел экономикасы тоқырауға ұшыраған 90-шы жылдарда қар­жы тапшылығынан оны жаңғыр­ту­дың ешқандай мүмкіндігі бол­мады. Ел экономикасы дамып, өңірде энер­гия тапшылығы сезіле бастаған­нан кейін бұл ірі қуат өндіру кешенін модернизациялап, қайтадан іске қосу жұмысы 2008 жылы қолға алынды. №2 энер­гоблокты қайта жабдықтау жұмы­сына  250 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Бұл ірі жоба ҮИИДБ-ға кіргізілді. «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ президенті Абдуазим Рустамбаевтың айтуын­ша, Ақсу стансасындағы №2 энерго­блокты модернизациялау ТМД шеңберіндегі мемлекеттер шежіресіндегі аса елеулі оқиға болды. Біріншіден, ТМД елде­рінің элек­тр стансаларында еш­қа­шан қуа­ты 300 МВт. болатын энер­гоблокты қайта құру жұ­мысы жүргізілген жоқ. Екіншіден, жүздеген тонна салмағы бар қуат өндіретін қон­дырғыларды жұмыс істеп тұрған станса жағдайында блокқа орнату және оны стан­саны тоқтатпай іске қосу ерекше шеберлік пен әле­уетті қажет ететін шара еді. №2 энергоблокты қайта құру барысында электр қуатының тиімділігін беретін барлық қондыр­ғылар ауыстырылды. Әлемге та­нымал атақты компаниялардың үздік технологиялары арқылы жа­салған қуатты турбогенератор іске қосылды. Сондай-ақ, озық техно­ло­гиялы бу қазанының агрегат­тары, генераторлар мен трансформаторлар алмас­тырыл­ды. Энер­гоблокты модернизациялау бары­сындағы ин­но­вациялық жұмыстар шең­берінде ауаға тара­тылатын зиянды заттардың 99 пайы­зын ұс­тап қалатын швей­цариялық «Альстом» фир­ма­сының бірнеше са­ты­лы электр сүзгілері ор­натыл­ды. №2 энергоблок­ты іске қосумен бірге еңбек қауіп­сіздігінің сапа­сын артты­ратын авто­мат­танды­рыл­ған жаңа бас­қару жүйесі жа­сал­ды. Сөйтіп, жаңадан іске қо­сылған бұл энерго­блоктың өндіре­тін электр қуаты 325 МВт-ға жеткізілді. Бұл инно­ва­ция­лық модернизациялау ша­расы Ақсу электр стан­са­сында өнді­рі­летін барлық электр қуаты­ның көлемін 2425 МВт-ға жеткізуге мүмкін­дік берді. Басқаша айтсақ, Ақсу жылу электр стансасының жаңа №2  энергоблогы қуа­ты 100 Вт. бола­тын 3 250 000 электр шамын қуат­пен қамтамасыз етеді. Бүкіл Ақ­төбе облысын электр энергия­сы­мен жаб­дық­тай алады. Ақсу сияқ­ты 30 қаланы тұтастай жа­рық­пен қамтамасыз етуге мүм­кін­дігі жетеді. №2 энергоб­локтың қазіргі электр қуа­тын өндіру мөлшері 436 мың аттың күшіне немесе 3500 жеңіл автокөлік күшіне тең. Үстіміздегі жыл­дың тамыз айында  Пав­ло­дар облысында жұ­мыс сапарымен бол­ған Мем­лекет басшы­сы Нұр­сұл­тан Назарбаев Ақсу электр  станса­сының толық қайта құ­рудан кейін іске қосыл­ған №2 энер­гобло­гы­ның жұ­мы­­сымен та­нысып, елімізде қа­был­дан­ған ҮИИДБ-ні іс жүзіне асыруда энер­ге­тик­терге жүк­телер мін­дет­тің зор екендігін атап көрсетті. «Павлодар өңірі бүгінде елімізге қажетті электр қуатының 40 пайызын береді. Оның ішінде сіздердің де станса­ларыңыз бар», деді Елбасы. Еліміз­дің энер­ге­ти­калық қа­­уіп­­сіз­дігін қам­тамасыз етуде «Еура­зиялық энер­гетикалық корпорация» АҚ-тың атқарып отыр­ған жұмысы шын мәнінде ау­қымды. Биылғы жыл­дың 6 айы ішінде корпорация  6 899,8 миллион кВт. сағат электр энер­гиясын, 10 195,5 мың тонна көмір өндірген. Үстіміздегі жы­лы корпорация Ақсу электр стан­сасының қуаты 325 МВт. №6 элек­троблогын модернизациялау жұ­мы­­сын бастап кетті. Оған корпорация та­рапынан 265 миллион АҚШ дол­лары кө­ле­мін­де қар­жы бөлінген. Бұл ірі жоба 2013 жы­лы іс­ке қо­сыл­мақ. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.