• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
23 Қыркүйек, 2011

Стратегиялық серіктестік серпіні

396 рет
көрсетілді

Бүгін Халық өкілдері Бүкілқытай жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы У Бангоның Қазақстанға сапары бас­та­лады. Бұл Қытай Парламенті басшысының Қазақ еліне ал­ғашқы сапары болып табылады. Осы оқиғаға орай біз Қы­тай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Тө­тенше және өкілетті елшісі Чжоу ЛИДІ әңгімеге тартқан едік. – Құрметті елші мырза, әуелі Халық өкілдері Бүкілқытай жи­на­лысы Тұрақты комитетінің Төр­ағасы (ХӨБЖ ТК) У Бан­го­ның Қазақстанға алдағы сапары туралы әңгімелесеңіз. – Қазақстан Парламенті Се­на­тының Төрағасы Қайрат Мәмидің шақыруы бойынша Халық өкілдері Бүкілқытай жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы У Банго 23-27 қыркүйек аралығында Қазақ­стан­ға ресми достық сапармен келеді. Аталған сапар барысында ХӨБЖ ТК Төрағасы У Банго Алматы және Астана қалаларында болып, онда Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен, Парламент Сена­ты­ның Төрағасы Қайрат Мәмимен, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановпен және Ал­маты қаласының басшылығымен кездесіп, келіссөздер жүргізеді деп күтілуде. Келіссөздер мен кездесулерде түрлі салаларда, атап айт­қан­да, парламенттік желілер бойынша, сондай-ақ екі ел басшыларының уағдаластықтарын жан-жақты жү­зе­ге асыру мәселелері жөнінде екі жақты ынтымақтастықты дамы­ту­дың жай-жапсарлары талқылана­тын болады. Сонымен бірге, екі та­рапты да қызықтыратын халық­ара­лық және өңірлік мәселелер бой­ын­ша егжей-тегжейлі пікір алы­су­лар жүретіндігі ойластырылған. ХӨБЖ ТК Төрағасы У Банго, сонымен қатар, екі ел іскер топ­та­ры арасындағы кездесуге де қаты­сатын болады. Екі жақ аталған сапарға ауқымды да мұқият дай­ын­дық жұмыстарын жүргізе отырып, оған үлкен маңыз беруде. Бірлескен күш-жігердің арқасында бұл сапардың оң нәтижелер беретініне сенімім кәміл. – Қытай тарапының баға­лау­ын­ша, ХӨБЖ ТК Төрағасы У Бан­гоның Қазақстанға бұл сапа­рының маңызы қаншалықты? – Аталған сапар ХӨБЖ ТК Төр­ағасы У Бангоның Қазақстанға ал­ғаш­қы сапары және Қытай мен Қазақстан басшылығының үстіміз­дегі жылдың маусым айында екі елдің жан-жақты стратегиялық әріп­тестігі орнатылғаннан кейінгі алғашқы кездесуі болып отыр. Алдағы сапар 2011 жылдың екі жақты байланыстардағы жоғары деңгейлі тағы бір айтулы оқиғасы болмақ. Бұл екі елдің басшылығы Қытай-Қазақстан қарым-қатына­сын дамытуға үлкен маңыз беретінін кезекті мәрте айқын көрсетеді. Аталған сапар Қытай мен Қа­зақ­стан арасындағы жан-жақты стра­тегиялық әріптестікті одан әрі сенім тұрғысынан тереңдетіп, өзара іс-қимыл деңгейін жоғарылатуға соны серпін қосатынына сенімділігімді білдіремін. – Сіз Қытай-Қазақстан қа­рым-қатынасының қазіргі жағ­дайы мен перспективасын, оның ішінде экономикалық, гумани­тар­лық және басқа салалардағы ын­тымақтастығын қалай баға­лай­сыз? – Қытай мен Қазақстан ара­сында дипломатиялық байланыс орнаған 20 жылға жуық уақыттан бері екі ел басшыларының үлкен қолдауы мен қамқорлығының және ортақ күш-жігер жұмсалуының нәтижесінде екі жақты қарым-қа­тынастардың саламатты да тұрақ­ты оң даму үрдістері өзгеріссіз сақталып келеді. Бүгінде Қытай-Қазақстан қарым-қатынасы өз даму тарихындағы ең озық кезеңін ба­сы­нан өткеруде. Тараптар жоға­ры деңгейдегі байланыстарды жан-жақты қолдап, саяси өзара іс-қи­мыл­ды үзіліссіз нығайту үстінде. Екі елдің сауда-экономикалық, қар­жы­лық, энергетикалық, көліктік, ғылыми-техникалық салалардағы ықпалдастығы да әр кез арта түсіп отыр. Қытай мен Қазақстанның мұ­най және газ құбырлары іске қосылған, шикізаттық емес секторда бірқатар жобалар табысты жү­зеге асырылуда. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2010 жылы 20 миллиард 400 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл – алыс-беріс көлемі дипломатиялық қарым-қа­тынас орнаған бастапқы кезеңмен салыстырғанда 50 еседен астамға ұлғайды деген сөз. Екі мемлекет басшылары тауар айналымын 2015 жылға қарай 40 миллиард доллар деңгейіне жеткізу мақсатын қойып отыр. Қытай мен Қазақстанның гу­манитарлық байланыстары да үздіксіз даму үстінде. Өңіраралық достық қатынастар белсенділігімен ерекшеленуде. Қазақстанда қытай тіліне деген қызығушылықтың сезінерліктей деңгейде өскені де біздің халықтарымыздың өзара түсіністігі мен достығын нығайта түсетін факторға айналған. Халық­тарымыздың саналарына «мәңгілік бейбітшілік пен достық» идеясы тереңдей енген. Тараптар екі жақ­тың мүддесіне теңдей қатысты маңызды мәселелерде бір-біріне шешімді түрде қолдау көрсетіп келеді. Қазақстан мен Қытай БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК сияқты көп қырлы құрылымдарда тығыз да үйлесімді өзара іс-қимыл танытып отыр. Мұның өңірдегі, және тұтастай алғанда, дүние жүзіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде ықпалы зор. Қытай жағы екі жақты қарым-қатынастың даму деңгейіне қанағаттанушылық білдіреді және мұны ізгі көршілік пен достықтың және ынтымақтастық­тың өңірге, тұтастай алғанда, бүкіл әлемге үлгі боларлық үрдісі деп есептейді. – Сіз Қытай-Қазақстан қа­рым-қатынасының перспекти­ва­ларын қалай қарастырасыз? – Қытай-Қазақстан қарым-қа­ты­насының өміршеңдік бастауы олардың екі халықтың мүддесіне де толықтай жауап беретіндігінде жатыр және екі жаққа да нақты тиімділік әкелетін, тараптардың тұ­рақ­тылық пен даму талабын толық деңгейінде қамтамасыз ететін өз­ара тығыз байланыстармен өлше­неді. Бүгінде екі ел арасындағы қарым-қатынас екі жақты шең­берден шығып, маңызды страте­гия­лық мәнге ие бола бастады. Алдағы жылдың 3 қаңтарында Қытай мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық байланыстың ор­на­ғанына 20 жыл толады. Бұл айтулы күнді екі жақ та салтанатты рәуіште атап өтетін болады. Өткен 20 жыл екі тараптың да әлеуметтік-экономикалық дамуында, мемлекеттілік құруында, сондай-ақ стра­те­гиялық әріптестігімізді терең­детуде орасан табыстарға жеткен жылдар болды. Қазіргі кезде Қы­тай мен Қазақстан жаңа тарихи сатыға аяқ басты. Өткен 20 жыл бедеріндегі жинақталған бағалы тә­жірибеміз бен ынтымақтастықтағы қол жеткізген зор табыстарымыз біздерге одан әрі де серпінділікпен ілгері жылжуға жағдай туғызады. Бүгінгі таңда елдерімізде жаңа бесжылдық даму бағдарламаларын жүзеге асыру үдерістері жүріп жа­тыр. Бұл біздерге екі жақты қарым-қатынастарымызды дамытуда жаңа мүмкіндіктер ашады. Өзара сенімділік пен өзара іс-қимылдың және бірлесе дамудың жоғары рухын бас­шылыққа ала отырып, біз Қа­зақстан тарабымен бірге ынты­мақ­тастығымызды ең түрлі деңгей­лерде және ең түрлі бағыттарда стратегиялық әріптестік тұрғы­сы­нан одан әрі де жан-жақты дамыта беруге мүдделіміз. – Әңгімеңізге рахмет. Тату көрші әрі стратегиялық әріптес екі ел арасындағы байланыс­тарды тереңдете түсуге үлес қосу жолындағы дипломатиялық қыз­метіңізге табыс тілейміз. Әңгімелескен Самат МҰСА, Астана.