Кеше Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болып, онда төрт мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі хаттамаларды ратификациялаудан өткізген депутаттар білім беру мәселесіне ерекше назар аударды.
«Білім туралы» Заңға өзгерістер мен толықтыруларды қарастыратын заң жобасы бойынша баяндаманы Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жасады. Министрдің мәлімдеуінше, еліміз 2015 жылдан бастап кезең-кезеңімен 12 жылдық білім беру жүйесіне көшетін болады. Сондықтан да заң жобасында орта білім сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлініпті. Білім сапасын бақылау тетігінің болмауынан осы салада кемшіліктер көбейіп кеткендігін алға тартқан Б.Жұмағұлов дамыған елдерде (Финляндия, Норвегия, Жапония, Франция және тағы басқаларында) бақылау орталық атқарушы органға жүктелгендігін ерекше айтып кетті. Осыған сәйкес облыстарда білім сапасын бақылаудың вертикалы құрылатыны белгілі болды.
Оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың сапасына қойылатын талаптар күшейіп отыр. Ендігі жерде бұл бағытта қатаң сынақ өткізіліп, мониторинг жасалады деп күтілуде. Министр бейіндік мектептердің құқықтық мәртебесі анықталғандығын да тілге тиек ете кетті. Осы орайда педагогтардың мәртебесін көтеру, олардың біліктілігін арттыру уақыт талабына айналғандығын айтқан жөн. Бұл үшін ваучерлік модульдік жүйе енгізіліпті. Енді ұстаздар біліктілігін арттыру үшін қалаған оқу орнын, тіпті шетелдік орталықтарды да таңдау құқына ие.
Мұғалімдердің әлеуметтік жағынан қорғалуын күшейтетін баптар да заң жобасынан көрініс тапқан. Оқушылардың біліміне сырттай бақылау енгізіліп, ол компьютерлік тестілеу әдісімен жүзеге асырылады. Сырттай бағалау мектептер мен жоғары оқу орындарында да қолға алынбақшы. Жоғары оқу орындары алты санатқа бөлінетіні белгілі болып отыр. Енді ұлттық зерттеу университеті, ұлттық жоғары оқу орындары, зерттеу университеттері, университеттер, академиялар және институттар болады.
Заң жобасында мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған медициналық және педагогикалық мамандықтардың түлектеріне ерекше көңіл бөлінген. Оларды міндетті түрде жұмысқа орналастыру қарастырылса, бұл – әлеуметтік сала үшін өте маңызды. Жоғары оқу орындарымен қауымдастырылған профессор (доцент) атақтарын беру құзіреті алынып тасталды. Бұдан былай осы ғылыми атақтар жаңа талаптарға сәйкес берілетін болады. Білім беру ұйымдарының ерекше мәртебесі де назардан тыс қалмапты. Министрдің пайымынша, бұл – әлемдегі үздік университеттерге тән академиялық еркіндікке қол жеткізу үшін жасалған үлкен қадам. Заң жобасына техникалық және кәсіптік білім беру мәселесінде әлеуметтік әріптестік және кооперативтік оқыту нормалары енгізілген. Әлеуметтік көмек алатын азаматтар санаттарының нақты тізбесі жасалып, мемлекеттік стипендияға құқығы бар білім алушылардың санаттары да анықталыпты.
Министр осындай қысқаша баяндамасынан кейін депутаттардың сауалдарына жауап берді. Оқу құнының қымбаттығы мен тестілеу тәсіліне қатысты сұрақтар көп қойылды. Сондай-ақ ауыл мектептерінің техникалық базасының нашарлығы, мұғалімдер біліктілігінің төмендігі көтерілді. Сенат Төрағасы Қайрат Мәми де өзі тарапынан бірқатар сұрақтар қойып, заң жобасының барынша сапалы шығуына мүдделілік танытып отырды. Сөйтіп, заң жобасы Сенат енгізген өзгерістерімен Мәжіліске жіберілді.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Құқық қорғау қызметін жетілдіру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Парламент Мәжілісіне жіберілді. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына Сенат 70-тен астам өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.