Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Уәлихан Қалижанов Польша Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Яцек Ключковскимен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Депутат елшімен екеуінің әріптес екендігін айтып, кезінде «Егемен Қазақстан» газетінде бас редактор болып жүргенінде Польшада болып, Президент Квасьневскиден сұхбат алу мүмкіндігіне ие болғанын еске алды. Енді елші болып келген әріптесінің екі ел арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
Елші өз кезегінде өзінің парламенттік іс-тәжірибесі барын, бірнеше жыл Польшаның Парламентінде аппарат басқарғанын, ендігі негізгі жұмысы Польша мен Қазақстан арасындағы байланыстарды жандандыру деп білетінін мәлімдеді. Бүгінге дейінгі экономикалық қарым-қатынастардың өркендеп, өткен жылғы екі ел арасындағы тауар айналымы 1 миллиард 600 миллион АҚШ долларына жетіп отырғанын хабарлады.
Кездесуде Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты орнықтыруға байланысты «Еуропаға жол» бағдарламасын жүзеге асыру мен ЕҚЫҰ-ға төрағалық кезінде де Польшаның қазақстандық саясатты қолдағаны айтылды. Сондай-ақ, жүздесуде 9 қазанда өтетін Польшадағы парламенттік сайлауды ойдағыдай өткізу жайында да әңгіме болды.