Ауылдағы кәсіпкерлікті қолдау қажет
Ал оның басты тетігі шағын несие беру болып табылады
Елбасы өзінің биылғы Жолдауында Үкімет алдына нақты міндет қойған болатын. Ол – 2020 жылға дейінгі жұмыспен қамту бағдарламасы. 2020 жылға дейінгі бағдарлама мақсатының бірі: – ауылда кәсіпкерлікті өсіп-өркендету; – экономикалық жұмыспен қамту шаралары бойынша өз бетімен жұмыс істеушілерді, жұмыссыздарды, табысы аз отбасыларын осы бағдарламаға қатыстыру. Ауылдағы кәсіпкерлікті қолдаудың басты механизмі шағын несие беру болып табылады (микрокредитование). Қазіргі кезде Статистика агенттігінің есебіне сәйкес 2011 жылдың 1 тоқсанында республика бойынша берілген несиенің орта есеппен алғандағы сыйақысы 19 пайыздан 30 пайызға дейін өзгеруде. Мұндай жоғары несиелік пайыздар және күрделі несие алу үрдісі кәсіпкерлерді несиелік тәуелділікке түсіреді, сонымен қатар, өндірілетін тауарлардың өзіндік құнын жоғарылатуға итермелеп, бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. – Қазіргі жағдайда, ауылдық кәсіпкерлер алдындағы күрделі мәселенің бірі – ол банктерге қойылатын кепілдік. Саман үйлер мен жер телімі кепілдікке алынбайды. Сонымен бірге, өтімділік коэффициенті өте төмен. Сонымен қатар, міндетті түрде берілетін кірісті растау және бизнес жобасын дайындау ауылдағы жұмыссыздар үшін үлкен шешілмейтін мәселе болып отыр. Осымен бір мезгілде, 2007-2008 жылдардағы дағдарысты ескеретін болсақ, банктердің кәсіпкерлерге беретін несие көлемі бірқатар төмендеген. Төмен көлемдегі қаржы бөліну себебі: – ауылдағы кепілдік қамсыздандырудың төмен өтімділігі; – микрокредиттік ұйымдардың және банктердің пайыздық ставкаларының жоғарылығы; – қарыз алудың күрделі процедурасы (жастың шектелуі, кірісті растау, қарыз алудың қымбат сақтандыруы, бизнес жобасын дайындау және т.б.); – инвестициялардың көбі ірі және күрделі жобаларға беріледі; – Оңтүстік Қазақстандағы басты тауар өндірушілер ұсақ кәсіпкерлерді құрайтындықтан, несие алу қиынға соғады. Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының көпшілігі ауыл тұрғындары болғандықтан (62,5 пайыз – 1,5 млн. адам), бұл мәселенің маңыздылығы мен ауқымы зор. Ұзақ уақыт тиісті деңгейдегі несиелендіру жұмыстары болмағандықтан, аймақта әлеуметтік-экономикалық дағдарыс туындап отыр, олар: – жұмыссыздық; – ауыл тұрғындарының облыс орталығына жылыстауы; – жергілікті бюджетте қосымша қаржы көздерінің жоқтығы; – қылмысты ортаның тереңдеуі; – ауыл тұрғындарының төмен әлеуметтік күнкөріс деңгейі; – ауру-сырқаулық деңгейінің жоғарылауы мен осы мәселелерден туындайтын қиындықтар; Осыған орай әлеуметтік-экономикалық жағдайды дамытудың түбегейлі шараларын қолдану арқасында қаржыландыруға мұқтаж халықтың жағдайын жақсарту қажеттігі пайда болды. Сол сәтте жергілікті атқару органдарының шешімімен аймақтық қаржы институтын құру ұйғарылды. Бұл шешім ел Үкіметінің хаттама тапсырысына және мемлекеттің 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық бағдарламасына сәйкес келетінін айту қажет. Бағдарламаның маңызды мақсатының бірі – ауылдағы халықтың әл-ауқатын, ауылшаруашылық тауар өндірушілерін жеңіл несиелендіру мен шағын несие беру, ауылшаруашылық техникасын, арнайы техника мен құрал-саймандарды лизингке беруді дамыту арқылы көтеру болып табылады. Бұл тұрғыда аталған мәселеде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі «Максимум» аймақтық инвестициялық орталық жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетістіктерін айтуға болады. Бүгінгі уақытта, «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы басқа қаржы мекемелеріне қарағанда Оңтүстік Қазақстан облысындағы бірегей үлгілі қаржы институты болып отыр: Бүгінгі күні «Максимумның» таза пайдасы 123 млн. 834 мың теңгені құрайды. Ең маңыздысы, қаржы жылы аяқталған уақытта «Максимум» өзінің таза пайдасынан дивиденттер ретінде жергілікті бюджетке қомақты қаржы бөледі екен. Ағымдағы жылы «Максимум» облыстық бюджетке шамамен 55 млн. 596 мың теңге құйған. Жоғарыда айтылғанның негізінде және «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы өңірлік қаржы институты дамуының оң тәжірибесін ескере отырып, оның оң тәжірибесін қорыту және елдің басқа облыстарында «Жол картасы» мен «Жұмыспен қамту-2020» сияқты республикалық мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың құралы ретінде сәйкес үлгіні орнату туралы мәселені қарастыру қажет. Ұсыныстың нақтылы жүзеге асырылуы жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарының ашылуына, салық салу қорының ұлғаюына, аймақтың іскер белсенділігінің жоғарылауына және тез арада экономика тынысының кеңеюіне үлес қосады. Берік БЕКЖАНОВ, Мәжіліс депутаты.