Қызылжар өңірінде «Қоғамды идеялық топтастыру – Қазақстан дамуының маңызды бағыты» деген тақырыпта үкіметтік емес ұйымдардың кезекті форумы өтті. Оған 250-дей делегат қатысып, түрлі мәселелер бойынша пікір алысты. Тәуелсіздік жылдарында қол жеткен табыстар қорытындыланды.
Облыста 260-қа жуық ҮЕҰ жұмыс істейді. Уақыт өткен сайын олардың белсенділігі артып, билік орындарымен қарым-қатынасы нығайып келеді. Сан-салалы бағыттар бойынша әлеуметтік маңызы зор 200-ден астам жоба қабылданып, 134 миллион теңге жұмсалды. «Қызыл Жарты Ай», қалалық мүгедектер қоғамдарының, «Адон-Север» бірлестігінің іс-тәжірибелері жан-жақты қолдауға ие. Облыстық іскер әйелдер ассоциациясының бастамасымен жер-жерлерде әйелдер клубы құрылып, аз қамтылған отбасылар үшін әлеуметтік дүкендер ашылды. Жас ұрпақ бойына қазақстандық патриотизмді ұялатуда 66 мың балғынды біріктіретін «Жандостар» балалар ассоциациясы атқарған шаруалар айтарлықтай.
Алда бұдан да зор міндеттер тұр. Осы орайда жиында облыс әкімі Серік Біләлов сөз сөйлеп, ел өміріндегі ҮЕҰ-лардың маңызды рөлін атап өтті. Азаматтық институттардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды ұсынды. Келесі жылдан бастап әлеуметтік қаржыландыруды жергілікті бюджет есебінен шешуді тиісті орындарға міндеттеді.
Форумда жылдың үздік үкіметтік емес ұйымдарының конкурсы қорытындыланып, 14 аталым бойынша жеңімпаздар анықталды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
Солтүстік Қазақстан облысы.