• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Қыркүйек, 2011

Қазақстан қауіпсіз әлем құруға көмектесуде

1399 рет
көрсетілді

«Нью-Йорк Таймс газеті, 22.09.2011 ж.»

Үстіміздегі жылдың 29 та­мызында Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жапқанына 20 жыл толды. Бұл полигонда Кеңес Ода­ғы қуаты Хиросимаға тас­талған атом бомбасынан 2500 есе күшті 450 ядролық зарядты сынақтан өткізген еді. Әлемдік қо­ғам­дастық бұл датаның ма­ңызына және ядросыз дамуды бастаған Қазақстанның қазіргі ахуалына лайықты бағасын беруі керек. Бүгінгі күні Қазақстан ядро­лық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен ядролық қару-жарақтан азат әлем құру жөніндегі ха­лықаралық әрекеттердің ал­дыңғы шебінде келеді. Бұл ел өз тәуелсіздігін алғанға дейін де, алғаннан кейін де осы іс жолында батыл қадамдар мен нақты әрекеттерге барды. Қазақстанның ядролық қа­руды таратпау мен ядролық қарусыздану бағытындағы әлем­дік бейбітшілікті сақтауға қосқан үлесінің тарихы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы дүние жүзінде ауқымы жөнінен екінші орын алатын Семей ядролық поли­гонын жабу туралы көреген шешімінен басталды.  Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бұл бағыттағы жұмысын одан әрі тереңдете түсті. 1994 жылы Президент Н.Назарбаев АҚШ-тың «Нанн-Лугар» бағдарла­ма­сы шеңберінде ынтымақтаса оты­рып, өзіндегі ядролық қа­рудан өз еркімен бас тартты. Бұл іс Украина мен Беларусьтің де қолдарында бар ядролық арсеналдан бас тартуына түрткі бол­ды. Айта кететін жәйт, Қазақстан аумағында сол кезде Франция, Ұлы­британия және Қытайды қоса есептегендегіден де көп 1400 ядролық оқтұмсық болған еді. Содан бері Қазақстан ядролық қару-жарақ пен оның тиісті ин­фрақұрылымынан толығымен арыл­­­ды. АҚШ-пен және Ресеймен ынтымақтаса отырып, МАГАТЭ-мен де өзара тығыз іс-қимыл жасап уранды байытуды төмендету және ядролық материалдар мен жабдықтардың қауіп­сіздігін қам­та­ма­мыз ету бағы­тындағы шара­лар­ды бүгінгі күні де жалғастыруда. Сонымен бірге, жаңа жобалар жос­парлары әзір­ле­нуде, демек Қа­зақ­станның ядролық қаруды таратпау режіміне қосып отырған үлесі әлі де үлкен деп айтуға болады. 2009 жылы Қазақстан мен Орталық Азиядағы төрт мем­лекеттің Солтүстік жарты шарда бірінші болып ядросыз аймақ құру туралы келісімі күшіне енді. Сол жылы Қазақстан МАГАТЭ-нің бақылауымен өз аумағында ядролық отын қалдықтарының Халықаралық банкін құру туралы ұсыныс жасады. Және сол кезде ресми Астана БҰҰ-ға Ядролық қарудан азат бейбіт әлем үшін күрес күнін белгілеуді ұсынды. БҰҰ Бас Ассамблеясы бұл ұсы­нысты бірауыздан қолдап, 29 та­мызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады және әлемнің бар­лық елдерін оны атап өтуге ша­қырды (Бұл күн – Семей ядролық полигонының жабылған күні). 2010 жылдың сәуір айында Президент Н.Назарбаев 47 мемлекет пен халықаралық ұйым­дар басшыларының сапында Вашингтонда болған Ядролық қауіпсіздік жөніндегі бірінші жаһандық саммитке қатысып, Қазақстанның ядролық қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету және ядролық қару-жарақтан азат әлем құру бойынша бірінші кезектегі қажетті шаралар туралы ұстанымын жария етті. Онда Қазақстан Президенті әлемдік қоғамдастықты Ядролық қару­ды таратпау туралы келісімді нығайтуға, Ядролық сынақ­тар­ға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) тезірек күшіне енуіне ықпал етуге, ыды­райтын материалдарды өн­діруге тыйым салу туралы шарт әзірлеуге және ядросыз әлем туралы жалпы дүниежүзілік декларация қабылдауға шақырды. Былтырғы қараша айында Қазақстан АҚШ және МАГАТЭ-мен ынтымақтаса отырып, Ақ­тау қаласындағы БН-350 реак­то­рынан 10 тоннадан артық жо­ғары бай­ы­тылған уран мен 3 тонна қару-жа­рақтық плутонийді шығару жо­ба­сын аяқтап, оларды ұзақмерзімді сақтауды ұйым­дас­тырды. Бұлар 800 ядролық оқ­тұмсықты жасауға емін-еркін жететін шикізат еді.   Осы оқиға ядролық қаруды таратпау ісіндегі жаңа кезеңге аяқ бас­қандықты көрсетті және жа­һан­дық қауіпсіздікті қамта­масыз етуге қосылған маңызды үлес болды. Жуықта жасаған арнаулы жолдауында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун: «Биылғы Ядро­лық сынақтарға қарсы іс-қимылдың ха­лықаралық күні Қазақстандағы Семей ядро­лық полигонының жабылғанына 20 жыл то­луымен тұспа-тұс келіп отыр. «Қырғи-қабақ соғыс» жылдарында мың­да­ған ядролық сы­нақ­тар жергілікті тұрғындар мен қоршаған ор­таға айықпас дерт салды. Адам­зат тари­хын­дағы қара тү­некті тарау болған осынау орын­ды көрген соң мен сынақтардың зардап­тары­мен әлі күнге күресіп жатқан Қазақстан халқы мен үкіметіне толық қолдау білдіремін. Осы трагедияның сұмдық зар­даптарын жою жо­лында жа­са­лып жатқан күш-жігерді жоғары бағалаймын», деген еді. Одан әрі Бас хатшы: «ЯСЖТШ-ға әлі күнге қол қоймаған немесе ратификацияламаған бар­лық елдерді бұл істі бірінші кезекте ор­ындауға шақырамын. Осы мақ­сатқа қол жеткізсек, ядролық қа­ру­дан азат әлем құру жо­лын­дағы өсіп келе жатқан қозғалыс нығая түсетін болады. Әр күн сайын ядролық сы­нақтар мен ядролық қару-жарақ «қырғи-қабақ соғыс­тың» тарих қоқысына тастайтын қауіпті қалдықтары екеніне мил­лиондаған адам­дардың көзі жетіп келеді. Ядролық сы­нақ­тар­ға қар­сы іс-қимылдың халықаралық кү­нінің алдында мен барлық мемлекеттерді қауіп­сіз және пара­сатты әлем құру жолында батыл қа­дамдар жасауға шақырамын», деген болатын. Бұл сөздер жаһандық ядролық қарусыз­дану­ға өзіндік үлес қо­сып келе жатқан Қа­зақстанда зор түсіністікпен қабылданды. Келесі айда Астана қаласында болатын «Ядро­сыз әлем үшін күрес» атты халықаралық форумда да бұл ұсыныстар мен пікірлер кеңінен талқыланатыны сөзсіз. Президент Н.Назар­баев­тың Нью-Йорк­ке са­па­рында да осы жолдау негізгі мә­селе болды. Президент бұл сапа­рын Пан Ги Мунның шақыруы бойынша жасап отыр. Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнін атап өту шең­берінде атқарылған шаралар да барлық әлем мемлекеттерін осы проблемаға жеткілікті дәрежеде назар аударуға және бұл істе Қазақ­станнан үлгі алуға шақырады. Қазақ­стан және басқа да бірнеше  мемлекет  өз­дерінің тәжірибелерін­де ядросыз өмір сүру мүмкін ғана емес, артықшылық екенін де көрсетті. Өйткені, ол бейбіт дамудың және ұлттың гүлденуінің кепілі бола­ды. Ядролық қарудан азат әлем құру жөніндегі өскелең мақсатқа қол жеткізу үшін адамзат ЯСЖТШ-ның тезірек күшіне енуін қамтамасыз ету жолында батыл да нақты қадамдар жасауға міндетті.