• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
27 Қыркүйек, 2011

Алып таулар алыстаған сайын биіктейді

625 рет
көрсетілді

Ұлттық академиялық кітапханада белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым, тарихшы Өзбекәлі Жәні­бековтің 80 жылдық мерейтойы­на арналған кітап көрмесі ашылды. «Халық үшін, ел үшін аянбай тер төкті» деген сөз біреулерге жалған патриотизм сияқты естілуі мүмкін. Және де ондай азаматтар кешегі ке­ңестік кезеңнің тұсында өмір сүрген болса, күдіктене қа­раушылар тіптен көп болуы заңды құбылыс. Бірақ қа­лай десек те тарих сабақтастығы са­на­лы ғұмырын туған халқына қалт­қы­сыз қызмет етуге арнаған адал да әділетті жандардың санадағы саң­лақ бейнесін қайта жаңғыртып, мұ­ра­сын мұқалтпай жеткізуде толайым міндет атқарып жатқанына куәміз. Алып таулардың алыстаған сайын биіктей түсетіні тәрізді, соңындағы сом туын­дыларымен мәңгі жасамақ сондай тұлғаның бірі – мемлекет жә­не қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәні­бековтің 80 жылдығына орай өткі­зілген шараның өнегелі өрнегі өш­пек емес. Өнегелі деп айтып отыр­ған себебіміз, Тәуел­сіздіктің 20 жыл­ды­ғы қарсаңында есімі ерекше ар­дақ­­талуы тиіс екі ғалым болса, со­ның басында қашан­да ұлттық мә­дени мұраны сақтап қалуға барын­ша тер төккен Өз­бекәлі Жәнібековтің есімі тұраты­ны зиялы қауымның талассыз мойын­дар шын­дығы. Бас­қосу­да сөз сөйлеген халық­ара­лық «Қазақ тілі» қоғамы­ның президенті, академик Өмірзақ Айтбай­ұлы, ақын Фариза Оңғар­сынова, белгілі жазу­шы Төлен Әбдік, Парламент Сена­ты­ның де­пу­таты Ақан Бижанов, Мәдениет министрлігі Тарихи-мәде­ни мұра­лар басқармасының бастығы Базарбай Алтаев, тарих ғылымдары­ның док­торы, профессор Сейден Жол­­дас­баев сынды кезінде Өзекең­мен бірге қызмет істеген, дәмдес бол­ған адам­дардың шерткен сыр­лары мен көр­се­тілген деректі фильмнен кейінгі ұр­пақ тың деректерге қа­нығары сөзсіз. Этнограф-ғалымға деген құр­мет пен ізет аз деп айтуға тағы болмас, оның есімін иеленген өнер ұжымы, білім ордасы, көшелер тұрғанда әри­не, қайраткер тұлғаға ел-жұрты­ның сүйіспеншілігі асқар таудай көрінері сөзсіз. Алайда ел Тәуел­сіздігінің ме­рей­тойы қар­саңын­да өткенге тағы да көз жүгір­тіп, зер салу міндет десек, әлі де ке­шегі күннің жетпей жат­қан жаң­ғырығы мол екенін жоқ­қа шы­ға­ра алмаймыз. «Мерзімді ба­сылым беттерінде», «Қазақ этно­графия­сы­ның жанашыры», «Рух сардары», «Өзбекәлі Жәні­беков жә­не ұлттық құндылық» дейтін бөлімдерден тұ­ра­тын кітап көр­месі оқырманды ға­жайып тағдырдың мөлдір бастау­ларына жетелей түсері анық. «Жо­лайрықта» кітабының қыс­қаша тү­сі­ніктемесіндегі «Қазақ қоға­мы­ның ай­наладағы ортаны эстети­ка­лық тұр­ғыдан игерген іс-тәжі­ри­бесімен тікелей байланысты халық сәулет­кер­лігіне арналған, қа­зақ­қа қатысты этнографиялық әде­биетте алғаш рет жылжымалы баспана мен тұрақты мекенжай үлгі­лерін ғылыми жағы­нан жіктестіргенімен ғана емес, олар­ды мемлекеттік есеп­ке алу, қал­пына келтіру, қорғау, өнегелі тұс­тарын қазіргі тұрмысқа пайдалану арқылы халқымыздың өт­кен өмірі­не, тұрмыс-салтына, на­ным-таны­мы­на, талғамына, өндір­гіш күштері­не, құрылыс мәдение­ті­не ілтипатпен қарауға ынталан­ды­ратын дүние» деп көпшілікке берілген аз-кем мағлұ­мат­тың өзінен ға­лымның ұлттық сәулет өнері тари­хын баға жетпес құнды туындымен толықтырғанын көреміз. Бір бұл ғана емес, 1990 жылы оның бас­қаруы­мен «Арқас» қоғамы дүниеге келіп, Қазақстанның тарихы мен мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру жұмыс­тары бас­талып кеткенде, респуб­ли­ка­ның әр өңірінен рухани қамқор­лық­қа зәру қаншама көне жәдігер­лердің табыл­ғанын жұртшылық әлі жадынан шығара қойған жоқ. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарла­масындағы іс-шаралардың бірқа­тары сол кездің өзінде іс жүзіне асы­рыла бастағанын растайтын тарихи айғақтар көптеп табылады. «Қазақ қолтумасының мәдениеті», «Алтын домбыра тура­лы аңыз», «Уақыт керуені», «Жаң­ғырық», «Ежелгі Оты­рар», «Тағдыр тағылымы», «Қазақ­тың ұлттық киімі» «Уақыт керуен» секілді тамаша этнологиялық кітап­тарының қай-қайсысын алып қара­са­ңыз да, мә­дениет пен тілдің, дәс­түр мен әдет-ғұрыптың жаңа дәуір­мен жалға­суы­на өлшеусіз тер төккен нағыз еңбекқор адамның тынысын сезесіз. Ол көптеген облыстарда эт­но­гра­фия­лық мұражайлардың ашы­луы­на, айтыскер ақындардың дәс­түрлі жыр додасының жалға­суы­на, халқымыз­дың ұлттық мерекесі – Наурыздың республикалық деңгейде тойлануы­на бірден-бір ұйытқы болған мә­дениет пен өнердің таза жанашыры еді десек те, оған мысалдар жетіп артылады. Тәуелсіздік мерекесі мен қай­раткер тұлға мерейтойының биыл қатарласып келіп жатуының өзі бекер емес. Елдік мәселені ту еткен ту­ра­шыл бейнесімен есте қалған аза­матты жырға қосқан ақын Фариза­ның кеште оқыған өлеңі сол биікке халқының мәңгі тағзымы іспетті еді. Маңдайына біткен халқымның, Дара тұлға едің, жан аға! Сөнгендей көкте алтын күн, Түнерді бүгін дала да.   Жайсаңдар кетті, Кім қалды? Сәуле себуші ең санаға, Сұңқардай сұлу тұлғаңды, Сұм ажал алып бара ма.   Сүйсінсең жүзің нұрланып, Жалғандық сезсең, шарт сындың. Өнерлі болса, тұлға ғып, Жас балаға да бас бұрдың.   Жарамсақтарды жасқадың, Шындықты айтудан қашпадың. Қандай сайларда жүрсең де, Биіктерге елді бастадың, – деген жолдардан тұлғаның кескін-келбеті ой төріне шынайы кестеленер еді. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.