• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
27 Қыркүйек, 2011

Көркемсурет: іркілістер мен ізденістер

1027 рет
көрсетілді

Осы күннің көз шоласы «социалистік реализмнің» томаға-тұйық қал­пынан шығып кеткен қазақтың бейнелеу әлеміне түскен кезде, оның айна­ласы жиырма жылдың ішінде мың түрлі құлпырма бояуға қанығып үлгер­генін байқар еді. Суретшілердің айтар ойынан тартып, көрерменге жеткізер әдіс-тәсіліне дейінгі ара­лық­тың түр­лене түскенін сезер еді. Әйтсе де біздің әлі төл тарихымыз, жер-суымыздың көріністері, осынша жерді аманат еткен ата-баба бейнелері толық кенеп бетіне түсіп болған жоқ. Иә, Әбілхан ағаның бүкіл акварель пейзаждары, айлап-жылдап жазған пле­нер-этюдтері, Орал ағаның қазақ жеріне қатысты пейзаждары, Құр­ман­ғазы Ақашевтың «Жайлау» серия­лары­мен көз жұбатсақ та, болашақ үшін көңіл алаң. Досбол Қасымовтың «Күл­тегін» картинасы тұрпатты жүз­деген картиналар өмірге келсе, та­қия­мызға еш тарлық етпес еді. Мақсат Бек­сұлтанов салған «Аңырақайдан» асы­рып ондаған полотно жазсақ, кә­не­ки?! Мұзарттың қарлы шыңдарын, Бар­көрнеуді, Көкшетеңізді, Ұлытауды, Бетпақ даланы, Шерқаланы, Қаройды салмақ түгіл, оған арнап кенеп те керген жоқпыз. Өткен жылдары бір этнограф ға­лыммен сапарлас болдық. Суретші екенімді білген соң: – Осы сендер неге пейзажды кемеліне келтіріп бір жазбайсыңдар? – деп сұрақ қойды. «Анау ғой, мынау ғой, пейзаж бүгінгі көрерменге таңсық емес», деген тәрізді жауаптарыма қа­на­ғаттанбаса керек, әлгі кісі: – Мамандығыма орай, талай экс­педицияға шығып жүргенімізде, бір жолы қосымызды Ертіс өзенінің бой­ы­на тігуге тура келді. Бір күні таң бо­зы­нан ояна кетсем, өзеннің бетінен буы көтеріле, әдеттегіден тым өзгеше, қара­бар­қынданып ағып жатыр екен. Арна­сынан биіктеп кеткендей ме. Ма­ған бу емес, Ертістің рухы көтеріліп келе жат­қандай, арқам шымырлап кетті. Содан жатып алып: «Шіркін-ай, мына көріністі салар ма еді?! Қазақ­тың даласын, өзен-көлін мыңдаған жылдар бойы алаш жұртын асырап келе жатқан киелі рух ретінде кенепке түсірсе ғой», деп қиял­дайын. Ал сен қайдағыны айтасың. Сендей қазақтың баласы салмағанда қазақтың жерін кім салады? – деп кейігені жадымда қалыпты. Дегенмен ауызды қу шөппен сүрте беру де тым артық болар. Олай дейтінім, реалистік бағытты берік ұстанып, қазаққа «Атажұрт», «Отырар шай­қа­сы», «Күлтегін», «Сарыарқа сазы», «Салт атты», «Нәзіктік аурасы» сияқ­ты картиналарды берген суретші­лер­дің жолын жалғап жүрген жастардың қатары да бүгінде аз емес. Сондай-ақ Дәркембай секілді зергер-ұсталардың жолын жалғап жүрген Берік Әлібай, Сержан Баширов, гобелен, шым ши, киіз, тері бұйымдарымен (құш­көн) Бапановтар отбасы, Райгүл Ахметжанова, Жаннұр Әлімбаев, Пер­негүл Омарова, Жәңгір Үмбетов, Ал­ма­гүл Иханова, Темірші Құлма­нов­, кестеші Зейнелхан Мұхамед­жан тәрізді шеберлер қазақ­тың төл­ту­ма өнерін белгілі бір дәре­жеге көтеріп, ауқымын кеңейтті. Қазақтың бейнелеу өнері батыс Еуропа сурет ағымдарымен шығыс мәде­ниетінің қосындысы, синтезі болып келеді десек, шығармашылығы, шамамен, пуантилизм үрдісін еске салатын Қалиолла Ахметжанов, мета­физикалық кескіндеме әдісін бағыт еткен Айтбай Құлбай, абстракциялық модерн жолы­на дендеп кірген Ба­қыт­нұр Бүрдес­беков қазақ көрер­мен­де­ріне аса бағалы туындыларын берді. Пайымы Анри Матисстің фобизміне ұқсайтын Ғалым Қаржасов, Ваза­ре­ли­дің оп-артын көз алдыңа әкелетін Бақытбек Талқамбаев, Пикассоның ку­бизмін «қазақшалаған» Сәдір Кә­рібай еңбектері де санаулы жылдар ішінде өз көрермендерін тауып, санаға сіңіп үлгерді. Керекулік Өскенбай Шо­рановтың, қарағандылық Айбек Бегалин, шымкенттік Ералы Оспан шы­ғармаларының түскен жол­дары қандай екенінен гөрі, олардың «қазақ, міне, осындай талантты халық» дейтін лепесті сан рет қайталат­қаны­мен құнды. Болат Түргенбай, Ботагөз Ақанаева, Асқар Есдәулет дейтін аты-жөннің арғы жағында жүздеген картина, қазақ суретіне қосқан мол үлестер жатыр. Қазақ бейнелеу кеңістігіне соны, тың серпінмен келген Манат Қас­пақовтың «Күту», «Қансонар», «Кездесу» картиналары сөз жоқ, алтын қорға қосатын сом дүниелер. Телжанов, Мәмбеев, Шаяхметовтің «қазақ бояуы қалай жағылуы керек» дейтін ұлы мұратын жалғап, бейнелеу ала­ңы­на Мейіржан Нұрғожин, Қазы­бек Әжібекұлы, Досбол Қасымов, Тал­ғат Тілеужанов, Шахмардан Ай­досовтың шығуы бек қуанышты. Осы ғасырдың сурет өнері десе, көз алдыма қазақтың бейнелеу өнеріне сонау сақтардың, түркілердің балбалын, таңбалы тасын, ою-өрнегін рухани кон­цепция етіп алған Бақыт Бапышев, Өмірбек Жұбаниязов тұрпатты әріп­тестерім келеді. Гүлжан Тагенова, Рашид Нұрекеев, Әділ Мазақов, Нұрлан Қилыбаев, Қасымбек Мелдехан, Ас­қар Қуат, Серік Тайнов, Гүлнар Сүйін­баева сынды суретшілер және бар. Суретші болған соң, алып та жы­ға­тын, шалып та жығатын балуандайын әмбебап болғанға не жетсін?! Әдетте «график» деп бағаланатын Қайырбай Зәкіровтің ілгері жылдары майлы бояумен жазған «Жанкет» атты керемет сериясын тамашалағанымыз бар. Ма­хамбеттің бүкіл өлеңдерін «құм жазуы» деп аталатын өзі ойлап тапқан шрифпен көркемдеп шыққан графика маманы Табылды Мұқатовтың осы жақында алпысқа жуық «живопись» картинасын сүзіп шықтық. Әсері тап Салихитдинше! Бақытхан Мыр­зах­ме­тов­тің екі жанрды теңдей ұстап отыр­ғанын да айтқан жөн. Қазақстандағы өзге жұрт­тың, қа­зақ­пен салыстырғанда, бір қайғысы кем. Оларда ұлт­тық рух, сана, тіл мә­се­лесі ушы­­ғып тұрған жоқ. Күшігін сал­­са да, мысығын салса да, лала гүл­дерін бейнелесе де өз көрермендеріне рауа. Ендеше, Қазақ­стан­ның жақсы атын шы­­ғарып, Жарат­қан­нан келген пәр­мен­­ді адал атқарып жүрген Т.Баринова, Е.Ралина, П.Белов, А.Ророкин, М.Ведерников, Е.Те, Е.Фридлин, А.Тазиев, И.Устьянцев, К.Юл­дашев секілді әріптес­тері­мізге де әманда құрмет. Қазақстанның бейнелеу алқабы­ның гүлдене беруіне тәуел­сіз­дік жыл­дарымен келген арт-галереялардың да үлесі мол екенін айта кетуіміз керек. Алматыдағы бой көтер­ген арт-гале­реяның ішінде дүр­кін-дүркін көрме өткізу­мен қатар, суретшілердің жуан елі каталог-альбомдарын басып шыға­рып жүрген Гүл­мира Шалбаева баста­ған «Ою», Астана суретшілерін шетелге танытуға атсалысып жүрген Ләйлә Махат жетекшілік ететін «Құ­ланшы», елор­­дада сан мәрте суретшілер сим­позиумын ұйымдастыр­ған, Тәуел­­сіз­дік сарайының сурет-галерея­сын бас­қаратын Ақтоты Көл­кеқызы, «Хас санат» атқарған істер суретші қауы­мының ғана емес, ең әуелі көрерменнің ықыласына бөленгенімен құнды. Шетел демекші, Түркия жерінде бой көтерген «ТҮРКСОЙ» бірлес­тігінің де Қазақстан суретшілерінің өзге жұртқа танылуына өз үлесін қосып отырғанын  айта кету ләзім. Осы жетістіктерімізден кейін қазақ бейнелеу әлемінің алақайы әттеге­найы­нан артық екен дейтін ұғым қа­лыптаспауы керек. Әр нәрсенің бағы салыстырумен ашылатын болса, ке­ңес­тік идеологияның сызып берген шекарасының ішінде отырып сурет салған уақытпен еш тежеусіз, шексіз мүмкіншілік кезеңін безбендеп барып пікір білдірсек, бүгіннің салмағы белгілі болып қалмақ. Қазақстанның сурет әлемінің бағасы әлі әлемдік бейнелеу деңгейінде өз бағасын алған жоқ. Ол үшін суретшілер биенналеге, яғни халықаралық көркемөнер көрмелеріне қатысуы тиіс. Үкімет арнайы қаржы бөліп, қазақтың сурет механизмін әлем­дік айналысқа түсіруі керек. Ал бұл мәселе, өкінішке қарай, тіпті құ­зыр­лы орынның күн тәртібіне қойыл­ған да жоқ. Кенеп пен қағазға сурет салу өнері қазақ мәдениетінің кенже туған баласы іспеттес болғандықтан, оны жүздеген ғасырлық ғұмыры бар батыс суретшілігімен шендестіру әбестік. Десе де қазақ халқының бойындағы дәстүрлі қолөнері суретшіліктің бір формасы-тұғын. Керек десеңіз, әрідегі таңбалы тастардан бастап, құлпытас бетіндегі бедер-бәдіз, Дешті Қыпшақ даласын­дағы тас балбалдар, Үйсін қағанаты­ның даңқты баласы, бүгіннің мақтаны­шы Мұхамед Хайдар Дулати жазба­ларындағы суретшілер, оның ішіндегі Камалатдин Бекзақ миниа­тю­ралары, Сердалы Бекшорин, Шоқан Уәлиханов шығармаларына дейінгі ұшан-теңіз бәдізші, зергер, шебер, ұсталардың ең­бек­тері өз алдына бір әлем. Тек, біздің ел жасаған бұйы­мы­на арнайы отау тігіп, мұражай жасап әспеттемеді. Жақсысын құнттамайтын ел «мұны жасаған пәлен­шекең» деген дабыраға да нәумез болатын. Ал өзің қадір тұтпаған дүниені өзге қайдан көрсін. Біздің халқымыздың зергерлері мен шеберлерінің сыртқа танылмай келуінің бір себебін осыдан іздеген жөн. Сөйтіп, жиырмасыншы ғасырмен бір­ге қазақ даласына келген сурет өнері бізге Қастеев сынды аса да­рын­ды ұлды берді. Эйферт, Черкасский, Индкинд тәрізді таланттар келіп, Алматыға тұрақтады. Елу-алпы­сын­шы жылдар қазақтың өз сурет мектебін қалыптастырды. Әсіресе, Салихитдин Айтбаев, Шаймардан Сариев, Әли Жүсіповтің бейнелеу кеңістігі, өзгелерге әсері, ұлтына қалдырған рухани байлығы ұшан-теңіз. Күні кешеге дейін қолынан пали­тра­сы түспеген марқұм Әбдірашит Сыды­хановтың салған берідегі карти­на­лары, игерген тақырыптары, кино­дағы, ре­жиссурадағы істеген ең­бек­тері әрідегі көшпелі халықтың әлеми көз­қа­рас­тарымен, пайымдарымен ас­та­сып, бітісіп, көрерменіне жетіп отыр. «Темекі жинау», «Нұрмұхан Жан­тө­рин Шоқан рөлінде» деп келетін картиналардан «Қазақ халқының таң­ба­ла­ры» серия­ларына дейін тынбай жа­зылған картиналар – қазақтың рухани кеңістігінде қалатын өлмес шығар­малар. Тәуелсіздік ұғымын санаға сіңір­ген суретшілер кеңестік реализмнің «темір пердесін» сырып тастап, ата-баба жолын іздеп, оның айтар ойын, асқақ арманын кенепке түсіруге тыр­ысты. Осы тұрғыда сан түрлі әдіс-тә­сілді меңгеруге бел бу­ған Ақанаевтың, Мадановтың, Маз­ақов­тың, Бапы­шев­тің, Бектасовтың, Хайрул­лин­нің ізденістері ересен екендігін де айта кеткен жөн. Ал енді сол тоқсаныншы жыл­дар­мен келген, жыл сайын ар­тып, шығандап бара жатқан мүмкін­ші­лікті қазірдің дизайнерлері қайтіп игеріп әкетті дейтін болсақ, ол басқа әңгіме­нің жүгі. Қазір баспа, шағын полигра­фия­ларды жаулап алған біраз «дизайн­шы­лардың» тірлігіне қарап қарның ашады. Кезінде газет-журнал, әсіресе кітап көркемдеу ісінде біздің график-суретшілер қазақтың бейнелеу әлеміне, графикасына соншалық мол қазына қосып еді ғой! Ол қазынаға мол үлес қосқан Мақұм Қисамединов, Меңдібай Әлин, Әділ Рахманов, Хасен Абаев, Үкі Әжиев, Арсен Бейсенбинов және Темірхан Ордабаев, Ағым­салы Дүзел­ханов, Қайырбай Зәкіров, Қадыр­бек Қаметов, Ғали Мырзашев, Ералы Ос­пан­ұлы секілді қылқалам иелері болатын. Ол кезде журналға кететін әрбір материалдың жолын есептеп шыға­рып, макет жасалатын. Журнал бір өң­кей жазулармен шықпас үшін қол­дан иллюс­тра­ция, фото, коллаж, шрифт, штрихтармен көркемдеп, әрбір айқар­ма бетке «жан салуға» күш салушы едік. Сөз жоқ, 80-90-жылдарғы газет-журналдар қол еңбегімен суарылған, нағыз графика бұйымдары еді. Сол кездегі «Балдырған», «Зерде», «Арай», «Жа­лын», «Қазақстан әйел­дері» журнал­дарында суретші болған Еркін Өксік­баев, Нұран Айымбетов, Марат Сапа, Әлібек Сәдуақасов, Рүстем Жұмекенов сынды мықты иллюстра­торлардың әр­қай­сысы өз алдына бір мектеп еді. Әрине, сурет өнерінің бағасын қазақ рухы кеудесін кернеп тұрған қазақ тілді өнертанушы берсе, қане! Бірақ амал қанша?! Суретші бола тұрып, арагідік публицистиканы да жаза білетін Өмірбек Байтұрсынов, Қалиолла Ахметжанов, Қайырбай Зә­кіров, Саламат Өтемісұлының жазған­дарын місе тұтпасқа шара жоқ. Сондықтан да еріксіз орыс тілді өнертанушылар пайымын малдана­мыз, қазақшаға аударып басамыз... Олардың дені Ресейде білім алып келгендіктен, бояудың жағысын, компо­зи­цияның шешімін тап басып айта алғанымен, қа­зақтың жанын түсінуге келгенде кемшін соғып жатады. Иә, қазақ суретшісінің жүрегінен ағып келіп, қолымен қыл­қалам арқылы кенепке түсіретін жанын сезінуге келгенде кемтар. Қазақша ойлап, жаза ал­ма­ған­нан соң пайымдары да өзге таразыға лайықталған. Қазақ көрерменінің әлі де сурет тану мүмкіншілігінің шектеулі екені ескерілсе, оны музей-галерея соқпағы­мен жетелеп шығуға мүмкіндігі бар өнер­танушыға қашанғы сусар екенбіз?! Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ, суретші.