• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
27 Қыркүйек, 2011

Қиямет-қайым ғасыры

1050 рет
көрсетілді

(Күмән келтірушілер үшін жазылған пайым) «Қайда жүрсеңдер де тек ізгілікке ұмтылыңдар! Түбінде Алла сіздердің бастарыңды қосады»  Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.)

Алғысөз орнына

Әрбір саналы адам Құдай көз бергеннен кейін жан-жағына қарамақ. Табан астында жұмыр жер, төбесінде тұңғиық аспан. Ақылға сыймас алып ғалам табанында құмырсқадай қыбырлаған Адам. Соның бәрін көреді. Көреді де ойлайды. Осының бәрі қалай басталды? Қайдан келіп, қайда барамыз? Осындай ызыңдаған сарымаса сауалдар кімді де болса мазалайды. Бізді де мазалады. Тым ерте мектеп қабырғасынан бастап сол сауалдар бізді дірдектетіп кітап әлемін аралатты. Сөйтсек, арғы-бергі заманда бұл сауалдарға жауап іздеушілер көп болған екен. Адам Адам бола бастағалы дін де, ғылым да осы сауалдарға сабылып жауап іздепті. Өзінің қайдан шығып, қайда бара жатқанын білу әрбір ойшылға мақсат болыпты. Бұ Дүниені тану, Бұ Дүниедегі өмір мәнін ұғу мақсат болыпты. Бұ Дүние мәнін ұққан Адам – бағыт сілтер бақыт жұлдызын – Темірқазығын тапқандай болыпты. Темірқазығын тапқан жан – түн түнек құшағында келе жатса да адаспас ақ адал жан. Біресе шаң кешіп, біресе тұман кешіп, біресе қан кешіп алмағайып сапарда келе жатқан адамзат та біз сияқты сабылып бақыт жұлдызын іздепті. Іздеумен келеді. Біз де сөйттік. Тірлік Темірқазығын іздедік. Сөйтіп, Жер бетіндегі жалғыз сапарымыз бақытқа бастаса екен дедік. Сол жолда адастық. Аласұрдық. Түңілдік. Сүріндік. Құладық. Қайта тұрдық. Не таптық, не қойдық?

 Әңгіме осы туралы.

Автор.

РУХ

Бұдан шамамен 9 мың жыл бұрын дүниеге келген, адамзаттың ең ескі жазба жәдігерлігі делінетін үндінің «Ригведа» кітабы: «Бүкіл ғаламды мұхиттай шексіз киелі сөз өзінің құдіретті ықпалымен шұғыла шашып, нұрландырып тұрды» дейді. Осыдан шамамен 3,5 мың жыл бұрын парсы елінде пайда болған зороастризм дінінің басты кітабы «Авеста»: «Ізгілікті ойға беріл, Ізгілікті сөзге беріл, Ізгілікті іске беріл!» дейді. Бұдан 3 мың жылдай бұрын Мұса пайғамбар­ға уахи етілген «Таурат»: «Сонда Құдай «Жарық пайда бол!» деді. Сөйтіп, жарық пайда болды. Жарықты Күн деп атады» деп басталады. Екі мың жыл бұрын Иса пайғамбарға уахи етілген «Інжіл»: «Ең алдымен сөз болған» деп басталады. Біздің заманымыздың 7 ғасырында Мұхаммед (ғ.с.с.) пайғамбарға уахи етілген «Құрани Кәрім»: «Ол бір істі қаласа тек қана оған «Бол!» дейді. Сонда ол болады» дейді (Мәриям сүресі) Алланың әлемді, Адамды жаратуы жайлы. «Егер Жер бетіндегі барлық бау-ағаштар қалам болып, теңіз сия болса, содан кейін оған 7 теңіз қосылса да Алланың сөздері (жазғанда) таусылып бітпейді» (Құран. Лұқпан сүресі) Пайғамбарлар арқылы адамзатқа осылайша әр заманда уахи етілген осынау киелі мә­тін­дер­ден келіп шығатып қисын – рухтың мына ма­териалдық дүниеден басы ашық бұрын бол­ған­дығы. Яғни, Рух (жан, ой, сөз) бұрын болып, ма­те­риалды дүниені соң Сол жаратқандығы. Жа­ра­тушыны адамзат «Құдай» деген. Және әр ха­лық Оны өз тілінде атаған. Сөйтіп, әр тілде әр­түр­лі аталған жалғыз Жаратқанды кейбір халық­тар «жекешелендіріп» алып, өзге тілде өзгеше атал­ған Хақты түбі бір болса да теріске шы­ға­рып отырған. Ал, Жаратқан болса о бастан жал­ғыз еді. Ол адамзатқа арнап әр заманда әр­түр­лі тілде аян түсірді. Ол тұтас бөлінбес бір бол­ғандықтан әртүрлі тілде түсірілсе де ол аян­дар­дың мазмұны ұқсас бірдей болды. Адамзатқа аян етілген алуан түрлі діни мәтіндер мазмұны осы­ны мегзейді. Сол қасиетті мәтіндерге сүйен­сек, ең бірінші Құдай рухы болыпты. Өзге ешнәрсе болмапты. Ол рух материалды емес, денесіз және Ол мәңгі болған. Тумаған да, туыл­маған. Ол жаратылмаған. Бірақ өзгелерді жа­рат­қан. Ол не қаласа сол болған. Мате­риалдық дү­ние керісінше, мәңгілік емес. Шектеулі. Өйт­кені, ол жаратылған. Ал, Жер бетіндегі жанды тіршілік иелерін Құдайтағала материалдық нәр­се­ден: топырақтан, судан, ауадан, оттан жарат­қан. Тірлік етсін деп оған өз рухынан үрлеп жан берген. Байқап отырғаныңыздай, Құдай Адам бала­сы­на жанды өз рухынан үрлеп берген. Осыдан адам дуализмі – қос тектілігі келіп шығады. Немесе тән кеше ғана Жаратушының бұйрығымен өмірге келгендігі мәлім болса, ал жан мәңгілік Құдай рухынан жаратылғандығы байқалады. Жан, сөйтіп, мәңгілік Құдай рухының тіршілікке дарытқан мұғзижасы болып шықты. Жан мен тән арасындағы құтаймас мәңгілік қайшылық төркіні осында жатса керек. Бұл антоним әрбір жаратылған нәрсеге тән антонимдер қатарын толықтырады. Күн мен түн, ақ пен қара, ер мен әйел, ыстық пен суық, періште мен сайтан т.т. тәрізді. Тән өледі, ол – уақытша. Жан өлмейді, ол – мәңгілік. Жан, ой, сөз – рухтың әртүрлі көріністері ғана. Ал, рух болса – киелі мәтіндерге сүйенсек – Құдайдың болмысы. Құдай – рух. Ол саған сенің қан тамырыңнан да жақын. Сондай-ақ Ол бүкіл ғарышты қамтып жатқан ақыл жетпес алып. Құдайтағала өз болмысынан үрлеп Адам ғалейссаламға жан берді делінеді. Адамды Ол өзіне ұқсас етіп жаратыпты. Ұқсастығы денеде емес, ұқсастығы ортақ рухта жатса керек. Сондықтан да Жаратқан Ие адамды періштелерден жоғары қойыпты. Әрі періштелерге Адам ғалайссаламға бас иіңдер деген. Періштелер Адамға бас иген. Жалғыз ғана Ібіліс илікпеген. Сондықтан ол Құдай қарғысына ұшыраған. Жәннат бағында жүрген Адам Ата мен Хауа Ана Алла бұйрығын орындамаған. Тыйым салын­ған ағаштың миуасынан татқан. Сондық­тан оларды да Құдай қарғап, жәннат бағынан қуды. Жерге түсірді. Азапты өмір кешуге жазды. Жер бетіндегі адамзат тарихы осылай басталған дейді қасиетті кітаптар. Қасиетті кітаптарға қарап отырсақ, Құдай­тағала дүниені жаратқанда да және Жер бетіндегі тіршілік иесі – Адамды жаратқанда да олар­ға қаратып сөз айтқан. Өзі­нің бұйрығын сөзбен жеткізген. Яғни, ештеме сөз­сіз болмаған. Нәрсе жоқ кезде Құдайтағала «Бол!» деген. Қараңыз, Құдай сөзді қолданған. Сөз арқылы періштелерімен тілдескен. Адам­мен тілдескен. Сөз ар­қы­лы Жер бетінде таңдаған пайғамбарларына уахи тү­сір­ген. Соңғылықта сол аяндардан қасиетті кі­таптар құралған. Ол кітаптар мыңдаған жыл­дар бойы Жер бетінде Адам үшін күресіп келеді. Жер бетін қара түнек баспас үшін адамзатқа ақ жол ашып, жарық шашып келеді. Сол кітаптарда келтірілген дұғаларды дауыстау арқылы адамзат Жер бетінде тұрып та өзін жаратқан Иесімен қарым- қатынас орнатып келеді. Осының бәрі сөз арқылы жүзеге асып келеді. Осыдан келіп сөзді Құдай рухының дауысталған формасы деуге хақымыз бар. Киелі мәтіндер бойынша Адам болмастан бұрын сөз болған. Алла ниетін сөзбен білдірген. «Бол!» деген. Болған. Бұл нені көрсетеді? Бұл сөздің Құдай рухының дауыс­тал­ған формасы екендігін көрсетеді. «Алдымен сөз болған» Осынау уахи астарында айлапат ақиқат жатыр. Бұл ақиқат сөз бен тілдің Құдай рухының дауысталған формасы екендігін айғақтап тұр. Адам баласына берілген айлапат рухтың (ой, жан, тіл мен сөз дегендердің) киелі бастауынан, яғни тәңірлік төркінінен хабар беріп тұр. Сол тәңірлік рухтың арқасында адам бүгінде тау қопарып, тас жарып жатыр, Жер бетіне сыймай көз жетпес ғаламшарларға көз ілеспес жылдамдықпен ұшып жатыр. Сонда ой мен сөз, яғни рух ғаламның қоз­ғаушы күші болғаны ғой. Себеп пен салдар. Себепсіз салдар жоқ. Ендеше, рух жаратылыстың себебі болғаны ма?! Біз көріп тұрған жаратылыс сол ұлы себептің салдары ғана болғаны ма?! Осы сауалға жауап іздеп ғылым мен теология ғасырлар бойы қырқысып келді. Бірін-бірі жоққа шығарды. Ғылым қашанда материалдық әлем болған, соның эволюциясының нәтиже­сін­де адам, сана пайда болды деп біледі. Ғылым­ның бұл мыңдаған жылдар бойы ұстанып келген мызғымас ұстанымына ХХ ғасырда сол ғылымның өзі ашқан жаңалық оңдырмай соққы берді. Бұл жаңалық – кванттық физика ашқан жаңалық еді. Кванттық физика адам рухы материалистік әлемге тікелей әсер ете алатынын, керек десеңіз оны өзгерте алатын сұрапыл күшке ие екенін дәлелдеді. Және оны заманауи күрделі ғылыми тәжірибелер арқылы дәлелдеді. Бұл қозғалыстың басында ұлы Эйнштейн тұрды. «Адамзат қауымы, өсімдіктер, ғарыш шаңы, яғни күллі ғалам түгел бір көзге көрінбейтін құпия сыбызғышының сазына елтіп билеп тұр» деп жазды ол. Яғни, бүкіл жанды, жансыз жаратылыс әлемінің белгісіз бір рухқа бағынып тұрғанын мойындады. Біз бұл тақырыпқа әңгімеміздің барысында тағы да қайта айналып соғатын боламыз. Ғылым бүгінде біз көріп тұрған ғалам осы­дан шамамен 14 млрд. жыл бұрын бір алапат қо­па­рылыстан бастау алған дейді. Бір қозға­лыс­сыз алып тығыз материя кенет өз-өзінен күңі­ре­не қопарылса керек. Жарылған бомбадай әлгі ма­терия жан-жаққа жаңқалана ұшса керек. Сол қопарылыс салдарынан пайда болған бү­гін­гі ға­лам­­шарлар, жұлдыздар, галактикалар сол ал­ғаш­қы қарқынмен әлі де жан-жаққа бытырай тарап бара жатса керек. Ғылым осынау сұрапыл жылдамдықпен бір орталықтан жан-жаққа бы­ты­рай тараған аспан денелерінің жылдамдығын кері есептеп көріп қопарылыс­тың қашан, қай нүктеден басталғанын шама­ла­ды. Арадан 5 млрд. жыл өткенде Күн жүйесі пай­да болыпты. Уақыт өте келе суыған ғалам­шар Жерде тіршілік бүр­шік атып эволюция нәтижесінде бүгінгі адам пайда болыпты. Алайда, ғылым сол алғашқы алапат қопарылысқа не себепші болғанын білмейді. Яғни, белгісіз себептің белгілі салдар­ларын ғана зерттеумен келеді. Дін болса бүгінгі бар жаратылыстың бас­тауын­да құдіреті күшті саналы Жаратушы бол­ған деп біледі. Оған сенбесеңіз, төңірегіңізге қараңыз. Бұ жайлы Алланың адамзатқа түсірген соңғы сөзі Құранда дәлелдер көп. Адамды қор­шаған орта – аспан, Жер, Ай мен Күн, жұлдыз­дар, ауа, су, жан-жануарлар, өсімдіктер – осы­лар­дың бәрі өзін жаратқан Иесінен хабар беріп тұр дейді. Ұлы неміс философы И.Кант: «Қайда қарасақ та әрекет пен себептің, мақсат пен құралдың, жаратылу мен жойылудың заңын көреміз. Ешнәрсе өзінің осы тұрған қалпына өздігінен келе салмайды. Оның себебі бар... Сонда сіз әлемдегі күллі болмыстың Себебі деген даңғайыр құдіретті ақылға сидыра аласыз ба?!» (И.Кант. «Критика чистого разума») Бұ жайлы түрік теологы Фетхулла Гулен өз шығармаларында тыңғылықты айта білген. Гулен әлемді Алланың адамзат үшін жайылған Ұлы Кітап-Көрмесі деп біледі. Ғылымның да­мы­ған сайын табиғат заңдылықтарын ашуы сол Ұлы Кітап-Көрмені барған сайын Адамның терең­деп оқуынан дейді. Гүлен мына жайнаған ғалам Алланың Адам үшін жайып қойған көр­месі деп біледі. Ғылым Адамды жаратқан ұлы Даналық Иесі емес, табиғат деуден, табиғаттағы эволюция деу­ден танатын емес. Дін оны жоққа шығарады. «... Ол Адамды әуел баста лай-балшықтан жаратты» (Құран. Сәжде сүресі). «Сосын бел суынан қою қанды жаратып, қою қаннан бір бөлек етті жаратып, бір бөлек еттен сүйектерді жаратып, бұл сүйектерге ет қаптадық. Сонан соң, оған жан кіргізіп, әуел бастағы бір тамшы бел суынан – нұтфадан бүтіндей басқа бір жанды пайда еттік» (Құран. Момындар сүресі) Осынау ана құрсағында Адамның бір тамшы ұ­рықтан қалыптасу үдерісін Құран қалай баяндаса соның қаншалықты дәл екенін бүгінгі дамы­ған заманауи технология солай дәлелдеп берді. Заманауи технология сондай-ақ бір там­шы шау­қат ер адам ағзасынан атылып шығып, ана құр­сағына енгеннен кейін аналық жасуша-жұ­мыртқаға жеткенше миллиондаған сперматозоид жолда қырылып, оның тек біреуі ғана аналық жасуша-жұмыртқа сауытын бұзып, ішіне енетінін көрсетіп отыр. Аналық жасуша-жұ­мырт­қа сауытын бұзғанша сперматозоид по­шы­мы басы доғал құйрығы сүйрік келеді. Оның до­ғал басы екпінмен келіп аналық жасуша-жұ­мырт­қа қабыр­ға­сына соғылғанда сауыт жары­лып, сперматозоид ішке енеді. Құйрығы сыртта қалады. Сөйтсе оның құйрығы жылдамдық үшін ғана керек болған екен. Осылай таза инженерлік тәсіл арқасында ішке енген аталық жасуша ана­лық жасушамен табысып, эмбрионға айналады. Эмбрион аналық және аталық тек – код сақ­тал­ған қойма дерлік. Эмбрион пайда бола салы­сы­мен жатырға қарай қозғалады. Оны кім қоз­ғай­ды? Ешкім білмейді. Қозғалып барып жатырға енген эмбрион жатыр қабырғасына жабысады. Содан кейін миллиондаған жасушалар эмбрион құрамын өсіре бастайды. Бұл үзі­ліссіз үдеріс. Сөйтіп, миллиондаған жасушалар болашақ адам ағзасының құрылыс материалына айналады. Адам ағзасын қалыптастыру тыным­сыз жүріп жатады. Құранда айтылғандай, алдымен пайда болатын адам ағзасының негізгі құрылыс ма­те­риалы – ұйыған қан. Ұйыған қаннан ет пен сүйек жасалынады. Сүйекке ет қапталады. Құры­лыс­тың бір ерекшелігі, бұл жерде жұмысшы қолы жоқ. Болашақ Адамның негізгі құрылыс мате­риа­лы, яғни кірпіші – жасушалар. Жасушалар өз­дерін өздері тынымсыз құрастыруға кіріседі. Әрі жұмысшы, әрі кірпіш рөліндегі жасушалар күн­діз-түні тыным таппай­ды. Тыным таппайтыны ұлы Жаратушының жобасы – адамның ана құр­са­ғында қалыптасу мерзімі шектеулі. Одан кейін ол жарық дүниеге шықпақ. Ал, ата-ана болса нәрес­те­нің ана құрсағында қалыптасу барысынан ха­бар­сыз. Ана бұл кезде татымды ас қабылдап отыр­са ғана болғаны. Қалғаны Жаратушы ыр­қын­да. Ұйыған қаннан Адам ағзасын толық шы­ғару сол құдіреттің қолында. Адамға тіршілік етуге қажетті мүшелердің бәрін Жаратушы 9 ай 9 күн ішінде дайын етеді. Адам ағзасындағы ең күрделі аппарат – ми. Заманауи технология көр­сет­кендей, оның ішкі конструкциясы тым күрделі. Өйткені, ми ертең күрделі ойлар қайнап жататын зерденің қара қазаны болуға тиіс. Болашақ адам осылай қалыптаса бастайды. Адам Жер бетінде күн көру үшін ойлауы керек, көруі керек, жүруі керек, естуі керек, тамақ­тануы керек, иіс сезуі керек. Ұрпақ жалғас­тыруы керек. Жаратушы сон­дық­тан адамды жо­балағанда осы функцияларды атқаратын мүше­лерді жобалаған. Адам ағзасы инженерлік тұрғыдан да, эстетикалық тұрғыдан да мінсіз. Мысалы, асқазанға жеткенше асты ұн­тау керек, сол үшін адамға тіс берілген. Ас ас­қазанға түскесін қорытылуы керек. Оған қышқыл құю керек. Осы мақсатта өт жаратылған. Ас­қа­зан­да қорытылған ас бауыр арқылы қанға ай­налып, ол қан бүкіл ағзадағы жасушаларға қо­рек тасы­мал­дауы керек. Ал, қанды бүкіл ағзаға айдап тұра­тын компрессор қайда? Ұлы инженер – Жарату­шы о жағын да қарастырған. Нәти­жесін­де өмір­ге таңғажайып аппарат жүрек келген. Қара­пайым қисынға салсақ жүрек алып шаһарды ауыз сумен қамтамасыз етіп тұрған компрессор-станса қызметін атқарады. Қала саларда ин­женер-жобалаушылар қалай бәрін ал­дын-ала жоспарласа, адамды жобалаған Жара­ту­шы да бәрін алдын-ала реттегені көрініп тұр. Тоқтаусыз соғып тұратын жүректің қысымы­мен бүкіл Адам денесіндегі жасушаларды қорек­тендіріп, тірі күйде ұстап тұратын қан екенін білеміз. Бірақ біз сол қан айналып тұратын каналдар – күре тамырлар мен капиллярлардың да қалай жасалынатынын білмейді екенбіз. Заманауи технология арқасында білдік. Ұзындығы ондаған мың километрді құрайтын қылды­рық­тай капиллярларды да Адамды құрастыру кезінде тынымсыз жасушалар қалыптастырады екен. Жұмысшы жасушалар өздерін-өздері бүкіл адам ағзасын бастан-аяқ шырмап, қамтып жатқан түтікшелерге айналдырады екен. Ана құрсағында бір түйір тамшыдан он екі мүшесі түгел нәресте пайда болғанға дейінгі процесс – ақылға сыймайтын құбылыс. Бұл процесс 4 айға жеткенде нәрестеге жан бітеді. 1 ай толғанда болмаған жан, 2 ай толғанда болмаған жан, 3 ай толғанда болмаған жан, 4 ай толғанда қайдан пайда болды? Жан! Ол не? Оны жатыр ішіне кім кіргізді? Оған дейін қимылсыз, жансыз жатқан нәресте жан біткеннен кейін қимылдай бастайды. Қасиетті кітаптар жанды адамның аузына Алла үрлеп енгізеді дейді. Жан табиғатын адамзат ақылгөйлері әр заманда әрқилы түсіндіріпті. Алайда, оның шын жұмбағын шешкен Адам болған емес. Жан жұмбағының шешуі бір Алланың ғана қолында болуы мүмкін. Жаратқан Ие сондай-ақ Жер бетіне қанша Адам келсе олардың әрқайсысына сонша бір-біріне ұқсамайтын түр беріпті. Тағы да таң қаласыз. Неткен фантазия! Тіптен, Адам­ның саусақ сызықтарына дейін бірін-бірі қайта­ла­майды. Неткен шексіз дизайнерлік шеберлік! Таң қала береміз, өйткені бізге бұл құдіретті түсіну қиын. Бір ақылгөй: «Адам өз-өзін тү­сін­се, бүкіл ғаламды түсінеді» деген екен. Рас. Адам ағзасына қатысты тағы бір мысал. Адамның ас қабылдайтын аузы мен нәжіс шығаратын мүшелері алшақ орнатылған. Егер, адам болмысы көрсоқыр табиғаттың күшімен жаратылған болса, ол сенің эстетикаңды неғыл­сын. Бір-біріне қарама-қарсы осы екі мүшені бір жерден шығаруы да мүмкін ғой. Санасыз та­би­ғатқа бәрібір емес пе? Бірақ, саналы Жара­тушы үшін бәрібір емес. Саналы Жаратушы сондай-ақ сұңғыла көреген. Болашақтың бәрін болжаған дана. Аталған кереғар екі мүшені бір-бірінен ал­шақ орналастырып, бөлу арқылы Ұлы Жарату­шы болашақ Адамға, оның эстетикалық сезіміне шынайы құрмет білдірген. Жаратушы Адам­ның тыныс жолына фильтр – сүзгі орнатқан, сол арқылы өкпеге өтетін ауа тазалығын қам­та­масыз еткен. Біздің мінсіз тіршілік етіп, азапсыз өмір сүруіміз үшін Жаратқан Иеміздің алдын-ала жасаған қамқорлықтары ұшан-теңіз. Біз соның тек бірнешеуін ғана санамаладық. Тағы бір мысал, жілік пен жілік бір-бірін қажамас үшін буынға сұйық май құйылған. Таза инженерлік логика! Тіршілікте кездесетін әртүрлі жұ­­мыстарды атқаруға икемді болу үшін қол­дағы бес саусақ бір-біріне тұтасып жабысып тұр­мауы керек. Қазіргі технология саусақтар­дың алғашында өзара бір-біріне жабысып бітетінін көрсетіп отыр. Мерзімі толғанда саусақ­тар­ды тұтастырып тұрған ет-жасушалар өздігі­нен өліп, бармақтардың арасы ашылады екен. Жаратушының Адамға жасаған қамқорлығы есепсіз. Жер бетінде Адам ұшырайтын кеселдерге де қарсы шипаны Жаратушы Адам ағ­засына алдын-ала енгізіп қойған. Оны біз иммунитет дейміз. Сол иммунитеттің арқасында адам ағзасындағы сау жасушалар сырқат әкел­ген ви­рус­тарға қарсы майдан ашады. Сырқатпен шай­қас кәдімгі екі жақтан да қыруар әскер қатысқан қан майданға ұқсайды. Сау жасушалар сырттан келген басқыншы-вирустармен өліс­пей-беріс­пей майдандасады. Адам ағзасы ақыры әупі­рім­деп кеселді жеңіп шығады. Ол үшін ағза сау болуы керек. Ал біз болсақ, саламатты өмір сү­ріп, ағзамыздың әл-қуатын арттырудың орнына арақ ішіп, темекі тартып, есірткі иіскеп байғұс организмді үнемі улап, әлсіретіп әуреміз. Адам жобасын жүзеге асыруда ең басты күрделі жұмыс – ми құрылысы болған тәрізді. Бірақ, Жасаған Ие үшін қиын нәрсе жоқ. Мил­лион­даған жасушалар Құдайдың құдіретімен болашақ Адамды басқарып тұратын орталық аппарат – ми құрылысына кіріседі. Ми аса күрделі комбинацияларды атқаратын құрамы да, құ­рылысы да, жұмыс істеу тәсілі де тек бір Алла­ға аян әлемдегі баламасы жоқ құпия құбылыс. Бірақ, оны да Алланың әмірімен миллиондаған жасушалар құрастырады. Жасушалар күндіз-түні тыным таппай қимылдап өзара байла­ныс­қан миллиондаған түрлі талшыққа айналып ға­лам ғажайыбы адам миының күрделі конс­трук­циясын өреді. Тура өрмекшідей өреді. Ми құ­рылысы неғұрлым күрделі болған сайын ол болашақта соғұрлым күрделі мәселелерді шеше алатыны белгілі. Таурат «Құдай Адамды өзіне ұқсас жаратты» десе, Құран «Алла уахи еткен кітаптарға сеніңдер» дейді. Ендеше, «Алланың Адамды өзіне ұқсас етіп жаратқанына» сенеміз. Оған бірде-бір көрнекі дәлел – ми. Ми арқасында адам да Алла тәрізді жасампаздықпен айналы­са­ды. Ми арқасында сана өзінің Жаратушысын тануға ұмтылады. Биік Сана ғана Жер бетінде саналы тірлік иесін тудыруы мүмкін. Санасыз табиғат саналы Адамды тудырды деген қисынға қалай сенеміз?! Айналып келгенде Адам Жаратқан Иенің Жер бетіндегі ең күрделі де басты жобасы. Оған үңілер болсаңыз, тереңіне көз жетпес шы­ңы­рау­ды көресіз, ұшан-теңіз құпияны сезесіз. Байқап отырғаныңыздай, біз бұл өмірге өз еркімізбен келмеппіз. Бізді әкеліпті. Қандай түрде әкелді, пешенеңе қандай тағдыр жазылды. Ол да сенің еркіңде емес. Сен тұрмақ, сені өмірге әкелген ата-анаңның да еркіңде емес. Сонда кімнің еркінде? Менің болмысым, тағдырымның еркі кімнің қолында болғаны? Бұл сұрақ әрбір ойлы Адамның алдынан шығары хақ. Ана құрсағынан ажыраған сәтте бізді үрей билеп, бақырып-шақырып дүниеге келеміз. Бұ Дүние табалдырығын аттай бере зәреміз ұшып, айғайға басамыз. Бұған тағы да таң қалуымыз керек. Неге нәресте туа салып айғай салды? Неге іште жатып айғай салмады? Әлде, бұл айғай беймәлім жат дүниеден нәрестенің үркіп-шо­шуы ма? Әлде ана құрсағынан ажырап, панасыз, жал­ғыз қалдым деп қорқуы ма? Әлде ас қабылдап тұрған кіндіктің кесілуімен «аш қалатын бол­дым!» деп алдын-ала байбалам салуы ма? Шы­рылдауымыздың сонда себебі не? Ал енді ауызыңызға емшек үрпі тиді екен, жалмаңдап еме бастайсың. Оу, бұны саған кім үйретті?! Оған дейін сен қоректі тек кіндік арқылы алып келіп едің ғой?! Иә, сұрақ көп. Соның бірі ана омырауында сүттің пайда болуы. Қызыл қаннан аппақ сүт ажыратқан ол қандай ғажайып аппарат? Ол сүт жасағыш аппаратты ана омырауына кім орнатты? Қандай мақсатпен орнатты?

Смағұл ЕЛУБАЙ.

(Жалғасы бас)