Демократиялық сайлау ұстанымдары 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының және еліміздің сайлау заңнамасының негізгі нормаларында қалыптастырылған. Бұл ұстанымдар белсенді сайлау құқығы саласында да, бәсең сайлау құқығы саласында да қолданылады. Белсенді сайлау құқығы дегеніміз – бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлау құқығына ие болуы. Бәсең сайлау құқығы – бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының қандай да болсын бір сайланбалы органға сайлану құқығы.
Жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы, жасырын дауыс беру қағидаты конституциялық мәртебедегі ұстанымдар болып табылады және көбінесе белсенді сайлау құқығы саласында қолданылады.
Жалпыға бірдей сайлау құқығының қағидат ретіндегі мазмұны 1995 жылғы 28 қыркүйекте қабылданған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 4-бабында: «Жалпыға бiрдей белсендi сайлау құқығы Республиканың 18 жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге қатысу» деп көрсетілген.
Елімізде биылғы жылы өткізілген президенттік сайлау бұл қағидаттың жүзеге асырылуының дәлелді мысалы бола алады. Сайлаушылар тізімдеріне сайлау күні (2011 жылғы 3 сәуірге) жасы 18-ге толған және одан асқан республика азаматтарының барлығы дерлік енгізілді. Еліміздің ересек халқы қатарында 9 миллион 200 мың 298 азамат бар екені анықталды, дауыс беруге олардың 8 миллион 279 мың 227-сі, яғни 89,98 пайызы қатысты. Бұрынғы президенттік сайлауларда да, сондай-ақ еліміздің парламенттік және жергілікті сайлауларында да бұл көрсеткіштер осы шамада болған.
Тең сайлау құқығының анықтамасы сайлау туралы Конституциялық заңның 5-бабында берілген: «Сайлаушылар республика Президентi, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжiлiсiнiң депутаттары және мәслихаттарының депутаттары сайлауына тең негiздерде қатысады әрi олардың әрқайсысының бiр сайлау бюллетенiне тиiсiнше бiр дауысы болады». Бұдан әрі бұл бапта «Сайлаушылар республиканың өзге де жергiлiктi өзiн өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлауға тең негiздерде қатысады әрi олардың әрқайсысының тең дауыс саны болады» делінген. Егер бұл ұстанымды бір сайлаушы азаматты құқықтары жағынан барлық басқа сайлаушы азаматтарға теңестіру ретінде қарастыратын болсақ, онда ол тек белсенді сайлау құқығы аясында ғана әрекет ететінін мойындауға тиіспіз. Бұл ұстанымды кеңірек, бір-бірімен тең жағдайда сайлануды қалайтын азаматтарды құқық жағынан теңестіру тұрғысынан пайымдайтын болсақ, онда бұл қағидат бәсең сайлау құқығы саласында әрекет ететінін көреміз.
Сайлау туралы Конституциялық заңның 6-бабы қағидат ретінде «төте сайлау құқығы» туралы айтады: республика Президентiн, Парламентi Мәжiлiсiнiң және өзге де мәслихаттарының депутаттарын, жергiлiктi өзiн өзi басқару органдарының мүшелерiн азаматтар тiкелей сайлайды». Бұл ұстанымды Қазақстан азаматтары 5 президенттік, 7 парламенттік, 7 жергілікті сайлауда жүзеге асырды. Бірқатар демократиялық елдердің өзінде, мысалы, президентті азаматтар тікелей сайламайды, жанама сайлау құқығы негізінде сайлайды. АҚШ-та азаматтар ең алдымен таңдаушыларды сайлайды да, содан соң таңдаушылар президентті сайлайды. Венгрияда азаматтар парламент мүшелерін сайлайды, олар, өз кезегінде, ел президентін сайлайды. Албания, Израиль, Латвия, Мальта, Молдова, Чехия, Эстония, Оңтүстік Африка Республикасы сияқты мемлекеттерде де президентті парламент сайлайды. Жасырын дауыс беру қағидатының қысқаша тұжырымдамасы сайлау туралы Конституциялық заңның 8-бабында келтірілген: «Республика Президентiн, Парламентiнiң және мәслихаттарының депутаттарын, өзге де жергiлiктi өзiн өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлауда жасырын дауыс берiледi әрi сайлаушылардың еркiн бiлдiруiне қандай да болсын бақылау жасау мүмкiндiгiне жол берiлмейдi». Біздің елімізде, ТМД елдерінде жасырын дауыс беруді материалдық қамтамасыз етудің құралы болып кәдімгі дауыс беру кабиналары табылады. Сайлау кезінде әр сайлау учаскесінде бірнеше кабинадан қойылады, ал Еуропаның бірқатар елдерінде осы күнге дейін мұндай қондырғылар жоқ.
Біздің республикамыздың сайлау заңнамасында белсенді және бәсең сайлау құқығы салаларында іс жүзінде қолданылатын басқа да ұстанымдар бар. Еркін сайлау қағидаты «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның бірқатар баптарында белгіленген. Олардың ішінде заңның 2-бабын атауға болады, ол «Сайлау бостандығы» деп аталады және онда: «Республикадағы сайлау республика азаматының сайлау және сайлану құқығын еркiн жүзеге асыруына негiзделедi» делінген.
Шынайы сайлау қағидаты демократиялық сайлау өлшемдерінің ТМД Конвенциясының 9-бабының мазмұнынан, 2002 жылғы 7 қазанда бекітілген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердегі сайлау құқықтары мен бостандықтарынан (Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 9 маусымда бекітіп, 2007 жылғы 4 шілдеде күшіне енген) келіп шығады. Бұл ұстанымды сайлау науқаны үдерісінде шынайы саяси плюрализмнің, идеологиялық саналуандық пен көппартиялықтың болуы деп түсіну керек. Ол заңды қызметі мемлекеттің құқықтық қорғауымен қамтамасыз етілген саяси партиялардың еркін қызметі түрінде көрініс табады. Оның үстіне, сайлаушылардың – кандидаттар, кандидаттар тізімі, саяси партиялар (коалициялар) мен жалпы сайлау үдерісі туралы ақпаратқа, ал кандидаттар мен саяси партиялардың (коалициялардың) – бұқаралық ақпарат құралдарына еркін қол жеткізу мүмкіндігі болған жағдайда ғана шынайы сайлау туралы айтуға болады.
Шынайы сайлау қағидатының мазмұны Адами өлшемдер жөніндегі конференцияның 1990 жылғы 29 маусымдағы Копенгаген Кеңесі құжатының 6, 7.8-баптарында айтылған.
Оларға Қазақстанның сайлау туралы Конституциялық заңының «Сайлау алдындағы үгіт» деп аталатын 5-тарауының 27-32-бап-тарының, «Кандидаттар қызметiнiң сайлау науқаны барысындағы кепiлдiктерi» туралы 47, «Сайлау науқаны барысындағы шешiмдер мен iс-әрекеттерге шағым беру және олардың күшiн жою» деп аталатын 49 және «Қазақстан Республикасының сайлау заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық» туралы 50-баптарының мазмұны сәйкес келеді.
Әділ сайлау қағидаты әрбір кандидатқа немесе әрбір саяси партияға сайлау науқанына қатысу үшін, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізу үшін тең мүмкіндіктер беру дегенді білдіреді. Сондай-ақ ол сайлауды, кандидаттардың, саяси партиялардың сайлау науқанын әділ және жария қаржыландырудың арқасында іске асырылады. Әділ сайлау ұстанымы дауыс беру мен дауыстарды санау кезінде адал болу, дауыс беру нәтижелерін, сайлаудың барлық қорытындыларын ресми жариялай отырып, толық және жедел ақпараттандыру арқылы қамтамасыз етіледі.
Әділ сайлау өлшемдері демократиялық сайлау өлшемдерінің ТМД Конвенциясының 10-бабында және Адами өлшемдер жөніндегі Копенгаген құжатының 7.6, 7.7-баптарында баяндалған. Қазақстан Республикасының сайлау туралы Конституциялық заңының 28 «Сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығы», 36 «Сайлау науқанын өткiзуге бөлiнген қаражаттың жұмсалуын бақылау», 20-1 «Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары», 20-2 «Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері», 49 «Сайлау науқаны барысындағы шешiмдер мен iс-әрекеттерге шағым беру және олардың күшiн жою» баптары осы халықаралық құжаттардың мазмұнына сәйкес келеді. Еркін, шынайы әрі әділ сайлау ұстанымы Қазақстанда белсенді сайлау құқығы саласында да, бәсең сайлау құқығы саласында да бірдей деңгейде қолданылады.
Азаматтардың сайлауда дауыс беруге ерікті қатысуы қағидаты туралы айтпай кетуге болмайды. Ол «Сайлау туралы» заңның 3-бабының 3-тармағында бекітілген: «Республика азаматтарының сайлауға қатысуы ерiктi болып табылады. Азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге, сондай-ақ оның еркiн бiлдiруiн шектеуге ешкiмнiң де құқығы жоқ». Дегенмен, бүгінгі күннің өзінде азаматтарды сайлауға қатысуға мәжбүрлеу қағидатын қолдайтын бірқатар демократиялық елдер бар. Мұндай мәжбүрлеу Нидерланды, Австрия, Грекия, Швейцария сияқты елдердің электоралдық тәжірибесінде кешегі күнге дейін болған, мысалы, сайлаушылардың дауыс беру үшін сайлау учаскесіне міндетті түрде келу қағидаты. Қазіргі уақытта Австралияда дәлелді себептерсіз сайлауға келмегені үшін қомақты айыппұл түріндегі жаза қолдану жүйесі қолданылады.
Сайлаудың жариялылығы мен транспаренттігі (айқындығы) қағидаты сайлау жарияланған күннен бастап, сайлауда жеңіп шыққан кандидаттарды немесе кандидатты бекіту туралы шешім қабылданғанға дейін, барлық сайлау рәсімдерінің, бүкіл сайлау үдерісінің тұрақты, жүйелі қадағалауда болуы арқылы қамтамасыз етіледі. Айта кетерлігі, сайлау үдерісін тек мүдделі сайлау науқанына қатысушылар ғана емес, отандық саяси партиялардың байқаушылары, кандидаттардың сенім білдірілген адамдары мен халықаралық байқаушылар, сондай-ақ республикалық және халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қадағалайды.
Осы жерде соңғы кездері елімізде бірқатар сайлау науқандары 180 мың отандық байқаушылардың, кандидаттардың 130 мыңнан астам сенім білдірілген адамдарының, 5 мыңнан астам халықаралық байқаушылардың, 2 мыңнан астам республикалық және халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің елдің барлық өңірлерін қамтыған бақылауы жағдайында өткенін атап айту артық болмас.
Жариялылық, сондай-ақ, сайлау органдарының заңмен белгіленген мерзімде өзінің баспа органында немесе ресми бұқаралық ақпарат құралдарында дауыс беру қорытындылары туралы мәліметтерді және сайланған адамдар туралы мәліметтерді жариялауы арқылы да қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы және төменгі тұрған сайлау комиссиялары өз қызметінде бұл қағидаттарды қатаң ұстанады.
Сайлаудың альтернативтілігі (баламалылығы) қағидатына тоқталайық. Кеңес дәуірінде бәсең сайлау құқығына айтарлықтай мән берілмеген еді, өйткені, сайлау бюллетеніне тек бір ғана кандидат енгізумен сол кездері билік етуші коммунистік партия айналысып келген болатын. Ал қазіргі, өзін де, өзге азаматтарды да, белгілі бір саяси партияны да ұсыну құқығын республиканың қатардағы азаматы пайдалана бастаған демократиялық Қазақстан жағдайында, сайлануға бел буған адамдардың құқықтары қорғалған болуы тиіс.
Кеңес уақытында бір сайланбалы органға тек бір ғана кандидат үміткер болғандықтан, ол сөзсіз сайланатын еді, ал қазіргі Қазақстанда соңғы 20 жылда 1 сайланбалы органға орташа есеппен алғанда 2-ден 9 кандидатқа дейін бәсекеге түскен.
2011 жылғы 19 тамызда аяқталған Қазақстан Парламенті Сенатындағы 16 депутаттық орыннан әу баста 96 адам, яғни бір мандатқа 6 адамнан үміткер болды. Басқаша айтсақ, біздің есептеуіміз бойынша, 26 сайлау науқандарында (16 994 сайланбалы орынға) кандидат ретінде 42 068 республика азаматы қатысқан (бұл шамамен әрбір орынға 3 адамнан). Оның сыртында, еліміздің сайлау заңнамасында баламасыз сайлау өткізуге тыйым салынған, яғни сайлау бюллетенінде кем дегенде екі кандидат болуы шарт. Көріп отырғанымыздай, тәуелсіз Қазақстанның жиырма жылында еліміздің азаматтары бәсең сайлау құқығы саласында жоғары белсенділік көрсетіп келеді.
Кандидаттарға сайлау науқаны үдерісінде тең мүмкіндіктер беру қағидаты кандидаттарды тіркеу, олардың сайлауалды үгіт жұмысын жүргізуі кезінде әділ және тең жағдайлар ұсыну туралы нормалар болған және олар нақтылы қолданылған кезде ғана іске асырыла алады. «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 59, 82, 98, 112-баптарындағы тіркеу талаптарында қандай да бір кандидатқа артықшылық беруге негіз болатын шарттар жоқ. Олар үміткерлерді, кандидаттар тізімдерін тіркеу туралы нормаларды бұрмалауға, өз еркінше пайдалануға жол бермейді. Аталған заңның 5-бабының 3-тармағында былай делінген: «Кандидаттардың сайлауға тең құқықтармен және шарттармен қатысуына кепiлдiк берiледi». Бұл ереже демократиялық сайлау өлшемдерінің ТМД Конвенциясының 9-бабының мазмұнымен үндеседі.
Сайлауларды өткізудің біз жоғарыда атап өткен ұстанымдары Қазақстанның барлық электоралдық науқандарды демократиялық негізде өткізуіне мүмкіндік береді.
Марат СӘРСЕМБАЕВ, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі.