• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
27 Қыркүйек, 2011

Жақсыдан жақсыны іздеу

526 рет
көрсетілді

Орынбор атын естіген қазақ баласы бір елеңдеп қалады... Алғашқы аста­на­мыз болғаны үшін ғана емес, әрине. Ор­ынбор соңғы бірер жүзжылдық бо­йы қазақ мәдениеті мен өнері тоғыс­қан, бір кездері білімқұмар жастар жи­­налып, игі жақсылар табысқан, ардагер буынның рухы сіңген, арыстардың басқан ізі мен алақан табы қалған жер. «Әйт, шу, қара нар, Орынборға ала бар!» – деген екі ауыз сөздің заманнан заманға өтіп ұмы­тыл­­­май келе жатқаны тегін болмаса керек. Ол кезеңде Орынборға бару, Орынборда болу, Орынборда оқу өр­кениетке қарай өтетін білім баспал­да­ғы сияқты еді. Бүгінгі буын біліңкіре­ме­се де, аға ұрпақ Орынбордың қазақ жүрегінде қалған бұл қасиетін жақсы сезінеді. Қазақтың арғы-бергі тари­хы­ның белгісіз беттерін ашуға ниеттенген адамның Орынбор мұрағат­та­рына, қала құжатханаларының қойна­уы­на бір сүңгімей өтпейтіні сирек. Көне шаһардың кез келген көшесі, ғасырдан ғасырға жеткен, сыры кетсе де, сыны кетпеген байырғы үйлері қазақ өмі­рінің қилы кезеңдерінің куәсі. Орын­бор – қазақтың өткен ғасырлар­­дағы милләттік (ұлттық) мақсаттағы өрелі ойлары тоғысқан орталық. Тарихи санадағы бұл жаңғырық, әл­бетте, Орынбордың 1920-1925 жыл­да­ры Қазақстанның бас қаласы – аста­насы болғандығынан басталады. Міне, мынау Жайық өзенінің жағасында тұр­ған еңсе­лі үйде 1920-1925 жылдары Қырғыз (Қазақ) АССР-інің Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комис­сарлары Кеңесі жұмыс істеді. Бүгінде Совет көшесі екінші үй деген мекен-жайда тұрған осы ғимарат қабыр­ға­сындағы кеңестік заманда қойылған ескерткіш тақта соның айғағы. Ал Совет көшесіндегі жетінші үй – Орынбордың баяғы шекаралық комиссия орналасқан, қырғыз (қазақ) мектебі жұмыс істеген ғимарат. Қазір ол – №3 жалпы білім беретін мектептің мекені. Сондай-ақ осы көше бойындағы 17-үй ХІХ ғасырда Қоғамдық жина­­­лыс­тың ғимараты болған, кейінірек «Мұ­ғалімдер үйі» деп аталған. Қазір Ростроповичтер атындағы Ор­ын­бор өнер инс­титутының оқу корпу­сы орна­­­ласқан осы үйде 1920 жылы Қырғыз (Қазақ) АССР-інің бірінші құ­рылтай сиезі өтті. Бұл жайында да ғи­марат қапталындағы ескерткіш тақта еске салып тұр. Орынбордың бір көшесі белгілі саяси қайраткер Әліби Жангелдиннің атын­­­­­­да. Бұдан басқа шаһардың төрт тарабына тарай орналасқан Қазақ, Ал­маты, Ақ­төбе, Қарағанды, Түркістан, Қарғалы, Дамбар көшелері бар. Үлкен бір көше 1982 жылдан бері көрнекті ағартушы, ғалым, ұстаз, жа­зу­­­шы Ыбырай Алтынсариннің есіміне ие. Ыбырай 1857 жылы Орынбор шек­ара­­­­­лық комиссиясы жанындағы қазақ бала­ларына арналған мектепті бітірген. Ағар­тушы Алтынсариннің өзі өмір сүр­ген ғасырдағы зайырлы білім жолын көздеп, халықтың сауатын ашу, жастарды оқу-ілім жолына үндеу, жер-жерде қазақтың ұл-қыздарына арнап мектептер ашу, оқу ошақтарын басқа­рып, дәріс үйретіп, қазақ баласы үшін орыс қарпі негізінде қазақша мәтінді оқулықтар шығару, та­ным­дық-тәрбие­лік маңызы зор көркем шы­ғармалар жа­зып, орыс қаламгер­­­ле­рі­нің туынды­ла­р­ын тәржімелеу сынды тең­дессіз еңбегі тарихта қалды. Орын­бор­дағы Алтынсарин көшесі – Қазақ­стан мен Ресей сынды екі іргелі мем­ле­кеттің өзара тарихи қарым-қатынаста­ры­ның бір бастауы Ыбырайдай бабаның «таза бұ­­­лақтай» ағартушылық сапарын­да жатқа­­­нын жақсы біліп, терең сезінгендіктен ту­­ған шешім, соған орай көр­сетілген құрмет. Алайда кеңестік кезеңде ХХ ға­сыр­да­­­­ғы қазақ этносының Орынбормен бай­ла­­­нысты айшықталатын қызықты һәм қилы тарихының айнымас біршама оқи­ға-құ­­­былыстары, егер Әлихан Бөкей­ха­нов­тың сөзімен жазар болсақ, «бүкте­меде қалды». Ашылмай келген осындай «бүкте­ме­нің» бірі – «Қазақтың еңкейген кәрі, ең­бектеген жасына түгелімен ой тү­сіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғыз­ған» (Мұхтар Әуезов) «Қазақ» газетінің – 1913-1918 жыл­да­ры Орынборда шы­ғып тұрған қазақ­тың бірінші жалпы­ұлт­тық мерзімдік басылымының қызыл төң­керістің дау­ылды толқынына түсіп, жетпіс жыл бо­йы жабық та жұмбақ жатқан тағ­дыр-тарихы еді. Ахмет Байтұрсы­нов­тың «Елу-алпыс балаға ғана арнап берген сабақтан алты миллион қазақ­ты алаламай, істеп отырған ісімді ар­тығырақ көремін», дейтіні осы кезең. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі жоға­ла­ды», дей отырып, дәуірдің дабылкеші болған арыстар «Қазақ» газетін шы­ға­ру арқылы бұған дейін «киргиз» деген жалпы атаумен төменшіктеп жүрген ұлтымыздың шын атын қайтаруға жол салғанын да ұмытпағанымыз жөн. Орынборда 1917 жылы І және ІІ жалпықазақ сиездері өткені де – ұлт тарихының қастерлі дерегі. 2-8 сәуір­де­гі басқосу Торғай облысы қаза­ғы­ның сиезі тұрғысында өтсе, 21-26 шілдедегі сиез шын мәнінде жалпықа­зақ­тық тұңғыш сиез болды. Бұл сиездерде қаралған мә­селелерді бір ауыз сөзбен алғаш рет дербес мемлекет болудың саяси-құқықтық негіздері жасалып, қазақ халқының тұң­ғыш саяси пар­тия­сы болуын мақұлдады деп түйіндеуге болады. Өкінішке қарай, Қазақ елі 1991 жыл­ғы 16 желтоқсанда шын мәніндегі мемлекеттік тәуелсіздігіне қол жеткізгенше, халық өміріне қатысты осын­дай орасан маңызы бар дәуірлік деректер тарихи-сая­си, ғылыми-әдеби айна­лымға қосыл­­­ған жоқ. Тұтас ұрпақтар Алаш қозғалысы қа­тарында қаздай тізілген таңғажайып тұл­­­ғалардың бол­ға­нын, халықтың өзекті оқи­­­ғаларды бастан кешіргенін білмей өсті. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тап­сыр­ма­сына сәйкес, өткен жылдың со­ңына таман Қазақстан Үкіметі Орын­бор қа­ла­сындағы қазақ сиездері өткен ғима­рат­қа және «Қазақ» газетінің бас­қар­масы орна­ласқан үйге ескерткіш тақта орнатып, өте маңызды іс-шара өткізді. Осы салтанатты рәсімде Ор­ын­бор облы­сы­ның бірінші вице-губер­на­торы, Орын­бор облысы үкі­меті төрағасының бірінші орынбасары Валерий Рогожкиннің «ме­мо­риалдық сим­­­­волдардың орнатылуы біздің өткен заманның оқиғаларын, қа­зақтың ке­мең­гер қайраткерлерін және көптеген түркі халықтарының тағдыры шешілген төңке­ріс уақытын тарихи жады­­мыз­ды ұстау­ы­мызға мүмкіндік береді» дегені есімізде. Ал Орынбор облы­сы­ның мәдениет және сыртқы байла­ныс­тар министрі Виктор Шориков екі елдегі аға буынның тату көршілік, бір біріне деген өзара құрмет рухында тәр­биеленгенін айта келіп, осы дәстүрді жас ұрпақтың бойына сіңіруге, Ресей мен Қазақстанды байланысты­ратын достық тарауларын жетілдіре түсу жолында ескерткіш тақталар елеулі ық­пал ететіндігіне тоқталып еді. Ортақ тарих, ортақ тағдыр қазақты ешуақытта Орынбор өлкесінен алыс­тата алмайды. Оның үстіне Ресейді мекендейтін қандас ағайынның ең көп шоғыр­­ланған жерінің бірі – Орынбор. Соңғы мәліметтер бойынша Ор бойын жай­ла­ған отандастар саны 125 мыңнан асады. Құ­дай көпсінбесін, Орынбор қазағы Ресейде Астрахан облысынан кейін екінші орын­да тұр. Осы халық­тың 27 мыңнан астамы қалаларда тұ­ра­ды, ал 98 мыңы екі елдің шекарасын бойлай ауылдық жерлерді мекендейді. Әрқайсысында он мыңдай қазақ тұр­а­тын Орынбор, Орск қа­лаларын қоса алғанда, қандас бауыр­лар облыстың он бір ауданында орна­лас­қан. Адамов, Соль-Илецк (Тұзтөбе) ау­дан­дарындағы ағайындар ауқымы 10 мың­нан асса, ал Дамбар, Орынбор, Ақбұ­лақ аудан­да­рын­дағы қазақ саны да осы мөлшерге таяу. Жалпы саны жағынан қазақтар Ор­ынбор облысында орыстар мен татарлардан кейінгі үшінші орында, бұл – облыс тұрғындарының 5,8 пайызына тең. 2002 жылғы санақта қазақ этно­сы­ның саны 1989 жылғы деңгейден 12,6 пайызға өскені байқалды, ал қо­ғамдық ұйымдар әлі пысықталып бол­ма­ған 2010 жылғы соңғы санақ мәлі­меттері де белгілі бір өсім беретініне бейіл. 2004 жылы Орынбор губернаторы «Ұлт­тық деревня» құру туралы қарар қа­былдады. Бұл Орынбор өңірін мекендейтін көптеген ұлттардың мәде­ниеті мен­ ха­лықтық дәстүрлерін көр­се­туге мүм­кіндік тудырды. Ашық аспан астындағы тарихи-эт­нографиялық мұражай үлгісімен са­лын­ған бұл деревня әртүрлі этностардың мәдениетін насихаттап, таныстыру ар­қылы өңір­дегі то­ле­рант­ты­лық деңгейін көтеру мақсатын көздейді. Қа­зір деревняда көпшілік санды он этнос­тың: орыс­тың, татардың, қазақ­тың, укра­ин­ның, башқұрттың, мордва­ның, армян­ның, неміс­­­тің, чуваштың, бе­лорустың «ша­­ңырағы» (подворье) көте­рілді. Әр «ша­ңырақтың» тарихи-этно­гра­фиялық мұ­­­ра­­жайы, кітапха­насы, ұлттық асха­насы бар. Әрқайсысы сол ұлттың сәулет ерекшеліктерін ескеріп, дәстүрлі ою-әше­кейлермен салынған. Қазақ «шаңырағы» халқымыздың кешегі және бүгінгі тұрмысын ұш­тас­ты­рады. Шығыстық мәнерде бой тү­зеген биік ғимаратқа жапсарлас бірнеше киіз үй «тігілген». Осындай үйдің бірі – қа­зақ мәдениеті мен тұрмы­сы­ның мұра­жайы. Мұражайға ұлттық киім үлгілері, ескі қару-жарақтар, му­зы­калық аспаптар, күн­­­­­делікті тұрмыстық бұйымдар қой­ыл­ған. Оның ондаған экс­понаттары жеке адамдардың мұра­жайға берген тар­туы, бірқатары – Ақ­төбенің облыстық өлке­тану мұра­жа­йы­ның сыйы. Екінші киіз үй – жазғы кафе міндетін атқарады. Қазақ «шаңырағының» көп кісілік мейрамханасының дизай­ны, әсем әше­кей­лері, кілем-төсеніш­тері, жи­һазы мен ыдыс-аяқтары, тағам түрлері тү­гел­дей ұлт­­­­тық дәстүрге сай. Қазақша асыл­ған ет, қу­­­ыр­дақ, қазы-шұжық, жал-жая, бауырсақ, т.б. тағам­дарға қоса қысы-жазы қымызы үзіл­­мей­ді. Аула ішінде алтыбақан құрулы тұр. Орынбордың қазақ ұлты өміріндегі орнын айқындай түсу мақсатында соң­ғы уақытта пысықталып жатқан жұ­мыс­тың бірі – Достық саябағын құру турасында. Бұл Орынбор қаласы мен Астана қаласы әкімдіктерінің бірлескен жобасы бол­мақ­шы. Болашақ сая­бақ­та қазақтың белгілі саяси және қо­ғам қайраткерлерінің мү­сі­нін орнату көзделуде. Аталған ұсы­ныс Қа­зақстан елшісі Зауытбек Тұрыс­бе­ков­тің Ор­ын­бор қаласының басшысы Юрий Ми­ще­ряковпен әңгімелесуінде алғаш рет ортаға түсіп еді. Елшінің пікірінше, Дос­тық саябағы екі елдің тарихи байла­ны­сы­ның, ұрпақтар сабақтас­ты­ғының, Қазақ­стан­ның алғашқы және қазіргі астана­лары арасындағы бірлік­тің символы бо­луға тиіс. Бұл мәдени-гуманитарлық жо­ба­ны Орынбор қала­сының басшылығы да оң қабылдап, болашақ саябақтың дүниеге келуін Астанада Орынбор көшесінің бо­луымен байланыстырады (Орынбор қала­сы­­ның мэрі Юрий Мещеряков – түбі қа­зақстандық, Қарағанды өңірінің ту­масы, «Орынбор өңіріндегі қазақстан­дық­тар қауымдастығының» құрметті президенті). Жалпы, тәуелсіз еліміздің соңғы жи­ырма жылдағы қазақ этносының тауар­их-тарихын жариялы жаңғыртуға қатыс­ты әрбір қадамы анығында бұ­рын-соңды бол­­маған жаңа игілікті іс болып келеді. Ор­ынбор сынды орта­лық шаһардың 1917 жыл­ғы қазан төң­керісіне дейінгі және одан кейінгі қа­зақ­тық кеңістіктікке орай­ласатын ор­нын осы заманға сай пай­ымдау да аталмыш ауқымды іс-қи­мыл­дың маз­мұ­нын байытатын бағыт бо­латыны сөзсіз. Өткен жылы Орын­бор­дағы ескерткіш тақ­талардың ашылу рә­сі­міне қатысып, Алаш арыстары жөнінде жү­рекжарды лебізін білдірген Парламент Мәжілісінің депу­таты, академик Кен­­жеғали Сағадиевтің кейіннен Үкі­мет­ке депутаттық сауал жолдап, алғаш­қы ас­танамыздағы қазақ тарихымен қатыс­ты ескі ғимараттардың бірін ел меншігіне сатып алып, оны отандық тари­хы­мыздың маңызды кезеңдерін бейнелейтін мұра­жайға айналдыру туралы ұсыны­сы­ның бүгінгіні емес, ертеңгіні көздеп отыр­ға­нын, мұның «Ел бүгін­шіл, менікі ертеңгі үшін», деген Ахмет Бай­тұрсыновтың сұң­ғыла сөздерімен үндес келетінін көзі­қа­рақты ағайын сезінуге тиіс. Сол атақты Ахаңның ХХ ғасырдың бас кезіндегі жазбаларының бірінде «та­рихтың жолы, оның негізгі мағы­на­сы – жақсыдан жақсыны іздеу» дегені бар еді. Демек, тарландарымыз таңда­ған тарих жо­лымен ұлттық мақсатқа бет алған, ха­лық­тың кешегі кезеңін ар­дақтай білетін бү­гінгі ұрпақтың Орын­бордай көне қа­ланың ой-санадағы ор­ны­на осылай, жақ­сыдан жақсыны іздей қарағаны жара­сым­ды болатыны абзал.

Серікқали БАЙМЕНШЕ.

Ресей Федерациясы,  Орынбор облысы.