• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
27 Қыркүйек, 2011

Теңізде, суда, аспанда өткен әскери жаттығулар табысты аяқталды

354 рет
көрсетілді

Жақында Каспий теңізі айла­ғындағы Қазақстан секторында жә­не «Оймаша» полигонында ірі кө­лемді бірлескен «Орта­лық-2011» стратегиялық жатты­ғуы­ның шешуші кезеңі өтті. Жауынгерлік іс-қимылдардың құрлықтағы, теңіз­дегі және әуе­дегі әрекетін Қазақ­стан Респуб­ликасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков бақылап отырды.

Екі армияның әскери қызмет­шілері десантқа қарсы қорғаныс, теңіздегі ұрыс, тактикалық теңіз де­сантын түсіру және басқа да заманауи соғыс қақтығыстары­ның элементтерін көрсетіп, жат­тығудың негізгі арқауы болып табылатын Орталық Азия айма­ғында орын алған оқиғаларды өзгертуге қатыс­ты операциялар­ды жүзеге асырды.

Қазақстан мен Ресей қарулы күштерінің бөлімдері коалиция­лық «Каспий» әскерлер тобының негізін құрады. Қазақстан тара­пынан оның құрамына десантты-шабуылдаушы бөлімдер, теңіз жаяу әскерлері, әртекті корабльдер дивизионы мен авиация, сондай-ақ ІІМ Ішкі әскерлері, ҰҚК Шекара қызметінің жағалау күзеті мен Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі кірді.

Қазақстан мен Ресей мемле­кеттерінің әскери қызметшілері шартты түрдегі жауға шабуыл жа­сады. Атыс теңізден, аспан мен жерден жүргізілді. Жау жаға­лауға келіп орналасты. Ми-17 тікұшағы­мен ұрыс даласына мина орналас­тыруға шешім қабыл­данды.

Теңіз үстінде де ұрыс қи­мыл­дары жүруде. Кемелерден соққы беретін топ жаудың теңізге десантын түсіртпеу мақсатында ұрысқа кірісті. Іс-қимылдар ба­ры­сында екі жақтың кемелері бір-біріне жақындай түсті. Ар­тил­лериялық қондырғылардан оқ жау­дырылды. Атыс басқару кемесінде ұрысқа қабілетті кемелердің саны белгілі болған соң оларға қарсы артиллериядан соққы берілді. Жаудың десант отряды жойылды.

Бұдан соң авиацияға кезек келді. Ресей Федерациясы әске­ри-әуе күштерінің бомбалаушы қос Су-24 ұшағы жау пози­ция­сын бомбалап өтті. Бұдан соң зенит қондырғыларынан әуедегі жау шабуылына тойтарыс берілді.

Осыдан кейін «Оймаша» по­лигонында қазақстандық және ре­сейлік армияның әскери қыз­мет­шілері қарсыластардың ал­дың­ғы шептегі отрядының шабуылына төтеп беріп, соңынан қарсы шабуылға шықты.

Қарсы жақтың жылжып бара жатқан механикаландырылған ко­ло­ннасына ҚР ҚК ӘҚК-нің қос Су-27 ұшағы әуеден бірінші болып соққы берді. Шартты жау бұған дайын болатын. Біздің әс­керлер алғы шепке жылжуда. Дәл осы сәтте жаудың артиллериялық бөлімшелері орналасқан ауданға екінші рет соққы берілді. ҚР ҚК ӘҚК-нің қос Ми-24 тікұшағы жылжып келе жатқан жау ко­лон­насына үсті-үстіне оқ жау­дыр­ды. Осы кезде тылдық және техни­ка­лық қамтамасыз ету бөлімдері алға қарай жылжи жө­нелді. Оқ-дәрілердің, жанар-жағар майдың қоры толықтырылып, жаралылар мен жарамсыз техникаларды қауіп­сіз аймаққа алып кету жүзеге асырылды.

– Жаттығуда алға қойылған мақ­саттарға толық қол жеткізілді, екі ел армиясының әскери қыз­метшілері бірлескен іс-қи­мылдың барлық кезеңдерінде шы­найы шеберліктері мен жоғары кәсіби­ліктерін танытты, – деп атап өтті Қазақстан Респуб­ликасының Қор­ғаныс министрі Әділбек Жақсы­беков. – Жатты­ғу­ға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштері жауынгерлік қи­мылдарды жүргізу барысында бөлімдер мен бөлім­шелердің басқару органдарының өзара бай­ланыстарын ұйымдас­тыруда мол тәжірибе жинақтады.

Жауынгерлік іс-қимылдар­дың соңында теңіз жаяу әскер­лері кедергілерден өту арқылы ату жат­тығуларын орындады. Мұ­нан соң ҚР ІІМ Ішкі әскер­лерінің бөлім­шесі блок-поста жауды жоюдың әдіс-тәсілдерін, ал ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімдер­дің өрт сөн­діру кезіндегі әрекет­терін көр­сетті және дала­лық ме­дицина­лық госпитальді орнатты.

Қазақстан қорғаныс ведомс­тво­сының басшысы жаттығуда көзге түскен екі ел армиясының әскери қызметшілерін марапат­та­ды. Бірлескен «Орталық-2011» стратегия­лық жаттығуының сал­та­натты жа­былу рәсімі бұрнағы күні өткізілді.

Оксана ПАРПУРА, Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің өкілі.

Суреттерді түсірген Роман КАЗУНИН, Ермек САРБАСОВ.