• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
27 Қыркүйек, 2011

Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық

591 рет
көрсетілді

Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының әртістері Жамбыл облысына гастрольдік сапармен келді.

«Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады», демекші, облыс көрермендері тарапынан рухани қошеметке бөленген халық әртістері Сәбит Оразбаев, Торғын Тасыбекова, Тұңғышбай Жаманқұлов және аталмыш театр директоры Есмұхан Обаевты облыс әкімі Қанат Бозымбаев жылы шыраймен қабылдады. Облыстағы әлеуметтік-экономикалық оң өзгерістерді баяндай келіп, облыс басшысы биыл облыстық театрдың қасбеті жөнделіп жатқанын, ал келесі жылы өнер шаңырағы күрделі жөндеуден толықтай өтетінін әңгімеледі.

Өңірдегі өнер мен мәдениетке деген қамқорлық мұнымен де шектелмепті. Үстіміздегі жылы облыста тұңғыш рет ұлт аспаптар оркестрі дүниеге келсе, Тараз мемлекеттік педагогикалық институты жанынан мәдениет және өнер колледжі ашылған. Сондай-ақ, тараздық таланттардың шеберліктерін шыңдап, жаңа бағытта жұмыс істеу үшін «Арт-MIX» өнер семинары өткізілген. Оған белгілі режиссерлер Ю.Ханинга-Бекназар, Б.Атабаев, қылқалам шебері А.Меңлібаева, хореграф Г.Ғаббасова, театр зерттеушісі Ж.Жантөрина келіп, сахна, сурет, би өнеріне ден қойған әріптестерімен шеберлік бөліскен. Тараз қаласында өткен суретшілердің халықаралық симпозиумын да өнердің өркениетке ұмтылуының жақсы үрдісі деп қабылдаған жөн.

Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық. Атақты «әкемтеатр» ел ішіне келіп, оның Сәбит Оразбаев сынды саңлақтары ойнаған спектаклін бір рет болса да көрген артық. Сондықтан облыс басшысы Қанат Бозымбаев әртістерді қабылдаумен бірге, сахна шеберлерінің өнерін тамашалауға да уақыт бөлді. Сөйтіп, қырғыз режиссері Б. Жакиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай» деп аталатын драмасының басты қаһарманын сомдаған Сәбит Оразбаевтың өнеріне көрерменмен бірге ризашылықпен қол соқты.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Жамбыл облысы.