• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
27 Қыркүйек, 2011

Парламентаралық байланыс – мемлекетаралық қатынастың маңызды құрамдасы

358 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми өзінің шақыруы бойынша елімізге ресми сапармен келген Қытай Халық Республикасы Халық өкілдері бүкіл­қы­тай­лық жиналысы Тұрақты комитетінің (ХӨБЖ ТК) Төрағасы У Бангомен кездесті. ХӨБЖ ТК – тұрақты жұмыс істейтін орган. Қытай Халық Рес­публикасы Конституциясының 58-бабында ол заңнамалық билікті атқаратын ресми орган деп анықталған. ТК елдегі көптеген заң актілерін қабылдайды, тек ХӨБЖ-нің  жеке өз құзыретіне ғана тиісті деген анықтама алған заң актілері Бүкілқытайлық жи­на­лыста қабылданады. Бір сөзбен айтқанда, ТК – ҚХР Парламенті деп тануға болатын орган. Оның қыз­меті КСРО кезіндегі Жо­ғар­ғы Кеңесінің төрал­қасына ұқ­сайды. ХӨБЖ ТК өкілеттігі бес жыл мерзімге белгіленген. Ол екі айда бір рет өз отырысын өткізіп, заңнамалар қабылдайды. Ал оты­рыстар арасындағы ағымдық жұ­мыс­тарды Төраға мен оның орын­басарлары атқарады. Төраға орынбасарларының саны 20 адамға жуық, сонымен қатар, жауапты хатшысы да болады. Бұлар Төраға кеңесі деп аталады. Төраға мен оның орынбасарлары екі мерзімнен артық уақытқа сайланбайды. Ал ТК-ның өзі 130 адамнан тұрады. Әдетте Төраға­ның міндетін Қытай Коммунистік партиясының жоғары басшы­лы­ғының беделді мүшесі, көр­нек­ті мемлекет қайраткері атқа­ра­ды. 1998-2003 жылдары бұл қызметті Ли Пэн атқарып келді. Ал 2003 жылдан бері оны У Банго атқарады. Кездесу аяқталған соң тараптар журналистерге мәлімдеме жасады. Қытай Халық Республикасы ХӨБЖ ТК Төрағасы Қазақстанға тұңғыш рет ресми сапармен келіп отыр, деді Қ.Мәми. Оның сапарының бағдарламасы өте тығыз әрі мазмұнды. Біз Сенатта екі­жақты кездесу өткіздік. Бұған дейін У.Банго Алматыда жергілікті билік өкілдерімен кездесті. Сонымен бірге, кеше Қазақстан Парламенті Мәжі­лі­сінде келіссөз жүргізді. Бүгін түстен кейін У Банго бастаған Қытай деле­гациясы екі ел іскер топтарының қаты­суымен бо­ла­тын бизнес-форумның жұмысына қаты­сады. Ал ертең Қытай делегациясының басшылығы Елбасы Н.Назарбаевтың қабылдауында болады. Одан әрі Қайрат Мәми Сенатта бол­ған келіссөздердің нәтижесіне тоқтал­ды. Біз екі ел заң шығарушы органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында делегациялар алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Мұндай кездесулер заң шығару қыз­ме­тін­де өзара тәжірибе алмасуға, екіжақ­ты қатынастарда қол жеткізілген құ­жат­тарды уақытында ратификациялауға мүмкіндік береді. Осылай дей келіп, екі елдің тату көршілік тарихына, әріптестік әлеуеттеріне тоқталып өтті. Біздің елдеріміздің арасындағы достық және өзара тиімді экономикалық бай­ла­ныстар қазір стратегиялық деңгейге дейін көтерілді. Қытай қазір Қазақ­стан­ның экономикадағы басты серік­тес­те­рі­нің біріне айналды. Өткен жылы екі­жақты сауда айналымы 20 млрд. АҚШ долларынан асса, 2015 жылға қарай оны 40 млрд. долларға  жеткізу көз­де­лу­де және оған қол жеткізуге барлық мүмкіншіліктер бар, деді Сенат Төрағасы. Екі елдің ынтымақтастығындағы жоғары нәтиже Мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Ху Цзинь­тао­ның өзара тығыз қарым-қатынас орнат­қандығының арқасында мүмкін болып отыр. Соның ішінде Қазақстан Пре­зи­дентінің ақпан айындағы Қытайға және ҚХР Төрағасының биылғы маусым айын­дағы Қазақстанға сапар алма­су­лары стратегиялық әріптестіктің келешегі зор бағыттарын белгілеп берді, деді Қ.Мәми. Кездесу барысында біз екі мемлекеттің халықаралық және ай­мақ­тық ұйымдардағы өзара ынтымақ­тас­тық­тарына тоқталып, олардың нәти­же­леріне де қанағат білдірдік. Сонымен қатар, Қазақстанның дінаралық үнқаты­су мен өзара төзімділікті сақтаудағы тәжірибесінің маңыздылығы аталып өтті. Біз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездеріне үзбей қатысып келе жатқан Қытай жағына ри­зашылығымызды білдіреміз. Біздің ел­деріміздің арасындағы барлық сала­да­ғы ынтымақтастықтар, соның ішінде, парламентаралық байланыстар екі­жақ­ты тиімді негізде дами түсетініне сенім білдіремін. Өз кезегінде У Банго Дін лидерлері съездерін БҰҰ аясында өткізу туралы Қазақстан басшысының бастамасына қолдау білдірді. Сонымен бірге, жылы шырайлы кездесулерге байланысты ал­ғыс айтып, «Қазақстанға көптен күткен алғашқы сапарында» көргендері шы­найы таңданыс туғызатынын және «ол халықтың Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың дана басшылығымен қол жеткізген тарихи ерлігінің дәлелі» екенін айт­ты. Қазақстан алдағы уақытта Тәу­ел­сіздігінің 20 жылдығын атап өтеді, деді У Банго. Сіздердің елдеріңіз өзінің даму жолын тапты, оны қазіргі кезде «Қазақстан жолы» деп атайды. Бүгінде Қазақстан өмірдің барлық саласында  жоғары табыстарға қол жет­кізді, сіз­дердің елдеріңіздің халық­аралық аренада маңызды және ауқым­ды орны бар. Дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған 20 жылда, деді мейман сөзін жалғап, екі ел арасында қарқынды және байыпты қатынастар орнады, біз­дің елдеріміз лидерлерінің арасындағы жиі байланыстар мен пікірлесулер жал­ғасып келеді. Өзара саяси сенімнің жо­ғары деңгейі стратегиялық ынтымақ­тас­тықтың жаңа, сапалы сатысына көте­рілуге мүмкіндік береді. У Банго парламентаралық байла­ныс­тарды мемлекетаралық қатынастар­дың маңызды құрамдасы деп бағалады. Және екі елдің парламенттері арасында парламентаралық үнқа­ты­суды жаңа тарихи межеге биіктете алатын жақсы іргетас салынғанын атап көрсетті. Бұл біздің халықтарымыз ара­сын­дағы көп ғасырлық достық идеясын әлемдік аренада ілгерілетуге, оның түп­кі мүдде­леріне қатысты барлық мәсе­ле­лер­ді толық түсінуге және қолдауға мүм­кіндік береді. Бүкіл Қазақстан хал­қын Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен құт­тықтаймын және Президент Нұр­сұл­тан Назарбаевтың басшылығымен Қазақ­стан алдағы уақытта  бұдан да жар­қын және жоғары табыстарға қол жеткізеді деп сенемін. Жақсыбай САМРАТ.