• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
27 Қыркүйек, 2011

Жеңіл жобалар уақыты өтті

357 рет
көрсетілді

Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі  Әсет ИСЕКЕШЕВПЕН әңгіме Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске қосылған біржарым жыл уақыттан бері аз шаруа тындырылған жоқ. Премьер-Министрдің орын­басары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің пікірі бойынша бағдарламаны іске қосу уақыты өтті. Енді, ҮИИДБ-ні жүзеге асырудың жаңа кезеңі ауыртпалық салмағын орталықтан өңірлерге ауыс­тыруды және бизнеспен жергілікті жер жағдайындағы жұ­мысты күшейте түсуді талап етеді. – Әсет Өрентайұлы, сіз ҮИИДБ-ні жүзеге асыруды бас­қаруда ендігі назарды өңір­лер­ге қарай аудару қажеттігі жө­нін­де бірнеше рет айтқан бо­ла­тынсыз. Нақ сол жергілікті билік бизнес-қауымдастықпен ты­ғыз байланыста жұмыс істеуі тиіс екендігі түсінікті. Бірақ осы ретте аталған мақсатқа қол жеткізу үшін Үкімет бар­лық қажетті тетіктерді әзірлей алды ма деген сұрақ туын­дай­тындығы ақиқат. – Үкімет біржарым жылдың ішінде Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойынша көптеген жұмыстарды жүргізіп үлгерді. Біріншіден, нақты бағыттар ай­қындалып, бесжылдық салалық және өңірлік бағдарламалар әзір­ленді. Әртүрлі деңгейдегі саясат экономиканың шикізаттық емес (мұнай-газ емес) секторларын, осы бағыттағы инвесторлар мен жаңашылдарды қолдауға қарай бет бұрды. Бизнесті қолдау бағ­дарламалары әзірленді. Бұл бағ­дарламалар шағын кәсіп­орын­дар­ды қолдаудан бастап ірі өндірістік кешендерді, инновациялық жоба­ларды құруға дейінгі әдістер мен тетіктердің бүкіл желісін қам­титын болады. Осындай 100-ден астам тетіктер бар. Бірқатар заңдар қабылданды. Олар – кәсіпкерлікті құруды, ин­вестициялық және іскерлік ахуалды жақсартуды ынталанды­ра­тын заңдар. Қазір Президент тапсырмасымен әзірленген бір­қатар маңызды заң жобалары Парламенттің қарауында жатыр. Сонымен қазіргі күні жаңа эконо­ми­калық саясаттың сұлбасы тұлғаланып келеді. Ол саясат қосылған құны жо­ға­ры еңбек өнімділігін арттыруға, энер­гиялық тиімділікті күшейтуге, шикі­зат­тық емес экспортты өсіруге, иннова­ция­ны енгізуге және шетелдік инвес­тицияларды тартуға негізделген бәсе­кеге қабілетті экономиканы құру ба­ғытын ұстанады. Аталған әрбір бағыт бойынша жұмыс уақыт өткен сайын қарқын ала түсуде. Бір сөзбен айтқанда, бағдарла­ма­ларды іске қосу уақыты өтті. Енді негізгі екпін индустрияландырудың президенттік бағдарламасын белсенді, ең бастысы, сапалы түрде жүзеге асыруға түсірілетін болады. Ол енді, әсіресе, өңірлерде белсенді сипатқа енуі керек. – Сіздің көзқарасыңыз бойынша, осындай жұмыстарды жүзеге асы­ру­да өңірлер басшыларының  алдында қандай міндеттер тұр? – Екі жағдайды атап өткеніміз жөн. Жедел сипатта жүзеге асыратын міндеттер бар да, жүйелі түрде атқаратын жұмыстар бар. Иә, өңірлер жобалар бойынша бизнеспен тығыз қарым-қа­тынас жасай отырып жұмыс істей бас­тады. Бірақ бұл әлі аз. Индустрия­лан­дыру саясатының аясында өңірлік эко­номиканы дамыту мәселелерін жүйелі түрде қарастыру мәселесі өткір сипатқа ие бола түсті. Әрбір өңір қандай жұ­мыспен нақты айналысуы керек? Олар­дың қандай нақты артықшы­лықтары бар және қандай өсім нүктелерін іздестіруге болады? Қандай инфрақұры­лымдар мен еңбек ресурстары қажет? Білікті кадрлармен қамту мәселесін қалай шешуге болады? Міне, осы мәселелердің барлығы өңірлік деңгейде өте маңызды. Сондықтан өңірлер жергілікті жерде инвесторлармен жұмысты күшейтіп, қазақстандық қамту саяса­тымен белсенді шұғылдануы қажет. Тағы бір өте маңызды бағыт – инновация. Мемлекеттік қолдаудың арқасында елімізде инновациялық қызмет көрсеткіштерінің тұрақты өсу сипаты байқалады. Инновациялық белсенді кәсіпорындардың үлесі Қазақстан бойынша орта есеппен алғанда 4,3 пайызға дейін артып отыр. Соның ішінде республикалық орта деңгейден жоғары көрсеткіштерге еліміздің 8 өңірі – Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қа­зақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыс­тары, Алматы қаласы, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстары қол жеткізді. Сонымен бірге әлі де көптеген жүйелі және ағымдағы проблемаларды шешу міндеті алда тұр. Қазір өңірлік-инновациялық жүйені құру мәселе­сімен шұғылдану қажет. Бұл жүйе әзірге ешбір өңірде болмай отыр. Дегенмен, оның жекелеген тетіктері – технопарктер, кеңестер жұмыс істеп жат­қандығын да айта кетсек артық болмас. Мұның сыртында неғұрлым тиімді жұмыс істеу үшін көптеген жаңа идеялар мен әзірленімдерді ұсына алатын жергілікті жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнату қажет. Әкімдіктер мен әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорацияларға өңірлердегі экономикалық үдерістерге талдау жүр­гіз­ген жөн болады. Сөйтіп, жоғарыда аталған басым бағыттардың әрбірі бой­ынша өңірлік стратегияны әзірлеу үшін жұмыс істеу керек. Жеңіл жобалардың уақыты өтті, енді іргелі мәселелермен шұғылдану міндеті алға қойылып отыр. Менің айтып отырған бұл мәселе­лерім Мемлекет басшысының тап­сыр­масын орындаудың маңызды міндеттері болып табылады. – Бәлкім, мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының нақты бір нәти­же­лері туралы сұрауға әлі ертерек болар. Өйткені, әңгіме бесжылдық бағ­дарламалар жөнінде болып отыр ғой... Дегенмен, соған қарамастан, ин­дустрияландыру бағдарлама­сы­ның осы өткен біржарым жыл ішінде экономикамызға қандай ықпал етіп отырғандығын білу өте қызықты. – Иә, дұрыс айтасыз. ҮИИДБ – бұл экономиканың мұнайға жатпайтын (ши­кізаттық емес) секторын құрып, да­мытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы. Сондықтан негізгі нәтижелерді біз кейінірек көре аламыз. Дегенмен, соған қарамастан индустрияландыру ісі қолға алынған 2010 жылдың өзінде еліміздің ішкі жалпы өнімі 7 пайызға өссе, осы­ның 2 пайызы Индустрияландыру кар­тасының аясында өткен жылы іске қосылған өндірістердің үлесіне тиіп отырғандығын айтуымыз керек. Үсті­міздегі жылдың бірінші жарты­жыл­дығында біз ІЖӨ-нің өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда тағы да 7 пайызға өскендігін көрдік. Ши­кі­заттық тауарлар бағасының жедел өс­кендігіне қарамастан, ІЖӨ құры­лы­мындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі де арта түсуде. Оның даму деңгейі бірінші жартыжылдықта жоспардағы 11,7 пайыз­дың орнына 12 пайызға көтерілді. Мәшине жасау, химия және металлургия секілді жоғары технологиялық салалар басым қарқынмен дами түсті. Өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі артуда. Өткен жылы жан басына шақ­қандағы оның көлемі 43 мың АҚШ долларын құрады. Ал осыдан бір жыл бұрын ғана бұл көрсеткіш 30 мың дол­лардың айналасында болатын. Осынау өсу ырғағы қазірге дейін жақсы сақталып келеді. – ҮИИДБ-ні жүзеге асырудың негізгі құралы мен индикаторы ретінде Индустрияландыру картасы өзін-өзі ақтады ма? – Өзіңіз бағалап көріңіз. Біржарым жылдың ішінде тек Индустрияландыру картасының аясында ғана жалпы құны 914 миллиард теңгені құрайтын 227 жаңа өндіріс іске қосылды. 29 мың жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды. Жаңа кәсіпорындарда 1 миллиард тең­геден астам сомаға өнімдер шыға­рылды. Әрине, бұл көлем әлі көп емес, бірақ ең бастысы – бұл оңға бастап отырған қарышты қадам. Бізге оны одан әрі бекіте түсу қажет. Индустрияландыру карта­сындағы жобалардың іске қо­сылуымен еліміздің 13 басым секторында 106 түрлі жаңа өнім бірінші рет игерілді. Осы ретте түсіндіре кететін бір жағдай, біз бұрын рыноктағы 400 бос экономикалық орынды айқындаған едік. Бұл орын­дар­дың барлығы – бұрын Қазақ­стан өзін еш уақытта көр­сет­пеген бағыттар. Жоғарыдағы 106 өнім түрі біздің тәуелсіз Қа­зақстанда осыған дейін өнді­рілмеген өнімдер болып табы­лады. Олар – құбырларды коррозиядан қорғайтын материалдар, каустикалық содалар, хлор, автомобильдер, локомотивтер, медициналық, мұнай-газ және ауылшаруашылық құрал-жаб­дық­тары, дәрі-дәр­мек­тердің жаңа түрлері. Ин­дус­трия­лан­дыру өнімдерінің бұл тізімін одан әрі жалғас­тыра беруге бо­лады және бо­лашақта олардың саны арта беретіндігі анық. Экономикалық зерттеулер инс­титутының деректері бойын­ша, Ин­дустрияландыру картасы­ның іске қо­сылған жобалары (2010-2011 жыл­дарда) және салыну үстіндегі ҮИИДБ нысандары есебінен үстіміздегі жылғы ІЖӨ-нің өсімі 3 пайыздан асып түсетін болады. Әрине, барлық жұмыстар жоспарға сәйкес жүр­гізілген жағдайда. Мұнда көп мә­селе облыстардың белсенділігіне бай­ла­нысты. Жалпы, жергілікті атқару ор­гандары бизнеспен ты­ғыз байланыста жұмыс істеулері қажет. Әкімдіктер ин­дустрияландыру сая­са­тын өңірлерде жүргізудің жолбас­шы­лары болып табы­лады. Жеке сек­тор­дағы бизнес жоба­лардың тағдыры және бүтіндей алған­да, индустрияландыру­дың нақты ха­лықтық деңгейде іске асуы осы әкім­діктердің іс-әрекеттеріне байланысты шешілмек. – ҮИИДБ жобаларын жүзеге асы­руда инвесторлар қаншалықты белсенді? – Бұл ретте Қазақстанның шетелдік тікелей инвестициялар тарту жөнінде, оның жан басына шаққандағы және ішкі жалпы өнімдегі үлесі жөнінде де көшбасшы екендігін атап өтуіміз керек. Оның үстіне тау-кен саласындағы және жылжымайтын мүліктермен операция­лардағы, геологиялық барлаудағы ин­вес­тициялардың белсенді түрде өсуіне қарамастан, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2 пайызға өсті және басқа салалар есебінен 14 пайызды құрады. Бүтіндей алғанда, инвестиция тарту – өте маңызды тапсырмалардың бірі. Сондықтан біз еліміздің инвести­ция­лық тартымдылығын көтеру жөніндегі жұмыстармен тұрақты түрде шұғыл­данудамыз. Бірқатар түбегейлі заңдық негіздегі және жүйелік негіздегі шаралар қабылданды. «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттік» арнаулы маман­дан­дырылған компаниясы құрылды. Ол әлемнің әр шалғайынан 10 мың инвестормен жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Соның ішінде 200 инвестициялық жобалар бойынша шетелдік инвесторлармен нақты жұмыстар жүргізілуде. 7 миллиард АҚШ долларына жуық сома­дағы инвестиция тарту туралы келісімдерге қол жетті. Қазақстанда инвесторлармен тиімді жұмыс істеуге және үдерістерді оңтайландыруға мүмкіндік беретін инвестициялар тартудың ұлт­тық жоспары әзірленді. Бұл жоспар инвесторлармен жұмысты орталық және өңірлік деңгейде жүйелі жолға қоюды қарастырады. Оның үстіне мемлекеттік органдар мен елшіліктер үшін олардың тікелей шетелдік инвестициялар тарту­дағы жұмысына баға беру жүйесі енгізілуде. Егер жергілікті жерлердегі ахуалға келер болсақ, өңірлер арасында индус­триялық жобаларға инвестициялар тарту жөнінде Шығыс Қазақстан (142 млрд. теңге), Ақтөбе (128 млрд.), Павлодар (121 млрд.) облыстары алда келеді. Екінші жартыжылдықта ең аз дегенде жалпы құны 600 миллиард теңгеден асатын 129 жобаны іске қосу, осы­лар­дың негізінде 14,5 мың тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланды. Ал үсті­міз­дегі жылы Индустрияландыру карта­сын­дағы жүзеге асатын барлық жоба­ларға тартылатын инвестицияның жал­пы көлемі 1,5 триллион теңгені құрамақ. Индустрияландыру картасы жылы­на екі рет жаңаланып отыратындығын еске сала кетейін. Дәл қазіргі сәттері осы мәселе бойынша жұмыстар аяқ­талу үстінде. Өңірлер біздің қарауы­мызға жүзге жуық жаңа жобаны ұсын­ды. Бірақ бұл жерде, Мемлекет бас­шы­сы атап көрсеткеніндей, сапаға басты мән беруіміз керек. Сондықтан тізімге алынған жобалардың өз мерзімінде іске асырылмай кейінге сырғытылуы секілді өткендегі кемшіліктер тағы қай­таланбас үшін, жобаларды іріктеу жө­ніндегі жұмыстар өте қатаң жағдайда жүргізілуде. Осы ретте Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәйкес, әкім­нің өңірдегі әрбір жоба үшін жеке жауап беретіндігін тағы бір еске сала кетпекпін. – Бизнесті мемлекеттік қолдау жүйесіндегі басымдықтардың өзгер­ті­летіндігі туралы бірнеше рет мә­лім­делді. Осы мәселеде ортақ көз­қарасқа келудің, іс-әрекетке көшудің сәті түсті ме? – Ашығын айтқанда, бұл жөнінде бізде бұрын да келіспеушілік байқалған емес. Жұмыстың жалпы идеологиясы: ҮИИДБ-нің стратегиялық бағыттарын жүзеге асырумен шұғылданушыларды бірінші кезекте қолдаймыз. Дегенмен, бүгінгі күні бизнесті қолдау мәселесін шартты түрде алғанда бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші – жүйе құрушы кәсіп­орындар. Кәсіпорындардың көлемін ескере отырып, олардың әрбір жобаларын біз жеке жағдайда қарастырамыз, бірақ жаңғыртудың кешенді жоспарларын бірлесіп әзірлейміз. Бүгінгі күні үш жүйе құрушы кәсіпорынды жаңғырту жоспары қаралды және олар мақұл­данды. Мысал үшін «Қазфосфатты» жаң­ғыртуды алайық. Бұл кәсіпорында 120 миллиард теңгеден астам соманың ин­вестициялық жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Кәсіпорынды жаңғырту жоғары деңгейде өңделетін оннан астам жаңа химиялық өнімдер түрін жасап шығаруға негізделген. 2015 жылға таман жаңғырту нәтижесінде еңбек өнімділігін 1,5 есе арттырып, қызмет­кер­лер санын 6 мың адамға дейін жеткізу, қуат шығындылығын 2 есе төмен­дету, табиғи газды тұтынуды жылына 100 миллион текше метрден 16 миллион текше метрге дейін азайту көзде­лі­неді. Ең бастысы, 2012 жылы құрамын­да фосфоры бар қалдықтарды толық залалсыздандыру жоспарланып отыр. Міне, сөйтіп жыл соңына дейін металлургия саласының, химия және дә­рі-дәрмек өнеркәсібінің әрбіріндегі жүйе құрушы 7 кәсіпорыннан әзірлеме жоспарын құру белгіленді. Екінші топтағы кәсіпорындар – олар ірі және шағын бизнес кәсіпорындары. Бұл жөнінде бизнесті кешенді қол­даудың «Өнімділік-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары­ның, сондай-ақ Бәсекеге қабілетті кә­сіпорындарды сауықтыру бағдарлама­сы­ның, ауылшаруашылық тауар өнді­ру­шілерін қолдау және «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының іске қосылып, жұмыс істеуде екендігін ай­туға болады. – Сіз бизнесті мемлекеттік қол­даудың жүздеген түрлерін пайда­ла­нуға болатындығын айтқансыз. Бұл қандай құралдар мен тетіктер? Со­лардың ішінде, сіздің көзқарасыңыз бойынша, неғұрлым іргелі дегеніне тоқтала кетсеңіз. – Бұл жерде әңгіме қолдау тетік­терінің гранттар, субсидиялар, преференциялар, үлестік қатысу, мемлекеттік кепілдік беру секілді түрлері туралы болып отыр. Мәселен, инвестициялық жоба­лар­ды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай туғызу мақ­сатында шетелден әкелінетін құрал-жаб­дықтар мен оларды құраушы бөлшектер кедендік баж са­лығын салудан боса­тылады. Жер телімдері заттай грант түрінде тегін пай­да­лануға беріледі. Сонымен қатар, инновация жүйесін да­мыту мақ­са­тында тәжірибелік-конструк­торлық әзірленім­дер­ді орын­дау және қолданбалы сипат­тағы тәуекел­дерге зерттеулер жүргізу үшін 20 миллион тең­геге дейін гранттар беріледі. Тек үстіміздегі жылдың өзінде ғана осы мақсат үшін бюджет қаржысы 4,5 есе арттырылып, жиыны 7 миллиард 300 миллион теңгені құра­ды. Автожолдар, электр желілері, су құ­быр­лары мен кәріз жүйелері, темір жол тұйық­тары секілді өн­дірістік ин­фрақұ­ры­лымдарды салу және жаңғырту жұмыс­тары да жүргізілуде. Б­ү­гінгі күні кө­мектің мұндай түрі 175 кәсіпорын үшін көрсетілді. Ауыл шаруашылығы сала­сындағы жобаларды жүзеге асыру үшін айрықша жағдай туғызылды. Тауарлы-сүт ферма­ларын, ауылшаруашылық тех­ни­ка­лары өндірісін ұйымдас­тыру, құс фабрика­ларын, жылы­жай шаруашылықтарын, көк­өніс сақтау қоймаларын құру және дамыту үшін берілетін несиелердің жылдық сыйақы ставкасы бар болғаны 6 пайызды құрайды. Ал ауылшаруа­шылық құрал-жабдықтарын, арнаулы техникаларын, көлік құралдарын сатып алу, жүзеге асыру үшін берілетін лизингтің ставкасы 4 пайыз ғана. Кәсіпкерлер мемлекет қаржысы есебінен сервистік қолдауды пайдалана ала­ды. Ал мұның өзі кәсіпорын үшін маңызы зор бухгалтерлік және салық­тық есеп жүргізу, статистикалық есептілікті жасау, кедендік хаттау, заң жө­нінде кеңестер беру, сапа менеджменті жүйесін енгізу, маркетинг  жөнінде кеңес беру секілді қызметтердің көптеген түрлерін қамтиды. – «Өнімділік-2020» бағдарламасы оны талқылау кезінің өзінде-ақ кә­сіпкерлердің үлкен қызығушылы­ғын туындатқан болатын. Олардың бұл үміті ақталды ма? – «Өнімділік-2020» бағдарламасы биылғы көктемнен бастап жұмыс істей бастады. Ол қолданыстағы өндірістерді жаңғыртуға және жаңа өндірістер құ­руға бағытталған. Мұнда жаңғырту жос­парын әзірлеуге, қазіргі заманғы басқару технологияларын әзірлеуге қол­­дау білдіру, көмектер көрсету, заманауи құрал-жабдықтарды жеткізуге ұзақ мерзімді лизингтер беру, қажетті неғұрлым жоғары білікті кадрларды тарту шығындарын өтеу, инновациялық гранттар беру және басқа да мемлекеттік қолдаудың, іске ынталандырудың тұтас бір жүйесі әзірленді. Қазіргі күні 171 кәсіпорын осы бағ­дарламаға қосылуға ықылас таны­тып отыр. Солардың ішінде мәшине жасау, құрылыс материалдары индустриясы және агроөнеркәсіптік кешен сала­ларының кәсіпорындары үлкен белсенділік көрсетуде. Үстіміздегі қанатқақты жылы жалпы жиыны 19 миллиард теңгенің қолдау қаржысына негізделген тетіктерді пайдалана отырып, 50-ге жуық жобаны жүзеге асыру жоспар­ланып отыр. «Өнімділік-2020» бағдарламасы жұ­мыс істей бастаған сәттен-ақ үкіметтік жұмыс тобы өңірлерге шығып, бизнес өкілдерімен кездесіп, аталған бағдар­ламаның мәні мен маңызын түсіндірді. Қыркүйек айының басында оңтүс­тік­тегі облыстар үшін Алматы қаласында жиын болып өтті. Біз қазір жұмыстың жүріп жатқандығын көріп отырмыз. Дегенмен, жергілікті атқару орган­да­рына істі әлі де ширата түсуі, әрбір кә­сіпорынға барып, бұл бағдарлама олар­дың мүддесіне сәйкес жасалын­ған­дығын жеткізуі қажет деп есептеймін. – «Экспорттаушы-2020» бағдар­ла­масы Қазақстан экспортының гео­гра­фиясын кеңейтуге көмектесе алды ма? – Қазірдің өзінде отандық кәсіп­орын­дарға өз өнімдерін сыртқы рынок­тарға қарай шығаруларына кешенді қол­дау көрсету мақсатында қазақ­стан­дық тауарлар мен брендтерді таныс­тыру жөнінде 30-ға тарта арнаулы шаралар ұйымдастырылды. Тоғыз сауда қызметі құрылды. 20-дан астам елде сатушылар мен сатып алушылардың кездесулері өткізіліп, 50-ге тарта шетелдік көрмелерге 63 экспорт­тау­шы­ларымыздың қатысуы қамтамасыз етілді. Осындай шаралардың нәтижесінде 372 миллион доллардың келісімдеріне қол қойылды. Сондай-ақ, 43 отандық экспорттау­шының өз өнімдерін экспортқа шы­ғаруына байланысты жұмсаған 141 миллион теңге көлеміндегі шығындары өтелді. Тоғыз елге шығарылған мәши­не­лер мен құрал-жабдықтар, химия, тоқыма өнімдері, дәрілік заттар, тағам өнімдері, құрылыс материалдары экс­пор­ты 292,6 миллион доллар сома­сында ынталандырылды. Ал егер бүтіндей алатын болсақ, өңделген өнім шығаратын біржарым мыңнан астам экспорттаушы кәсіпорындар мемлекеттік қолдау жүйесіне тартылды. Мұның өзі – үлкен нәтиже. – Қазақстандық өнімнің шетелде сұранысқа ие болғандығы жөнінде нақты бір мысалдар бар ма? – Мысалдар көп. Бүгінгі күні Қа­зақ­стан 1500 тауарлар тобын экс­портқа шығарады. Оның үстіне шы­ғару көлемі жылдан-жылға артып келеді. Индустрия және жаңа техноло­гия­лар ми­нистр­лігінің «KAZNEX INVEST» АҚ мәліметтері бойынша дайын азық-түлік тауарлары экс­порты­ның әр жылдық орта өсім деңгейі 21 пайызды, құрылыс материалдары экс­портының өсім дең­гейі тағы да осын­ша мөлшерді, металдан жасалған бұй­ым­дар экспортының өсімі 23 пайызды, химия және дәрі-дәрмек өнеркәсібі тауарлары экспор­тының өсімі 11 пайызды құрап отыр. Үстіміздегі жылдың І тоқсанында Қазақстанда шығарылған аккумуляторлар экспорты өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 5 есе өсіп, 24,2 миллион долларды құрады. Егер бұрын негізінен ТМД елдеріне тауарлар экс­порттап келсек, бүгінгі күні бұл тізімнен Польшаны және басқа да Шығыс Еуропа елдерін көруге болады. Қазақстандық подшипниктер экс­пор­ты 61 пайызға артты. Олардың гео­графиясы да кеңейтілді. Ресей мен Беларусьтен тыс енді Бруней мен Нор­вегияға тауарлар шығаруды жолға қойдық. Та­зар­тылған мыстан жасалын­ған сымдар экспорты 37 пайызға, сары фосфор экспорты 2,2 есе өссе, бүгінгі күні бұл өнімді Германия, Польша, Чехия, Италия секілді елдер де тұтынуда. Ал Тә­жікстанға шығарылатын қазақ­стандық цемент экспортының көлемі 8 есе ұлғайып отыр. Міне, осыдан көріп отырғанымыз­дай, Қазақстан бүгінгі күні тек мұнай, кен мен металдар елі ғана емес. Біз неғұрлым қосылған құны жоғары өнімдерді өндіре алатындығымызға да көз жеткізіп отырмыз. Жалпы, бүгінгі күні Қазақстан өнімін әлемнің жүзден аса елі тұтынуда. – ҮИИДБ-ні жүзеге асырудағы орталық пен өңірлер қарым-қаты­насының тетіктері бұдан әрі қалай өріс алмақшы? – Мен бағдарламаны жүзеге асыру жүгі енді орталықтан өңірлерге қарай ауысуы тиіс екендігін айтып өттім. Бүгінгі күні ұлттық компаниялар мен әкімдіктердің инвестициялық жобалар­ға атаулы қолдау көрсету жұмыстарына белсенді түрде жұмыла бастағандығын көріп отырмыз. Енді жұмысты одан әрі жүйелендіру үшін облыс әкімдіктері қасындағы өнеркәсіп басқармалары және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар деңгейінде «бір терезе» қағи­даты бойынша ақпараттық орталықтар құру ұсынылып отыр. Мұнда әрбір кәсіпкер, жаңашыл, инвестор барлық қолда бар бағдарламалар мен оларға қолдау көрсету тетіктері жайында тиісті кеңестер мен көмектерді ала алған болар еді. Мемлекеттік органдар мен бизнес­тің өзара әрекеттестігін нақты үйлес­тіру, кәсіпкерлікке кешенді қолдауды жүзеге асыру үшін «Атамекен» одағы» ҰЭП-тің қатысуымен өңірлік үйлестіру кеңестерінің жұмыстарын белсенді ете түсу қажет. Әкімдіктер бюрократтық ке­дер­гілерді еңсере, тексеру органдар­дың заңнан тыс іске араласуына дер кезінде тосқауыл қоя отырып, жобалар­дың жүзеге асуын жіті қадағалап оты­рулары тиіс. Енді бизнеске қолдау көрсету жөніндегі барлық бағдарла­малар бойынша өңірлердің әр тоқсан сайынғы рейтингі айқындалып оты­ратын болады. Сонымен қатар, бизнестің өзіне де өз әдістері мен ойлау өрістерін өзгер­ту­ге тура келгендей. Өйткені, әр жыл өткен сайын Қытай, Ресей, Өзбекстан секілді көрші елдеріміздегі өндіріс­ші­лермен бәсекеге түсу ісі қиындай бермек. Сондықтан да біздің бизнес қауымдастыққа неғұрлым ұзақ мерзімді дамуды қамтамасыз ететін мақсаттарға қарай жұмыла түсу қажет. «Есіктен шыға салып» пайда табу жөніндегі дағдыдан арылатын мезгіл жетті. Ал жүйелі түрдегі тиімділікке корпоративтік басқару деңгейін көтеру, айқын­дылық пен мөлдірлікті арттыру арқылы ғана қол жеткізуге болады. Табыстың кілті міне, осында тұр. – Әсет Өрентайұлы, сіз өз сұхбат­тарыңыздың бірінде жер қой­нау­ларын пайдалану мен геология сала­сындағы саясаттың қайта қарас­ты­рылу үстінде екенін айтқан едіңіз. Бұл неге байланысты болып отыр және нақты қандай жұмыстар жүр­гізілмек? – Біз еліміздің минералдық-шикі­заттық базасының жағдайына, ол бой­ынша бекітілген республикалық бағ­дар­ламалар мен қол қойылған шарт­тардың негізділігіне, сонымен қатар, ондағы жобалардың басымдығы мен тиімділігіне және олардың ҮИИДБ міндеттері мен мақсаттарына қаншалықты сәйкес келетіндігіне тексеру жүргізген едік. Өкінішке орай, геологиялық сала­ның жүйелік терең дағдарысқа түс­кендігін мәлімдеуге тура келеді. Оның үстіне проблемалар саланың барлық сегменттеріне – минералдық-шикізат­тық ресурстар мен заңдық-нормативтік базасына, салалық инфрақұрылымы мен кадрлық саясатына бірдей қатысты болып шықты. Бүтіндей алғанда, минералдық-ши­кізаттық кешенді дамытудың 2006-2010 жылдарға арналған бағдарла­масын жүзеге асыру нәтижелеріне жүргізілген талдау бағдарламада белгіленген бар­лық міндеттердің бәрінің бірдей орындалмағандығын көрсетті. Соны­мен қатар бюджеттік қаржыны тиімсіз игеру фактілері де кездесті. Осыған байланысты Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің баста­ма­сымен еліміздің Бас прокуратурасы тексеру жүргізіп, соның нәтижесінде кадр мәселесіне қатысты шешімдер қабыл­данды. Сондай-ақ жасалынған талдау ірі кен орындарын әзірлеу үшін тұрғызыл­ған жеке қалалардың минералдық-шикізаттық базасы бүтіндей алғанда түгесілуге жақын екендігін көрсетіп берді. Егер біз дер кезінде жедел шаралар қабылдамайтын болсақ, онда әлем­дік рыноктарда сұранысқа ие болып отырған түсті және бағалы метал­дардың қорлары 10-15 жылдан кейін таусылатын болады. Егер заңдық база туралы әңгіме қоз­ғайтын болсақ, қазіргі қолданыстағы «Жер қойнаулары мен жер қойнауларын пайдалану туралы» заң геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізуді толық мәнінде ынталандырмайтындығына көз жеткіземіз. Сондықтан оған тиісті түзетулер енгізу қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар қазірдің өзінде басталып та кетті. Жаңа түзетулер мен өзгерістер жер қойнауларын барлауға инвесторлар тартуға, соның ішінде, шағын тау-кен кәсіпорындарын тартуға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Салалық инфрақұрылымдар мәселе­сі өте маңызды. Өкінішке орай, ол бізде бүтіндей алғанда, жоқ десе де болады. Бұл жөніндегі жұмыс Геология және жер қойнауларын пайдалану комитеті жүйесінде қайта ұйымдастырулардан бастау алмақ.  Мұның сыртында ғылы­ми-зерттеу орталығын, жобалау инжинирингтік ұйымдарды, салалық оқу орталығын құру қажет. Жұмыстың тағы бір басым бағыты – геологиялық барлау саласындағы кадр­лар тапшылығының орнын толтыру. Қазір кәсіптік-техникалық кадрларды дайындау жөнінен салалық кеңес құру мәселесі талқылануда. Ол саланың кадрға деген сұранысын айқындау және жер қойнауын пайдаланушылардың кадрларды дайындау мен қайта даяр­лауға қатысуын үйлестіру жұмыстары­мен шұғылданатын болады. Сонымен қатар тау-кен металлургия кешені үшін мамандар даярлауға мемлекеттік бағ­дар­лама аясында квоталар бөлу және Назарбаев университеті базасында жер қойнауын пайдаланушылардың оқуға бөлетін қаржысы арқылы «Геология және тау-кен ісі» факультетін құру мә­селесін қарастыру жөнінде ұсыныстар жасалынды. Жоғарыда аталған проблемалардың барлығын біз жуық арада барлық мүд­делі тараптардың қатысуымен өткізілетін дөңгелек үстел басында талқыламақ ниеттеміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ.