«Заманауи физиология: клеткалық-молекулалықтан интегративтік негізде денсаулықпен ұзақ жасау» атты тақырыпта үш күнге созылған алқалы жиын академиктер Н.Базанова мен Ф.Мұхамедғалиевтың 100 жылдық мерейтойлары құрметіне арналды.
Съезд жұмысына Ресей, Израиль, Моңғолия, Қырғызстаннан келген ғалымдар қатысты. Жиынның ашылу салтанатында Қазақ физиология қоғамының төрағасы К.Тәшенов, ҚазҰАУ ректоры Т.Есполов сөз сөйлеп, Қазақстандағы физиология саласында атқарылған жұмыстар мен бүгінгі ахуалына, қос ғалымның отандық ғылымдағы алар орнына тоқталып, съезд жұмысына сәттілік тіледі. Алдымен Н.Базанованың Қазақстандағы физиология ғылымының негізін қалау мен дамытудағы рөлі жайында Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Адам және жануарлар физиология институтының бас директоры Е.Мақашев мазмұнды баяндама жасады. Бұдан кейін атақты академиктердің өмірі мен ғылым жолындағы еңбектерін баяндайтын фильм көрсетіліп, әріптестері естеліктер айтты.
Съездің екінші күні Израильден келген ғалым М.Даниленко, сол сияқты Санкт-Петербургтен келген ғалым Ю.Москаленко күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ой-толғамдарын ортаға салды. Одан кейін съезге қатысушылар 7 секция бойынша жұмыс жүргізіп, келесі күні пленарлық мәжілісте съезд жұмысы қортындыланды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.