• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
28 Қыркүйек, 2011

Тәуелсіздік тарихының бір бөлшегі

388 рет
көрсетілді

Қостанайда екі жылдан бері «Бәдрисафа» экспе­дициясы құрылып, Алаш ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың жары Бәдрисафа анамыздың өмірдеректерін анықтауда бірсыпыра іс тындырып келеді. Жақында А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, «Нұр Отан» ХДП Қостанай қалалық филиалы бірлесіп, «Бәдрисафа тағдыры – тәуелсіздік тарихының бөлшегі» атты дөңгелек үстел мәжілісін өткізді. Оған Ахаңның Алматы қаласындағы музейінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Райхан Имаханбетова, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Махсат Алпысбес және Қостанайдың зиялы қауымы, Бәдрисафаның көзін көрген қариялар, студенттер қатысты. Дөңгелек үстел мәжілісінде алдымен «Бәдрисафа» экспедициясының құрылғалы бергі екі жыл ішінде атқарған жұмысы көпшілікке хабардар етілді. Осы уақыт ішінде оның мүшелері Ахаң мен Бәдрисафа шешеміздің табаны тиген Алматы, Том, Орынбор шаһарларына барып қайтты. Олжасыз да емес. Саяси қуғын-сүргін жылдарының жазықсыз құрбаны болған қос мұңлықтың ізі қалған жерлерден архив материалдарымен қатар, олардың көзін көрген жандардың әңгімелері жазылып алынды, басқа да жанама деректер табылды. Мәжілісте сөз алған Р.Имаханбетова «Бәдрисафа» экс­педициясының жұмысы ахметтану ісіне қосыла­тын үлес екенін айтса, М.Алпысбес тек құжатнама ғана емес, қазақ тарихын жазуда ауызша жеткен деректерге де мән беру керектігіне тоқталды. Ал осы басқосуға шалғайда жатқан Торғай кентінен келіп қатысқан Жангелдин аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орекен Алматов ақын, аудармашы Қасым Тоғызақовтың аса ауыр күндерді басынан кешіп жүрген Бәдрисафаға қол ұшын созғанына күмән келтіруге болмайтынын нақты мысалдармен жеткізді. Ол өзі де содыр саясаттың тоқпағын көрген Қасым­ның тек ақын ғана емес, адамгершілікті ту етіп өткен азамат болғанын айтты. Басқосуда бұрынғы Екпінді ауылында аянышты халде көз жұмған Александраның Ахаңның аяулы жары Бәдрисафа екені туралы пікірлер тоғысып жатты. «Нұр Отан» ХДП Қостанай қалалық филиалы­ның төрайымы, профессор Римма Бектұрғанова жетекшілік ететін «Бәдрисафа» экспедициясының жұ­мы­сына қазір Қостанай облысындағы орыс интел­ли­генциясы да атсалысып отыр. Суретші Николай Торшин Бәдрисафа шешеміздің портретін салып шықты. Бұл қылқалам иесі еліміз тәуелсіздігінің елең-алаңында Ахаң портретін алғашқы салғандардың да бірі болатын. Ал М.Горький атындағы орыс драма театрының бас режиссері Александр Лиопа егер сценарий жазылса Ахаң мен Бәдрисафа туралы спектакль қоюға дайын екенін білдірді. Алдағы уақытта «Бәдрисафа» экспедициясы қол­ға алған жұмысты одан әрі жалғастыратын болады. Сонымен қатар, келесі жылы осы тақырыпқа ғы­лыми-практикалық конференция өткізіп, Меңдіғара ауданындағы бұрынғы Екпінді ауылындағы анамыз­дың сүйегі жатқан қырдың үстіне ескерткіш белгі орнатуға бәтуаласты. Бүгінгі ұрпаққа тағылым боларлықтай өзге де жұмыстар жүргізілетін болады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.