Кеше кешкісін Баку төрінде бокстан ересектер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында шаршы алаңға 52 кило салмақтағы былғары қолғап шеберлері шықты.
Қазір біздің боксшылар осылай күн сайын бір-бірден рингке шығып, айқасып жатыр. Тек әлем чемпионатының екінші аптасында ғана боксшылар екі кездесуден өткізетін болады. Ал әзірше, бізге кешке дейін ұлттық құраманың бір ғана өкілінің жекпе-жегін күтуге тура келіп отыр.
Кешегі салмақтағы айқастарда біздің елден Олжас Сәттібай марокколық Абдельфаттах Надильмен алғашқы кездесуін өткізді. Жекпе-жекте біздің боксшы басымдық танытты. Бірінші раундта қарсыласын аңдып, соққылар дарытып отырды. Бірақ қаншама рет соққылар жасаса да бірінші раундты 1:0, екінші раундты 6:4 есебімен аяқтады. Ал соңғы раундта марокколық есені қайтаруға тырысқанымен одан ештеңе шықпады. Біздің боксшы болса, әрі қарай сауатты қорғанып, айласын асыра білді. Қорытынды есеп – 14:7. Сөйтіп, бізге әлем чемпионатындағы алғашқы жеңісті Олжас Сәттібай әкелді.
Енді 2 қазан күні Олжас Сәттібай ирландиялық Майкл Конланды жеңген молдовалық Александр Рыщканпен кездеседі. Егер осы сында Олжастың жолы болып жатса, онда оның жолы олимпиялық жүйе бойынша француз Нордин Кубиалилимен түйіседі. Міне, осы кезде қазақ боксшысына оңай болмайтыны белгілі. Оның қарсыласы тәжірибелі боксшы. Кубиалили жеребе тартылған күні алғашқы айналымда қарсыласы болмаған соң, қатыспады. Сол себепті бірден 1/16 финалға жолдама алды. Осы бәсекеде отандасымыз французды жеңсе, онда оның әрі қарай жолы ашылады деуге болады.
Әлем чемпионатының ең қызықты да тартысты айқастары міне, сол кезде басталады. Қазір финалға шығу үшін алақандарын ысқылап жүрген боксшылар көп. Ресей құрамасында өнер көрсететін армян Миша Алоян, кубалық Роберси Рамирес, Эриспанди Савон және басқалар жүлдеге дәмелі.
Кеше 52 кило салмақтағы кездесуде Әзербайжан боксшысы жеңіліп қалды. Бұл алаң иелерінің өз жеріндегі алғашқы жеңілісі. Ал Ресей мен Куба, олардың өкшелерін басып келе жатқан Қытай, Украина, Өзбекстан сияқты елдердің өкілдері ұтылып жатыр деген хабарды естіп отырған жоқпыз. Қайта, осы күні бізге әлсіз саналатын Австрия, Аргентина, Албания, Македония, Египет, Чехия, Дания, Иран, Словакия, Венесуэла мен соларға ұқсас басқа да елдердің өкілдері бір-бірлерін жеңіп, бір-бірлерінен жеңіліп жатыр. Олардың бәрінің атын атап, түсін түстеп жату артық болар. Әлем чемпионаты басталарда жарыстың фавориті саналған Қытай, Ресей, Куба елдерімен салыстырғанда, олардың жүлдеге үміті тіптен жоқ деуге болады. Ал АҚШ, Әзербайжан, Армения, Өзбекстан, Қытай, Украина, Үндістан сияқты елдердің жөні бөлек, әрине. Олар кем дегенде бір алтын немесе күміс жүлдені алуға үмітті. Әрі кетсе қола жүлдені уыстап әкетуге дайын тұр. Біздің еліміз болса, ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов айтқандай, бір алтын, бір күміс және бір қола медальге үміттенсе, Лондон Олимпиадасына бокстан бес жолдаманы жеңіп алуды мақсат етуде.
28 қыркүйек күні 81 килода Әділбек Ниязымбетов молдовалық Владимир Челеспен кездеседі. Бұл айқаста кімнің жеңетінін айту қиын. Бірақ Ниязымбетовтың жеңетінін ішіміз сезеді. Одан кейін 69 кило салмақта екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиев эквадорлық Карлос Санчеспен, 30-ы күні 64 килода Данияр Елеусінов шотландиялық Джош Тэйлормен, 1 қазанда 60 килода Ғани Жайлауов жапон Шота Накаямамен, сол күні 75 кг.-де Данабек Сужанов Тайпей өкілі Ю Тин Янмен қолғап түйістіреді. Содан кейін 91 килода Василий Левит АҚШ боксшысы Уильямспен кездессе, аса ауыр салмақтағы Иван Дычко серб Милутин Станковичпен айқасады. Сербия өкілі біздің елге жақсы таныс боксшы. Ол осы кезге дейін «Астана арландары» кәсіпқой клубында өнер көрсетіп келді. Қазір оның көмегінен біздің бокс мамандары бас тартып, орнына басқа адамды аламыз деп отыр.
Біздің бапкерлердің бәрі чемпионатта Біржан Жақыптан басқа боксшыларға жеребе жолдас болғанын айтуда. Дегенмен, дүйсенбі күні Қытайдың Олимпиада чемпионы Зоу Шиминнің Доминикан Республикасы боксшысын әрең дегенде ұтқанына қарап Баку төрінде осал боксшыны табу қиын сияқты ма дейсіз. Қорыта айтқанда, шаршы алаңдағы айқастардың қалай өрбитінін бір Жаратқанның өзі ғана біледі. Бұл біздің ғана емес, аузынан Алласы түспейтін ұлттық құрама мүшелерінің жиі айтатын сөзі деп біліңіздер.
Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан». – Бакуден (Әзербайжан).