Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасы Халық өкілдері бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитетінің (ХӨБЖ ТК) Төрағасы У Бангоны қабылдады.
ХӨБЖ ҚХР-дың бір палаталы парламенті ретінде қызмет атқарады. Оның алғашқы шақырылымының бірінші сессиясы 1954 жылы болған еді. Әрбір шақырылымның өкілеттік мерзімі – 5 жыл. Бүгінгі күні оның құрамына 2987 депутат сайланған. ХӨБЖ депутаттары сайлау бірліктері бойынша өздерінің делегацияларын құрады және оның төрағасы мен орынбасарын сайлайды. Делегация басшысы болып көбінесе Қытай коммунистік партиясының жергілікті маңызы бар ұйымдарының немесе әскери бөлімдер парткомдарының хатшылары сайланады. Бір атап өтерлігі, ҚХР конституциясына сәйкес, осы ХӨБЖ-ның қатарына Қытайда тұратын барлық ұлттық азшылықтар тиісті мөлшерде өз өкілдерін міндетті түрде енгізе алады. Соның ішінде оның құрамында ҚХР-да тұратын қазақ халқының өкілдері де бар.
ХӨБЖ атқаратын үлкен міндеттер қатарында елдің конституциясына өзгерістер енгізіп, оның орындалуын қадағалау бар. Сонымен бірге, ХӨБЖ Азаматтық және Қылмыстық істер кодексін, мемлекеттік органдардың құрылымдары туралы және басқа да маңызды заңдарды қабылдап, оларға толықтырулар енгізе алады. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі жоспары да осы органда қаралып, бекітіледі. Мемлекеттік бюджет жөніндегі заң мен оның атқарылуы туралы есептерді де ХӨБЖ талқылайды. Елдегі әкімшілік-аумақтық бөлініс мәселелеріне өзгеріс енгізу де ХӨБЖ-де бекітіледі.
ҚХР-дағы нақты өкімет билігі ҚКП ОК қолында екені белгілі, бірақ оның қабылдаған барлық шешімдері осы органда бекітілген соң жарияланады. Жоғарғы өкімет орынтағына отыратын кандидатуралар да осында сайланады немесе бекітіледі. Соның ішінде ҚХР Төрағасы мен оның орынбасарлары, Орталық әскери кеңестің төрағасы, Жоғарғы сот төрағасы, Бас прокурор, т.б. бар. Сондай-ақ Мемкеңестің премьері мен мүшелерінің кандидатураларын да ХӨБЖ бекітеді немесе қызметінен босатады. ХӨБЖ-нің Тұрақты комитеті – үзіліссіз жұмыс істейтін орган. Оның тоғыз комитеті бар.
Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарына тоқтала кететін болсақ, ол қазір қатты өрлеу үстінде. ҚХР аумағында Бейжіңдегі Қазақстан Елшілігінен басқа, Гонконг пен Шанхайда Бас консулдықтар бар. Сондай-ақ Үрімшіде паспорт-визалық қызмет ашылған. Ал ҚХР-дың Астанадағы Елшілігінен басқа, Алматыда Бас консулдығы жұмыс істейді. Қытаймен тату көршілік және достық қатынасты дамыту – Қазақстан сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі. Екі елдің арасында дипломатиялық қатынас орнаған 19 жылдың ішіндегі негізгі саяси жетістіктер қатарына ҚХР Үкіметінің Қазақстан қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы ресми мәлімдемесін, сондай-ақ екіжақты шекаралық мәселелердің түпкілікті реттелгендігі туралы құжаттарға және трансшекаралық өзендерді қолдану мен қорғау саласындағы ынтымақтастыққа қол қойылғандығын атап айтуға болады. Бұлардан басқа екі жаққа да тиімді бірнеше маңызды құжаттарға қол қойылған. Соңғы жылдарда қол қойылған екіжақты маңызды құжаттар қатарында Қазақстанның экономикасын әртараптандыруға өзіндік үлес қосатын «Экономиканың шикізаттық емес секторындағы ынтымақтастық бағдарламасы» (2007 ж.) бар.
Қазақстан мен Қытай халықаралық құрылымдарда да өзара ықпалдастықтың тығыз үлгісін көрсетуде. Әсіресе, БҰҰ, ШЫҰ шеңберіндегі қатынастар туралы осыны айтуға болады. Сонымен бірге, ҚХР Қазақстанның АӨСШК, Дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізу секілді халықаралық бастамаларын қолдап отырады. Парламентаралық байланыстар да жақсы қарқынмен дамуда, екі елдің парламенттерінде де Қазақстан-Қытай достық топтары құрылған.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ХӨБЖ ТК Төрағасы У Бангоны жылы шырайда қарсы алды. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар мәселелерін талқылады. Мен сізді Қазақстанға алғашқы рет келуіңізбен құттықтаймын. Біздің еліміз туралы жақсы әсер алып кетеді ғой деген үміттемін. Сіз келген бетте Қазақстан Парламентінде екіжақты тиімді келіссөздер жүргіздіңіз. Осының бәрі біздің қатынастарымызды тереңдете түсері анық. Біз биыл өз Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын, ал сіздер таяуда 62 жылдықтарыңызды атап өтесіздер. Біз аз жылдар ішінде екіжақты саяси және экономикалық ынтымақтастықты өте жоғары деңгейге көтердік. Мен жұмысымды ҚХР Төрағасы болған Цзян Цземиньмен бастап едім, соңғы жылдары Төраға Ху Цзиньтаомен жұмыс істеп келемін. Осы жылдарда көп жылдан бері шешілмей келген біздің елдеріміз арасындағы шекара мәселесі секілді өте маңызды мәселелер шешімін тапты. Сіз екі елдің сауда-экономикалық байланыстарының жоғары деңгейде екендігін жақсы білесіз. Қытай компаниялары бүгінде біздің еліміздің мұнай, газ кешенінде белсенді жұмыс істеуде. Біз Қытай бағытында теңдесі жоқ мұнай-газ желісін салдық, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан басшысы сондай-ақ дағдарыс жылдарында Қытай тарапынан қаражат, несие, бірлескен қорлар түрінде мықты қолдау көргенімізді атап айтты. Осы келісімдердің барлығы заң шығарушы орган ретінде елдің парламенті тарапынан қолдауды қажет еткеніне екпін түсірді. Сондықтан У Бангоның сапары Қазақстан үшін өте маңызды болып табылатынын атап өтті.
Жауап сөзінде мәртебелі мейман жылы қабылдауларға алғысын жеткізді. Менің атыма жіберілген шақыртулар үшін Сізге және Парламент палаталарының төрағаларына шексіз ризашылығымды білдіремін. Мен сондай-ақ Сіздің құшақ жайып қарсы алғаныңызға өте ризамын. Сізбен тағы кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Біздің әрбір кездесуіміз әрдайым мен үшін зор құрмет сезімін туғызады. Ең алдымен, мен Сізге жақсы досыңыз Ху Цзиньтао мырзаның ыстық сәлемін жеткіземін. Ол Сіздің ҚХР үшін әрқашанда ең сыйлы қонақ болып табылатыныңызды жеткізуімді сұрады, деді У Банго.
Жақсыбай САМРАТ.