Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясы Президентінің Кеден одағындағы арнайы өкілі Виктор Христенконы қабылдады.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ Кеден одағы қызметінің мәселелері талқыланды.
– Нұрсұлтан Әбішұлы барлық посткеңестік интеграциялық тарихтың локомотиві болып табылады. Бұл ретте жүріп өткен және қол жеткізілген елеулі кезеңдер интеграциялық бағыттардың сенімділігі мен тиімділігін көрсетеді, – деп бастады В.Христенко қабылдаудан шыққаннан кейінгі журналистерге арналған брифингте. – 2000 жыл – бес мемлекеттің қатысуымен мүлде жаңа форматтағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру жылы болды. Бұдан біраз уақыт өткен соң Кеден одағын қалыптастыру туралы шешім қабылданып, үш ел – Қазақстан, Беларусь және Ресей терең интеграциялық үдерістерге қарай алға жылжыды. Бұл да бүгінде статистикалық, техникалық және саяси жағынан өзінің тиімділігін көрсетті. Қарапайым азаматтар, бизнес үшін кеден бекеттері, көптеген ресімдер алынып тасталғанда, тауарлардың, капиталдың ауысуы бәрі үшін күтпеген еркіндік болды. Бұл, сөз жоқ, соңғы үш жылдағы жетістік. Осы үш жыл ішінде Кеден одағының жаңа интеграциясының құқықтық және ұйымдастырушылық базасы қалыптасқан соң, бұл кезең ендігі бастауын келер жылдан алатын жаңа кезеңге ауысады. Бұл – Бірыңғай экономикалық кеңістіктің функциясы кеңейе түсетін кезең. Ол уақытта тауарлар мен қызмет көрсету ғана емес, сонымен қатар қаржы саясатын үйлестіру және қамтамасыз ету, салық саясатын үйлестіру, біздің дамуымыздың берік тұрақтылығы мен орнықтылығына апаратын элементтерді үйлестіру анағұрлым үлкен көлемде жүзеге асырылады. Биылғы жылы, – деді бұдан кейін РФ Президентінің Кеден одағындағы арнайы өкілі, – біз Ресей мен Қазақстанның екіжақты тауар айналымының 40 пайыздық өсіміне қол жеткіздік, біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы бойынша өз тарихындағы ең рекордтық көрсеткішке шығамыз, яғни тауар айналымы ол кезде 20 млрд. долларға артады. Беларусьпен де солай болады. Иә, біз өз экономикамызда көрініс табатын жаһандық дағдарыстың қиын кезін бастан өткереміз. Интеграцияның тереңдеуі біздің экономиканың анағұрлым орнықты, анағұрлым негізді дамуына мүмкіндіктер туғызатын болады. Президент Нұрсұлтан Әбішұлымен бүгінгі кездесуіміз комиссия жұмысы үшін жаңа құқықтық база қалыптастыруға арналды. Ол сондай-ақ жаңа интеграциялық алаңда ұйымның жұмысын тиімді қамтамасыз ететін кәсіби, үнемі әрекет ететін органға айналуы керек. Бір жағынан, Қазақстан Президентінің орасан тәжірибесінің арқасында, екінші жағынан, осы үдерістердің мәнін түсіне отырып, бүгінде даму үшін алда үлкен көкжиекті қамтамасыз ететін ымыраға келетін шешім қабылдау қажет. Қазақстан 20 жыл ішінде өзге елге – орнықты дамушы, өзінің перспективаларын алдын ала дәл көретін, өз мүдделерін нақты түсінетін және оны қорғай білетін, әртүрлі салалардағы ірі жобаларды іске асыра алатын елге айналды. Осы орайда Президент сарайының терезесінен жаңа Қазақстанның қандайлық дамығанының дәлелін көруге болады. Мен елдің, қалалардың, адамдардың келбеті қалай өзгергенін көрдім. Мен үшін бұл – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан қол жеткізген жетістіктердің өте жарқын белгісі, – деп аяқтады сөзін В.Христенко журналистерге арналған брифингте.