«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасын және осыған ілеспе заңдық құжат жақында Мәжілісте мақұлданған-ды. Енді осы заң жобалары кеше Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде талқыға түсті.
Дін ұстанушылар мен діни ғибадатханалардың саны жыл санап өсіп келеді. «Қазақстан Республикасының діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңы 1992 жылдың 15 қаңтарында мүлдем басқа діни ахуал жағдайында қабылданған-ды. Бұл заң діни бірлестіктердің дамуы көкжиектеріне талдау жасалмастан қабылданды, деп мәлімдеді өз сөзінде Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шәріп. Агенттік төрағасының мәліметтеріне қарағанда, қазіргі таңда діни бірлестіктер саны 4551-ге жетіп отыр. Олар қырықтан астам конфессиялар мен деминацияларды құрайды. Ал 1991 жылы олардың саны бар-жоғы 671 болғаны белгілі.
Заң жобаларының мақсаты діни сенім және ар-ождан бостандықтарын қамти отырып, азаматтардың құқын қорғау болып табылады. Сондай-ақ, діни бірлестіктер қызметінің заңнамалық шет-шеңберін айқындау мен заңсыз қызмет атқарып отырған діни ұйымдар мен миссионерлерге қатысты қатаң талаптар енгізуді көздейді. Заң жобасын әзірлеу барысында Ресей, Белоруссия, Армения, Грузия, Литва, Испания, Франция, Германия және өзге де елдер тәжірибелері жан-жақты сарапталған.
Қысқаша баяндамадан кейін Сенат депутаттары заң жобалары бойынша сұрақтарын қойып, өз ойларын ортаға салды. Х.Валиев Құран аяттарының араб тілінде оқылатынын, ал оны түсінетіндер бірен-саран екендігін тілге тиек ете келіп, ендігі жерде оны қазақ тілінде жүргізу қажеттігін жеткізді. Депутат осы ретте мың жыл бұрын Ресейдің Ватиканнан рұқсат алып, діни рәсімдерді өткізуді гректен орыс тіліне көшіргендігін мысал ретінде келтірді. Мұндай уәжбен келіскен агенттік төрағасы Құранның әлемнің қырықтан астам тіліне аударылғанын, алайда қазақша аудармаларының сапасы сын көтермейтіндігін атап көрсетті. Үстіміздегі жылдың 29 қыркүйегінде дінтанушылардың форумы өтіп, онда ассоциация құрылып барып осы мәселе шешімін табуы тиіс.
Ғ.Есім мен Т.Мұхамеджанов заң жобасының орысша мәтінінде «духовное» (рухани) сөзінің орынсыз екенін алға тартты. Сенаторлар пайымынша, бұл сөздің ұғымы кең болғандықтан, діни ұйымдар оны басқаша тұрғыдан пайдалануы мүмкін. Қ.Лама Шәріп өз жауабында «духовное управление» сөзінің өткен ғасырдың 30-жылдарынан Дзержинскийден келгенін алға тартты. Ж.Ерғалиевтің сұрағына орай жауабында агенттік төрағасы жаназа шығару рәсімінің ендігі жерде мешіттерде орындалуы орынды екендігін айтты.
Жалпы, Сенат депутаттары өз сөздерінде діни мамандар даярлау, миссионерлер жұмысын жіті бақылау, хиджаб орнына ұлттық киімдер кию мәселелерін көтерді. Осылайша жан-жақты пысықтаудан өткен заң жобалары палатаның жалпы отырысына шығарылатын болып шешілді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.