Ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов өмірінің соңғы жылдарында оңтүстіктің өміріне құлай беріліпті. Ата-бабасы өнген құйқалы топырақты тәу етіп, күрделі шығарма жазбаққа ниет қылған дейді. Бүгінгі Бәйдібек, Созақ аудандарына барғанда көрші екі ауданның ерекшеліктеріне сүйсініп, “Шаянға барсаң, әншімін деме, Созаққа барсаң, күйшімін деме”, деген екен. Шаян халық театрының Одаққа танылған даңқын ешкім ұмыта қойған жоқ. Бірде Бәйдібек ауданының сол кездегі әкімі Ұласбек Сәдібековтің мұрындық болуымен өткен өнерпаздар байқауына қонақ ретінде қатысып, тау суындай арынды, кең тынысты, дауысы құлақты кеспейтін, жанға жағымды әндерді тыңдап отырып, “япыр-ай, мына қыздар Алматы, Астанаға барса, талай әншілер сахна сыртына шығып қалар-ау”, деп ой түйген едік.
Ал, сырлы Созақта, шертпе күйдің негізін салған Сүгір Әліұлының елінде күмбірлетіп күй тартпайтындары кемде-кем. Оңтүстіктің халқы – еңбекқор. Біреуін екі етемін деп жанталасып жүргенін басқа өңірдегілер шектен тыс пысықтыққа жатқызғанымен, көбіне кетпеніне жүгіретін еңбекші халықтың жеген наны адал. Қай ауданға барсаң да қайнаған еңбектің үстінен түсесің. Жер жағдайына қарай тіршілігін жасап жатыр. Әйтсе де солардың ішінде шағын кәсіпкерлікке ерекше ден қойған Сайрам ауданының жөні бөлек. Сондықтан Мұхаңның ізімен осы мақалаға “Сайрамға барсаң, диқанмын деме” деген тақырып қойдық. Құла дүзге су шығарып, жемісін жеп, қора-қора мал айдап қызығын көріп отырғандар қай ауданда да жетеді. Ал, диқаншылыққа материал іздеген журналистің қаламына Сайрам ауданы бірінші болып ілігіп, жазғаны жорғадай тайпалып жүре береді.
Себебі, бұл ауданда жүзі қақтаған күмістей жарқылдаған кетпен ұстамайтын адам жоққа тән. Бау-бақшаны кім өсірмейді, малды кім бақпайды дерсіз, мықты болсаңыз тропикалық өсімдіктер – банан, інжір, лимон, құрма өсіріп көрдіңіз бе?! Ал, бастауын ақ бас Алатаудан алатын Ақсу, Қарасу бұлақтарының етегінде отырған Сайрам ауданының диқандары өсіріп отыр.
Сайрам аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында Шухрат Құрбаналиев деген азамат бар. Сырт көзге жұрт өзбек жұрағатына ұқсатқанымен, түбі – қазақ. Сыралғы дос. Кей-кейде ағын судың жағасында отырып, “Үкімет неге көмек бермейді, таңдайға басар талшығымыз жоқ”, деп өзінің жалқаулығын әйтеуір өлтірмейтін Үкіметтің құлағына іліп қоятын ағайынның сарыуайымын естігенде Сайрамға тартып кетеміз. Ондайда диқан алдына кісі болып барып, сәңірейіп аспанға қарап тұратын бастықтарды ертудің қажеті жоқ, Шухрат жолбасшы. Сапардан жадырап қайтасың. Жата қалып жазасың. Айқайға ойбай қосып жүрген, қит етсе Үкіметтің жонынан таспа тілуге әзір ағайынға сабақ болса, қолына ай жүзді орақ, күмістей жарқыраған кетпен ұстаса екен деп.
ЖҰМЫССЫЗЫ ЖОҚ АУЫЛ
Қайта-қайта жазса да жауыр болмайтын Қарабұлақ ауылында соңғы есеп бойынша 41 мың халық тұрады делінген. Одан беріде екі-үш мың адам қосылып қалды-ау. Ауыл әкімі, кешегі кәсіпкер Алымжан Нышанқұлов осы алақандай жерді алып отырған ауылда “алдыма жұмыс сұрап ешкім келмейді” дегенде, таңданғаным рас еді. Алақандай дейтініміз, ауылдың жер көлемі бар-жоғы 11 мың гектар. Соның 7 мың гектарында ауыл отыр. Шынтуайтына келсеңіз, кейбір облыстардың екі-үш ауданының халқындай жұрты бар осы үлкен ауылдың аумағындай жерді жеке өзі иеленіп отырған азаматтар бар. Бұл ауыл көкөніс, мал шаруашылығымен жыл он екі ай айналысады. Шаруашылық негізі үш бағытқа құрылған.
Ауылдың судан жоғары отырған қыр беткейі тек мал бордақылаумен айналысады. Бір мың өгіз байлап отырғаны да, қырық-елуге қанағат етіп отырғаны да бар. Бұл жақта базарға түскен мал кері қайтпайды. Қалай жемдейтіні, семіртетіні – бөлек тақырып. Көкөніс егетіндер де қарап жатпайды. Күзде өсірген өнімін сатқаннан кейін сол ақшаның мұртын бұзбастан мал сатып алады. Қаңтарға дейін бордақылап, шетінен сатады. Ақшасына арзан кезінде жоғары сапалы тұқым, тыңайтқыш алып қоя береді.
Көктемгі егіске бәрі дайын. Ал осы ауылда 1 мыңдай «КамАЗ» тағы бар. Міндеті қыс-көктем мәшинесін сайлап, жаздан қоңыр күзге дейін диқандардың өнімін сырт жаққа тасымалдайды. Ресей сияқты елдерде әріптестері бар, келісім-шарттар жасалған. Қарабұлақтан көрші ауылдар келін алуға құштар болғанымен, қыз беруге келгенде кежегесі кейін тартып тұрар екен. “Бұлар келіндеріне тыным бермейді, қызымызды зорықтырып бақшалықтан шығармайды”, дер екен. Сөйтсе де “Қарабұлақтан қыз алсаң, бір қап картошкасымен келеді”, деп мәтелдететіні бар. Несібелі дегендері ғой. Осындай жұмыстары көп ауылда жұмыс іздейтін адам қайдан болсын.
Осы ауыл туралы “Егеменге” жазғанбыз. Алымжан сол “Егемен Қазақстандағы” мақаладан соң Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлан ауданының әкімі келді. 10 шақты отбасы көшіп баратын болса, бар жағдайды жасаймыз дегенді айтты дейді. Шығыстың әкімі Бердібек Сапарбаев оңтүстікті бес саусағындай біледі. Қарабұлақтан күндіз-түні бір тынбай жұмыс жасайтын он отбасы көшіп барса, тұтас ауылдың экономикасын көтеріп, өзгелерге үлгі боларын шотқа салып есептеп қойған ғой.
ҚОЗЫҚҰЙРЫҚ ПАЙДАҒА КЕНЕЛТУДЕ
Қолдан өсіретін қозықұйрық – саңырауқұлақ дегеніңіз бабын білсеңіз қып-қызыл ақша. Қазір мұны өсіру түк болмай қалған. Шитті мақтаның сығындысынан қалған қабығы, ағаш үгіндісі, ашытатын химиялық қоспа, тағы бірінде қи, тауық саңғырығы пайдаланылады. Күй талғамайды. Уақтысында суарып отырсаң болғаны. Мына бір әңгімені Сарыағаштағы “Біртілек” ауылының әкімі айтып берген.
Өзбекстаннан көшіп келген бір оралман тұрар екен. Балалы-шағалы, ақар-шаһар отбасы, күйі төмен. Аз қамтамасыз етілген отбасылардың қатарына жатқызып, көмек бергізіп жүріпті. Бір күні әлгі оралман келіп тұр дейді. Қолында бір шелек қозықұйрық. “Ағасы, рахмет. Көмекті жетім-жесірге берерсіз. Мен табыс көзін таптым”, дейді. Барып көреді. Кәдуілгі сиыр қора, көлденеңінен ілінген сырғауылға ағаш үгіндісі, шитті мақта сығындысы лықып толтырылған әйелдердің қара санға дейін тартып киетін шұлықтары ілулі тұр. Жан-жағын тесіп қойған. О, тоба, сол тесіктерден қарақұлақ саңырауқұлақтар едірейіп шығып тұр дейді. Қос қол уысы толатындай. Себезгімен су шашады. Адамдардан қулық артыла ма?! Ара-тұра қытайдың балалар ойнап ататын отшашуын қора сыртынан тарсылдатып атар екен. Қолдан жасалған найзағай. Ертеңінде қозықұйрықтарыңыз қапқа сыймай қалар екен. Адамдар табиғаттың туындысын өстіп те алдайды.
Осы қозықұйрықтың көкесі Сайрамда өсіріледі. Запастағы офицер Василий Бабенконың Ақсукенттегі қозықұйрық жайына арнайы барғанбыз. Бұрынғы атшаптырым мал қораны ыңғайластырып, сөрелер қойып, қозықұйрық өсіріп жатыр. Қозықұйрыққа керегі – ауа, су, қыста аздаған жылылық. Қалғанын Бабенко жақсы біледі. Шикізатын өзі жасайды. Биыл 4 тонна қозықұйрық алған. Қазір “МЭРС” тыңайтқышын пайдаланып, өнімін көбейтіпті. Тоғайда кездесетін улы мухомор емес, қойдың құйрығындай дәмді, борықтай аппақ. Мейрамханалар қозықұйрықсыз тамақ жасамайды. Ет жемесе, тісі қышитын қазақтар да үйреніп жатыр.
ЛИМОН, БАНАН, ІНЖІР...
Сайрам ауданында Ергаш Тіллаханов атты бағбан бар. Үйіргелік жерінен-ақ пайдаға кенеліп отыр. Шағын жылыжайында лимоннан жылына 2 рет өнім алады. Барлық жағдайды туғызатындығы соншалық, бір түбінің өзінен қыруар жеміс жинап алады. Ергеш қарттың лимондарына басқа облыстардан сұраныс бар.
Осыдан екі-үш жыл бұрын Сарыағашта лимон өсіретін тәжік қызы Зухра мұғалімді іздеп барғанымызда, “Бұл көп күтім тілемейді, жалқаулардың жұмысы екен”, деп таңғалдырып еді. Бір әттеген-айы, біздің жалқаулар әлі де “алма піс, аузыма түс” деп алма ағашының көлеңкесінде жатыр. Төрт қабат көрпе салдырып. Асты сыз ғой. Ергеш ақсақал банан, анар, құрма және інжір өсіруде. Пәлендей өнім алмаса да, талап жақсы. Мұндай қарттар тропикалық осы жемістерді әлі-ақ жерсіндіреді...
Манкентте де Абаз Ханашев деген азамат банан, лимон өсіріп жатыр.
55 МЫҢ ШӨЖЕ ЖӘНЕ ПИТОНИЯ
“Жол болсын” ЖШС Ақсукентте жұмыртқадан жылына 55 мың дана шөже дайындайтын инкубатор стансасын іске қосқан. Биыл 45 мың шөже басып шығарды. Сатады. Бройлер-шөже 120 теңге. Екі айдан соң 3-4 келі тартатын дәу тауық болады. Сондықтан ықыластана сатып алатындар көп. Ал Ақсу-Абад елді мекенінің диқаны Рустам Абдурасулов гүл өсіруге маманданған. 20 сотық қана жері бар. Гүл өсірудің қыр-сырын әбден меңгеру үшін Қытайдан бастап бірнеше мемлекеттерде болған. Шағын жылыжайы бар. Қысы-жазы гүл үзілмейтіндіктен, басқа облыстардан да тапсырыс түсіп жатады. Арзан. Тиімді. Бала-шағасы жәрдемдеседі. 20 сотық жерімен-ақ отбасының аузынан ақ май ағызып отырған кәсіпті үйретер қазақ көп болса, шіркін...
патша балығы және италиядан сұраныс
Сайрам елді мекенінде “АКВА-Лайф” серіктестігі жылына 70 мың тонна форель балығын өсіреді. Таза, ағын суда өсетін, дәмділігі сондай, ауызда еритін патша балығы – форельді Алматының мейрамханалары аттың құнын беріп, алып кетер екен. Серіктестіктің бастығы Гегян Полифаян деген азамат. Армяннан қазақ қалып кетпепті. “Қайнарбұлақ” ауылдық округіне қарасты Тоған елді мекенінде “Нұр Батырхан” ЖШС төрағасы Айтжан Одаманов деген азамат бұлақ суынан бөлген 13 көлшікте ақ амур, сазан, табан бастаған балықтар өсіріп жатыр.
“Нұр Батырхан” ЖШС бір жылда 350 мың дана шабақ сатқан. 270 тонна балық етін дайындайды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің арнаулы грантын ұтып алған серіктестіктің жарты шығынын Үкімет субсидиямен өтеп беріп отыр. Серіктестік басшысы “Ақ балық-ау, ақ балық, қармағымды қап балық”, деп отыра беретіндер санатынан емес. 225 гектар жерге тамшылатып суару әдісі бойынша қырға жүзім еккен. Таңдаулы сортты. Шарап жасаумен атағы әлемге мәшһүр болған Италиядан мамандар келіп, көтере сатып аламыз деп келісім-шарт жасап кетті. Италияда болғанбыз. Мемлекетті ұстап тұрған жекеменшік кәсіпорындар, шағын және орта кәсіп. Елде тегіс жер аз болғандықтан, тауға қиялап жүзімдік еккен италиялықтардың шарабында қазақ Айтжанның еккен жүзімінің шырыны да болады.
МАЛ БОРДАҚЫЛАУ ЖӘНЕ КАЛИФОРНИЯ ШУАЛШЫҢ ҚҰРТЫ
Ірі қараны бордақылау – өте табысты кәсіп. Бүгінде Өскемен қаласының әкімі, іскер азамат деген ауқымның өзі тақиясына тарлық қылатын Ислам Әбішев Ордабасы ауданында әкім болып тұрғанда бір жиынына қатысқанбыз. “Мыңдаған гектар жерлерің бар. Ата-бабамыз мал баққан, жайын білеміз дейсіздер де, малды өріске айдап салғаннан басқаны ойламайсыздар. Сөйтіп, баққан малдарыңыз арық-тұрақ, бейнеттеніп еккен көшеттердің қабығын кеміріп жүр. Мал бордақылауды бір гектар да артық жері жоқ Қарабұлақтағы өзбек ағайындардан үйреніңіздер. Әр сатқан малынан екі есеге пайдаға шығады”, деген. Ислам әкімінің көрмейтіні, байқамайтыны жоқ. Оншақты жыл бұрын айтылған сөздің ақиқатын бүгінгі әкімдер енді аңдап, кәсіпкерлерін атақазша ертіп, Сайрамға барғыштап жүр.
Мал бордақылаған ағайынды малына жем берерде байлап та ұстап отыра алмайсың. Сағат түскі 1-ге таянғанда бар шаруасын тастап, үйіне таяды. Қорада байлаулы малдың күндік қорегі үш мезгіл наһан шелек ботқа. Кебек, жарма, күнжара, шорот, ашытылған бидай сығындысы. Бірақ, күндіз-түні жоңышқаға байлап қойған малдан семіз, жонды. Сауырынан маса тайып жығылады. Қазір Сайрам ауданында бордақылауда 172 мың бас ірі қара мал бар. Соның 40 мыңы біз мысалға көп алған Қарабұлақ ауылынікі. Бұл ауыл дайындаған ет бір облыстың бір жыл ет жеп, тіс шұқуына еркін жетеді.
Қазір ауданда “Сыбаға” бағдарламасы қызу жүріп жатыр. Бастамашысы – облыс әкімі Асқар Мырзахметов. Облыс басшысы “Максимум” аймақтық қаржыландыру орталығын шаруаларға тиімді жолмен қайта құрған. Банктердей емес, үстемесі төмен, кепілдік дүние деп қан сормайды. Жылдығы – 7 пайыз, 3 жылға беріледі. “Максимумнан” қаржы алған аудандық “Агронесие корпорациясы” “Сыбаға” бағдарламасы бойынша “Гүлжамал” шаруашылығының басшысы Сәбит Өміровке 117 бас ірі қара, Манкенттегі “Артық” шаруа қожалығының басшысы Әбдісамат Әбусаттаровқа 147 бас ірі қара сатып алып берді. 7 миллион теңгеге дейін 6 пайыз үстемемен беретін “Ауыл шаруашылығын қолдау қоры” да елу-отыз бастан мал сатып алуға қаржы бөлген. Қаржының диқанға түгел тиіп, етті, сүтті мал алуына аудан әкімі Уәлихан Қайназаров та мүдделі.
Осылайша, екі жылда 20 мыңнан аса ірі қара қосылған. Қазақы ақ бас сиырдың өсімін көбейту үшін репродукторлықты қолға алған Сәбит Омаровтың өз ірі қарасы 500-ден асады. Адам қалай қалталы боламын, отбасымды қысылмай асыраймын деп талпынса, алмайтын асуы жоқ қой. “Әрекет түбі – берекет” деген. Сайрамда осынша малдың қиынан тау тұрғызуға болар еді, бірақ күресінде жатқанын көрмейсіз. Тереңдігі үш-төрт метр, арасында өтетін саңылауы бар екі үлкен ұра қазылады да екеуіне де мал қиы толтырылады. Сосын біріне, яғни біздегі жұлдызқұртқа ұқсайтын Калифорния шуалшыңы көп мөлшерде тасталады. Оныңыз алдына төре табақ ет тартылғандай азуын басады. Жегені бойына құт, одан шыққан өнім – гумус кәдімгі шыбық қадасаң, дарақ қылып өсіргенше тынбайтын құнарлы топырақ. Қалта қағаздарға салынып сатылады. Алматыда шағын қалтадағысы 400 теңге тұрады. Бір қаптан қандай пайда қалады – есептей беріңіз.
Біздің ауыл бұрынғы Жезқазған, қазіргі Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының Ш.Ералиев атындағы кеңшары. Негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Төрт түлік ұстамайтын үй жоқ. Алты ай қыс қорада тұрады. Әрі қарай белгілі ғой. Үй қатарларының арасы жал-жал боқтық. Ауыл басшылары ойбайды салып жүріп трактормен тазартқан болады. Қайдан, бой бермей кетеді. Мал қиынан қып-қызыл пайда тауып отырған сайрамдық Ниятбек Жұмаханов секілді ақсақалдар осыны көрсе: “Әй, қазақтар, алтынның үстінде жүрсіңдер-ау”, деп жерге бір түкіріп кейір ме еді.
Бәлкім, Қарағандының әкімі Серік Ахметовке шығыстың әкімі Бердібек Сапарбаев секілді сайрамдықтарға “үйретіңдерші, үй ормандарыңмен көшіріп аламын”, деу керек шығар...
БЕРЕКЕ БАСТАУЫ – АЛТЫН БЕСІК АУЫЛДА
Сайрамға барғанда ауылдағы кейбіреулердің жұмыс жоқ дейтіндері бекер ме екен деп ойлайсың. Ізденсең, кәсіп бар. Далада жатқан тегін батпан құйрық жоқ, шаруа жасаймын десең, аз пайызбен несие беретін “Максимумдай” орталықтар бар. Үкіметтің өлтірмейтіндігі рас. Шығарған қаржыңның жартысын субсидия есебінде береді. Шағын және орта кәсіпкерлікті өрге бастыруда Сайрамда атқарылып жатқан жұмыстар көп. Мәселен, қайта өңдеуді алайық. Ауданда 43 диірмен, 30 наубайхана, 11 кондитерлік цех жұмыс жасап тұр. 20 көкөністі өңдейтін, 21 май сығатын цех бар. Оның сыртында шарап өңдейтін, жүн жуатын, тері өңдейтін, мақта түтетін, дәнді майдалап құрамажем дайындайтын цехтар жүздеген адамдардың нәпақасын айыруына қызмет етеді. Әрқайсысын жазар болсаңыз, тәжірибесі, тәлімі жетеді. Ішінен екшеп алдық.
Әу бастағы мақсат өз ісін бастап кетуге тәуекелі жетпей жүрген адамдарға жол көрсетіп, қамшылау болатын. Сол үшін өзге аудан, қалалардан бір ауданды бөліп алдық. Парламент депутаты Бекболат Тілеухан өзі басшылық жасап шығарып жатқан “Намыс” журналында кез келген адамдардың қолынан келетін кәсіптердің түрін мейлінше ұсынып келеді. Елге болсын дейтін азаматтың мұнысына сүйсініп жүрміз. Қалың құйқалы ауылда тұратын жұрттың кедей болатындай, масылшылдыққа бой ұратындай ештеңесі жоқ. Оған көмек сұрап ешкімге алақан жаймайтын, жанына жақын кәсібін тапқан, өзінің 20 сотық жеріне гүл өсіріп, басқа облыстарға да саудалап отырған сайрамдық Рустам Абдурасулов ақсақалдың еңбегі дәлел. Осындай тірлік мойындағы еріншектік пен бойдағы қорқынышты сілкіп тастасаңыз, сіздің де қолыңыздан келеді.
Сайрам ауданы.
_________
ЛЕБІЗДЕР
Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Біздің Отанымыз қысқа мерзім ішінде әрбір қазақстандық мақтан ете алатын үлкен жолдан өтті. Елбасымыздың әлемдік қоғамдастықтағы беделі арта түсті. Осының бәрі Қазақстанның бүгінгі күш-қуатын, әлеуетін танытады. Астанада Оңтүстік Қазақстан облысының күндері өтуін үлкен құрмет деп қабылдадық. Жылдың төрт мезгілінің табиғаты бар өңіріміз мемлекетіміздің күнгейінде орналасқан. Түптеп келгенде, республикамызды көкөніс, бау-бақша өнімдерімен түгел қамтамасыз ететін қуатты облыс. Астаналық ағайындармен ыстық қауышу жалғаса берсін дегіміз келеді.
Ұласбек СӘДІБЕКОВ, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Бүгінгі Астана, кешегі Ақмола-Целиноград – жалынды жастық шағымыздың ізі қалған қала. Кеңес Одағының өктем саясаты бел алып, ел, жер иесі – қазаққа шекесінен шеруен атып қарап тұрғанда төрт құбыламызды түгендейміз деп атқа қонған ұлтжанды азаматтардың қатарында болғанымды мен әлі күнге дейін мақтан етемін. Біз үшін бұл аймақ қадірлі де қасиетті. Елорда болуымен де салтанатты. Зайырлы Қазақстан мемлекетінің тамыры осында өркен жайды. Әлемге әйгілі болды. Оңтүстіктің ыстық сәлемін қабыл алуына шын жүректен тілектеспіз.
Бауыржан СЕЙІТЖАНОВ, “Стандарт-Цемент” ЖШС директоры:
– Қазақстанның болашағы орта және шағын кәсіпкерлікпен қоса серпінді жобаларында. Ірі индустриялық, инновациялық кәсіпорындардың көбеюінде. Менің әкем, “Стандарт Цемент” зауытының құрылтайшысы, белгілі меценат Серікжан Сейітжанов зауыт құрылысын қолға алғанда жаймашуақ уақыт болатын. Кейін әлемде қаржы дағдарысы басталды. Мықты мемлекеттердің өзі тізгініне ие бола алмай тәлтіректеп қалды. Зауытты консервацияға қоямыз ба деген ойлар болған. Бірақ, әкем: “Елбасыға уәде бергенмін. Азамат сөзін жұтпауы керек”, деп тәуекелге мінді. Рас, үлкен несие алдық. Алайда, елімізде цементтің ең сапалы түрлерін дайындай алатын заманауи зауыт уақыт ырғағымен жұмыс істеп тұр. Қазір өзіміз қуанамыз. Ал, Астанаға келгенде кеудені мақтаныш кернейді. Мұндай жауһар қала әлемде сирек.
_______________________________
Материалдарды дайындаған «Егемен Қазақстанның» Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Бақтияр ТАЙЖАН.