...ЖАҢА КӘСІПОРЫН АСТЫҚ ҚАБЫЛДАЙ БАСТАДЫ
Бұланды ауданының орталығы Макин қаласында жаңа астық қабылдау кәсіпорны іске қосылып, шаруашылықтардан алғашқы тонна астықты қабылдай бастады. Құны 518 миллион теңгелік жобаны «Арна» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қысқа мерзімде жүзеге асырды. Бұл қаржының 77,9 миллион теңгесі «Арнаның» жеке қорынан бөлініп отыр.
Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко егін орағының шешуші шағында пайдалануға берілген кәсіпорын аудан диқандарының сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайтынын атап өтті. Оның жобалық қуаты 30 мың астықты сапалы сақтауға бағытталған.
Мұнда 36 адам еңбекпен қамтылған.
Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы.
* * *
...ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ
Облыс қалалары мен аудандарында қазан айының басында қазандықтар іске қосылуы тиіс. Осыған байланысты облыс әкімінің бірінші орынбасары Виктор Мейстер селекторлық мәжіліс өткізді. Онда қалалар мен аудан басшылары байланысқа шығып, өздеріндегі дайындық жұмыстары туралы баяндады.
Мәжілісте Виктор Мейстер жылу беруді енді созбақтатпай, қазанның 1-жұлдызынан қосу керектігін айтты. Негізінен облыстың қысқа дайындығы жаман емес. Байланысқа шыққан Арқалық қаласының әкімі Теміржан Төлеубаев жылуды бүгін беруге де дайын екенін хабардар етті. Бірақ мазут көктемге дейін тапшы болуы да мүмкін. Сондықтан оған қосымша қаржы керек. Рудный қаласы да сақадай сай. Алайда кеншілер қаласының көгілдір отынға 3 миллион теңге қарызы бар. Ал Лисаков қаласында қазан айын күтпей-ақ қыркүйектің 30-ынан бастап жылу берілмек.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.
* * *
...БАСҚАРМАЛАРҒА БАСШЫЛАР ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Мұнайлы өңір әкімі Бергей Рысқалиев облыстық екі басқармаға жаңадан басшылар тағайындаған өкімге қол қойды. Өйткені, бұған дейін облыстық ішкі саясат басқармасының бұрынғы бастығы статистика жөніндегі ұжымды басқаруға ауысқан еді. Енді ішкі саясат басқармасын басқару үшін әкімнің таңдауы «Атырау-ақпарат» медиахолдингіне бес жылдай жетекшілік еткен Элдар Жұмағазиевке түсті.
Ал облыстық білім басқармасының бастығы лауазымына Сатқан Есенғалиев тағайындалды. Ол жаңа лауазымға тағайындалғанға дейінгі екі жылдай облыстық балалардың құқығын қорғау департаментіне жетекшілік етті.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы.