Сыртқы істер министрлігінің ғимаратында еліміздегі Франция мен Швейцарияның Төтенше және өкілетті елшілері журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізіп, онда қазақстандық ұлттық төлқұжат иелеріне 3 айдан аспайтын қысқа мерзімге виза беруде екі ел арасында келісім жасалғанын айтты.
Осыған дейін дипломаттық және қызметтік төлқұжат иелерінің Шенген визасын алуда жеңілдіктері болып келсе, ал жалпы жұртқа, яғни ұлттық төлқұжат иелеріне Франция мен Швейцарияға баруда қиындықтар көп кезігетін. Мысалы, егер де алматылық азамат Швейцарияға барғысы келсе, онда ол виза алу үшін міндетті түрде Астанаға келуі тиіс-тін. Ал еліміздің өзге өңірлерінің азаматтары Францияға баратын болса, онда виза алу үшін Алматыға арнайы жолға шығатын.
Енді Франция мен Швейцарияның Қазақстандағы елшіліктері еліміздің ұлан-ғайыр аумағын ескеріп, азаматтар тұрғылықты орындарынан виза үшін өте ұзаққа жол тартпасын деп Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарының тұрғындарының виза алуға өтініштерін Астана қаласындағы Швейцария елшілігіне, ал Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облысының азаматтары Алматы қаласындағы Франция Бас консулдығына тапсыру мүмкіндігін туғызған. Бұл келісім қазан айының 3-інен бастап күшіне енетін болды.
Баспасөз мәслихатында Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Рысқали Дәуренбек Қазақстан азаматтарының жыл өткен сайын шетелдерге шығу сапарларының көбеюіне байланысты виза алу мәселесі күрделі мәселеге айналып тұрғанын, ал бүгінгі екі елшіліктің арасындағы келісімнің нәтижесінде біздің азаматтарымызға виза алуда жеңілдік жасалып отырғанын атап көрсетті. Біз өз тарапымыздан осы қадам үшін алғысымызды айта келіп және бұл Еуроодаққа мүше елдер үшін үлгі болады деп сенеміз. Қазақстан Еуроодақпен тек дипломатиялық немесе қызметтік төлқұжат иелеріне ғана емес, жалпы қазақстандық азаматтардың виза алуында жеңілдіктерге қол жетулері үшін ЕО-ға мүше елдермен келісімдердің жобаларын дайындауда. Ол Егер ол қолдау тапса, ел азаматтары үшін сапарларға шығу оңайлайды, деді Р.Дәуренбек.
Швейцария конфедерациясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Стефан Нелле журналистерге Швейцария конфедерация болғандықтан, кейбір визаларды беруді кантондардың (облыстардың) өзі шешетіндігін, емделуге, оқуға немесе халықаралық конференцияларға қатысу үшін баруға алынатын визаларға өтініш беру тек Астанада ғана жүзеге асатынын айтқан. Ал Франция елшісі Жан-Шарль Бертонэ біз әріптесіміз екеуміз виза беру ісіндегі қиындықтарды есепке ала келіп, Париж бен Бернге ұсыныспен шыққан болатынбыз. Енді, міне, ұсыныстың құп алынуының нәтижесінде 3 қазаннан бастап Швейцарияның Астанадағы елшілігі республиканың солтүстік, шығыс және батысының азаматтарына елордадан, ал оңтүстік тұрғындарына Алматыдағы бас консулдықтан виза бере бастайды, деді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.