Кеше Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрында Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театры Қазығұлдың «Міржақып» трагедиясы негізінде сахналанған Ерсайын Төлеубайдың жаңа қойылымын ұсынды.
Қазақтың алғашқы романы «Бақытсыз Жамалды», жігерлі үнмен «Оян, қазақ!» жырын шығарып, ұлт мүддесі үшін тәуелсіздік жолында жанын пида еткен Алаш қозғалысының ақтаңгері Міржақып Дулатовтың сахнадағы бейнесін жасауға талпынған қостанайлық театр ұжымының бұл бастамасын қалай дегенімізбен азаттықтың ақ таңы үшін айқасқан азаматтың рухына бағышталған халқының тағзымы, ең әуелгі сахналық тартуы деуге толық негіз бар. Ол тек алаштың табанды күрескері ғана болып қоймай, қазақ тарихына қатысты өзге елдің жазбаларындағы кейбір көне жәдігерлерді қайта тірілтіп, соңына өшпес мұра қалдырған қаламгер ретінде зерттеуші-ғалымдардың назарына ілігіп келсе, соңғы жылдары тарихи тұлғалар туралы қойылымдардың көбеюі Міржақып сынды алаштың біртуар азаматтарына да рухани ескерткіштің қойылар уақытының жеткенін аңғартатын. Сол ел алдындағы еңселі парызды Қостанай облыстық драма театрының ойдағыдай орындап шыққаны қуантады.
Ел тәуелсіздікке қол жеткізгелі, әсіресе, сахналық туындылардың көкжиегі ерекше күйге енуде. Оған жер-жердегі өнер ұжымдарының қайта жаңғырып, уақыт талабына сай тыныс-тіршілігін өзгертіп жатқан іс-әрекеттері нақты дәлел бола алады. Міржақып Дулатовтың 125 жылдығы құрметіне көрерменмен қауышқан «Міржақып» трагедиясын дәл осындай айтулы құбылыстың бірі деп қабылдайтын жөніміз бар. Міржақып рөлін Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер Қонысбек Бегайдаров, Ахмет Байтұрсынов бейнесін Қабдол-Мәжит Иманов, Ғайнижамалды – Ажар Шәкіржанова, Бәдрисафаны – Ақмарал Қасымова, Жаңғайыпты – Нұрлыбек Кенжеахмет, Голощекинді – Мықтыбай Жылыбаев, Күмәнді – Ақдәмен Досанова, ОГПУ қызметкерінің рөлін Асылан Кенжетай нанымды орындап, тарихи тұлғалар портретін алаштың тағы бір ардақты ұлымен ұлықтады.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.