Кеше Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палатаның кезекті жалпы отырысы болып, онда жеті мәселе қаралды. Күн тәртібін талқылау үдерісі бұған дейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректорлығы қызметіне тағайындалған депутат Д.Нөкетаеваның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатумен басталды.
Адвокатура мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын депутаттарға Әділет министрінің орынбасары Әмірхан Аманбаев таныстырды. Заң жобасы адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияны алу кезінде комиссия қызметінің айқындылығы мен жариялылығын қамтамасыз етуді, үміткерлердің тағылымдамадан өтуіне байланысты мәселелерді реттеуді, сондай-ақ адвокат ұсынатын заң көмегінің сапасын бақылау тетігін ұсынуды көздейді. Адвокаттың лицензия алу жергілікті деңгейде, яғни әділет департаменттерінде жүзеге асырылары белгілі болып отыр. Аттестаттау комиссиясы құрамына жеті адам кіретін болса, оның жұмысы ашық болады деп күтілуде. Сондай-ақ, оған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатыстырылмақ. Депутат Зейнолла Алшымбаев адвокаттардың өз міндеттерін орындауына кедергілердің көп екендігін, азаматтар істерімен танысуына мүмкіндік берілмейтіндігін көлденең тартты. Заң жобасы біраз талқыдан өткен соң бірінші оқылымда мақұлданды.
Сондай-ақ, күн тәртібінде «Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары қаралып, мақұлданды. Белгілі болғандай, соңғы заң жобасы бойынша Қазақстан көршілес Қырғызстанға 3 миллион доллар көлемінде қайтарымсыз әскери-техникалық көмек көрсетеді. Ресей Федерациясы болса осындай келісім бойынша 362 миллион рубль бөлмек екен.
Бюджет процесінде мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдар кұзыретінің аражігін ажырату мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты заң жобасын депутаттарға Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов баяндап берді. Министрге депутаттардың қойған сұрағы аз болған жоқ. Тито Сыздықов ауылдық емханаларды республикалық бюджеттен қаржыландырудың қысқарып қалғандығын айта келіп, оны қалпына келтіру қажеттігін алға тартты. Енді бұл мәселе бюджеттік комиссия отырысында қаралатын болады. Талқылау нәтижесінде Бюджет кодексіне уәкілетті органдардың бюджеттік және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі өкілеттіктері мен функцияларының аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
«2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да мақұлданды. Бюджет жоспарына енгізілген жаңа толықтырулар туралы Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов, Қаржы министрі Болат Жәмішев және Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжияқов баяндама жасады. Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Бауыржан Смайылов қосымша түсінік берді. Сонымен, 2011 жылға арналған республикалық бюджет кірісі 3 035 459 279 мың теңге сомасында айқындалып отыр. Кіріс бөлігінің 45 672 006 мың теңгеге азаюы бюджеттен ҚҚС қайтару сомасының өсуімен байланысты. Бюджет тапшылығын бекітілген бюджетпен салыстырғанда 34,6 миллиард теңгеге ұлғайту қосымша қаржы көзін іздестіруді талап етеді. Үнемдеу есебінен босатылған 93,8 миллиард теңгені өзге іс-шараларға бөлу ұсынылып отыр.
Жалпы, 2011 жылға арналған республикалық бюджеттің шығыстары 217,9 миллиард теңгеге ұлғая отырып, 5170,3 миллиард сомасында белгіленіп отыр. Осы орайда әлеуметтік салаға арналған шығыстарды 40,7 миллиард теңгеге ұлғайту ұсынылады. Ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыруға 38,8 миллиард теңге қарастырылған. Ал мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберіндегі шығыстар 78,9 миллиард теңгеге ұлғайтылған. Өңірлерді дамытуға арналған шығыстар 130,2 миллиард теңге көлемінде бекітілсе, Үкімет резервін толықтыру үшін 23,1 миллиард теңге бағытталады. Заңдық құжат депутаттар тарапынан қолдау тауып, мақұлданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.