Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасындағы басты міндеттер туралы атап айтылғандығы көпшілікке жақсы белгілі. Ал, Мойнақ ГЭС-і осы бағдарлама бойынша жүзеге асырылатын ірі нысандардың бірі. Жақында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, Алматы облысының Райымбек ауданындағы Шарын өзені аңғарында Бестөбе су қоймасын суға толтыруға арналған салтанатты рәсім болып өтті. Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев бастаған үкіметтік делегация Мойнақ ГЭС-індегі бұл жұмыстың барысымен жан-жақты танысты.
Еліміздің экономикасы үшін стратегиялық маңызы жоғары гидрокешеннің құрылысын салу өткен ғасырдың сонау сексенінші жылдары жоспарланған болатын. Әр кезеңнің, әр уақыттың өз үкімі, өз талабы болатындығы жасырын емес. Соған орай, бұл жобаның да кезінде жолы болмай, кідіріске ұшырады. Оған басты себеп, бір кездері даңқы дүрілдеп тұрған, алып Одақтың тас-талқаны шығып күйреуі болды. Оған қоса қаражаттың жетіспеушілігі «ғасыр құрылысын» оңтайлы, яғни қолайлы сәт туғанша тоқтата тұруға мәжбүр етті. Ауқымды гидро электр стансасының құрылысы, бұдан тура бес жыл бұрын, яғни 2006 жылы ғана қайтадан қолға алынды. Ауқымды да ірі мемлекеттік жоба, сөйтіп бірқатар уақыттан соң Индустрияландыру картасына енгізілді.
– Бір құптарлығы, Мойнақ ГЭС-індегі маңызды жұмыстар алдын-ала белгіленген жоспар бойынша жүргізілуде. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, қуаты 300 МВт. станса Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай, жоспарланған мерзімде пайдалануға берілмек, – деп атап көрсетті Әсет Исекешев.
Бүгінге дейін бірқатар жұмыстар атқарылды, атап айтқанда, гидротурбинаны монтаждау жұмыстары жүргізіліп, бөгет тұрғызылды және басқа да көптеген жұмыстар жүзеге асты. Шын мәнісінде де, бір кездері «ғасыр құрылысы» атанған бұл жобадағы құрылыстың ауқымы айтарлықтай екендігі сөзсіз. Шарын өзенінің шағын ғана учаскесіндегі судың қысымы өте жоғары деп айтуға әбден болады. Анығырақ айтқанда, жер асты тоннелімен жүретін судың негізгі көлемі (16000 тонна) секундына 75 метр жылдамдықпен жүретіндігі көп нәрседен хабар берсе керек.
Жалпы көлемі 238 миллион текше метрді құрайтын Бестөбе су қоймасын толтыру іс-шарасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің және Алматы облысы әкімдігі өкілдерінің қатысуымен салтанатты түрде жүзеге асырылды. Сала басшыларының айтуынша, жақын айларда жасанды су қоймасы қажетті мөлшерде толтырылады. Соның нәтижесінде, яғни биіктіктің өзгерісі есебінен әлемдегі құны ең арзан электр энергиясы өндірілетіндігі көңілге қуаныш ұялатары сөзсіз. «Самұрық-Энерго» АҚ басқармасының төрағасы Ерлан Үпушевтің пікірінше, мұндай іргелі жобаның келешегі кемел және берері де мол.
Ауқымдылығы айтарлықтай мол гидротораптың пайдалануға берілуінің мақсаты да, маңызы да зор екендігі айтпаса да түсінікті. Бұл жұмыстың ең басты артықшылығы, ол еліміздің оңтүстік аймағындағы – Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарының тұрғындары үшін электр энергиясының тапшылығын азайтады. Сонымен қатар, оңтүстік аймақты электр қуатының іркілістері мен кідірістерінен де құтқармақшы. Сала басшылары хабарлағанындай, мемлекеттік маңызы зор жоба бағытындағы іс-шаралар одан әрі жетілдіріле түскен. Мәселен, биылғы жылдың желтоқсан айында жалпы қуаты 150 МВт. екі генератордың бірі жіберілмек.
Екінші генератор пайдалануға берілгеннен кейін, келер жылдың бастапқы айларында электр қуатының орташа мөлшері 1 миллиард квт/сағатқа жоғарылайды. Соның нәтижесінде республика Қырғызстанның электр қуаты импортына тәуелділіктен құтылады. Мойнақ ГЭС-інің құрылыс алаңдарында мыңнан астам адам жұмыс істейді. Ал олардың көпшілігі жергілікті тұрғындар екендігін де атап айтқан жөн. Қазақстан Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы мерекесі қарсаңында пайдалануға берілетін бұл нысанда отандық «Мойнақ ГЭС» АҚ пен «Kerneu Limited» және Қытайдың халықаралық су шаруашылығы және энергетика корпорациясы жұмыс істейді.
Бақыт БАЛҒАРИНА.
Алматы.
----------------------------------
Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.