• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Маусым, 2017

Ақтөбеліктердің тартуы да қомақты

182 рет
көрсетілді

ЭКСПО-2017 халықаралық көрме­сінің аясы мен ауқымы тек Астанамен шектелмейді. Оған қатысты өткі­зі­ле­тін аса ауқымды іс-шаралар еліміздің барлық аумағын қамтиды. Осы орайда республикамыздағы экономикасы жоғары дамыған Ақтөбе об­лы­сының халықаралық көрмеге қо­сатын үлесі қомақты болып отыр. 

Атап айтқанда, өңір жаңа­шыл­дары мен ғалымдары және өндірістік кәсіпорындар жетек­шілері көрменің басты тақы­рып­тарының бірі – «жасыл эко­номикаға» қатысты өз жобаларын әзірледі. Осыған орай облыстағы «TalanTeсhnology» ЖШС қо­қыс өңдеу зауыты көр­меге келу­шілерге ТМД ауқы­мында ешқан­дай баламасы жоқ ай­рықша жоба­лар әзірлеген. Со­нымен бірге, «Кем­пірсай» жел-электр станса­сы және «Юнайтед Энерджи Ақтөбе» зау­ыттары секілді кәсіп­орын­дар ұсынған өнімдерде әлем­нің әр қиы­рынан келген көр­мені қызық­таушыларды енжар қал­дыра алмайтынына сенім мол. ЭКСПО-2017 ха­лықаралық көр­месі аясында Астанаға келген меймандар кең-бай­тақ Қазақ­станның көрікті де киелі қой­нау­ларымен танысып, кеңінен аралай­тыны жөнінде де арнайы бағ­дарлама жасақталғаны белгілі. Бұл бағытта олар үшін Ақтөбе ай­мағында екі туристік маршрут белгіленген. Оның біріншісі – «Қобда – батырлар Отаны» тақы­рыбы бойынша осы қасиетті топы­рақпен танысу болып отыр. Сонымен бірге, қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың туған жері Бұлақ ауылын аралай­ды. Екінші бағыт «Мәртөк-Аққайың» бағыты бойынша болмақ. Мұнда саяхатшылар бұл өлкенің өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің қайталанбас келбетіне қаныға алады.  Өңірде көлік-логистика қыз­ме­тінің жоғары деңгейде да­мы­ға­ны және ыңғайлы темір жол қатынасы мен Ақтөбе қала­сындағы халықаралық дең­гейдегі әуе­жайдың қалыпты қызметі, ел қонақтарының өңірге келуіне қо­лай­лы жағдай туғызады, дейді Ақ­төбе облыстық сыртқы байла­ныс­тар және туризм басқар­масының басшысы Ермек Кен­же­ханұлы. Сонымен бірге, оның айтуы бойын­ша Ақтөбе мәдениет пен өнер қызметкерлері де Астанаға келіп, көрмеге қатысушыларға өз өнер­лерін ұсынбақ. Мұнда әсіресе, қолөнер шеберлерінің төл туын­дыларына басымдықтар беріл­мек. Қазақтың зергерлік бұ­йымдары мен әшекейлері ұлттық бренд деңгейінен табыла алатын құндылықтар десек, қа­телесе қоймаспыз. Бұл тұрғыда жиыр­ма бес ақтөбелік қолөнер шебе­рі­нің өз жобаларын этноауыл жо­ба­сы аясында қонақтарға ұсы­нуы артықтық етпесі анық.  «Қазақ поэзиясының пат­­- ри­архы Қадыр Мырза Әлінің осы­дан кем дегенде 40 жыл бұрын жазылған «Қазақтарды шет­елдік қо­нақтарға таныстыру» деген тамаша өлеңі оқыр­ман­­дарға жақсы таныс деп ой­лай­­мын. Бұл өлмейтін, өшп­ей­тін, рухани құндылығын еш­уа­қыт­та жоғалтпайтын нағыз клас­си­калық туынды. Халқы­мыз­дың бо­йындағы барлық жақсы қа­сиет­тер осы өлеңде көрініс тап­қан. Көрме кезінде бұл поэ­зия туынды­сын қазақ, орыс және ағыл­шын тілдерінде көрнекі орын­дардың біріне іліп орналастыр­са артықтық етпес еді» деген ойын білдірді га­зет тілшісіне Ха­лық­аралық «Қа­зақ тілі» қоғамы об­лыстық бөлім­шесі төрағасының орынбасары Жан­ғабыл Қабақбаев.  Міне, ақтөбеліктердің шетел­дік қонақтарға ұсынатын тарту-таралғыларының сыр-сипаты осындай. 

Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ