Бұл – министрлік конференциясы және тұрақты даму энергетикасы жөніндегі сегізінші халықаралық форум. Шараның ашылу рәсіміне Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев қатысып, Қазақстан әлемдік энергетиканың ұзақ мерзімге негізделуін әрі оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету стратегиясын ұстанатындығын жеткізді. Сонымен қатар, он жылдай бұрын Президент Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында жаһандық энергиялық-экологиялық стратегияны әзірлеуді ұсынғанын, 2011 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында өңірде жасыл экономикалық өсімді күшейтуге арналған «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасына бастамашы болғанын еске салды. 2012 жылы осы бағдарлама БҰҰ-ның Дүниежүзілік саммитінде мақұлданған. «2013 жылы Қазақстан «Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдаманы қабылдады. Ол өз кезегінде елдің энергетикалық секторында жүйелі түрленуге сәйкес жағдай туғызды. 2016 жылы біз климаттық бағыттағы Париж келісімін ратификациялау арқылы парниктік газдарды азайту бойынша міндеттемелер алдық. Қазіргі кезде Үкімет Қазақстан экономикасының Үшінші жаңғыруы бағытында жұмыс істеуде. Осы орайда «жасыл» экономика аясындағы реформамыз 2050 жылға қарай ішкі жалпы өнімді 3 пайызға арттыруға мүмкіндік береді деп жоспарлаудамыз», деді Үкімет басшысы. Жиында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстан экономикасы табиғи ресурстарды, әсіресе көмірсутегі шикізатын өндіруге негізделгенін жеткізді. «Елдің ішкі жалпы өнімінің шамамен 15 пайызы көмірсутегін сатудан түскен кірістен қалыптасады. Қазақстанның мұнай, газ, көмір, уранды қоса алғандағы бастапқы энергия ресурстарының жиынтық қоры мұнай эквивалентімен 32 млрд тоннаға бағаланады. Бұл әлемдік энергия ресурстарының шамамен 4 пайызын құрайды», деген министр Қазақстан энергия ресурстарын нетто-экспорттаушы саналатындығын, елде өндірілетін ресурстардың 40 пайызға жуығын ғана тұтынатындығын айтты. Ведомство басшысының сөзінше, елдің ішкі жалпы өніміне 1 млн доллар қосу үшін мұнайдың 400 тоннадан астам эквивалентін өндіру қажет. Біз 2020 жылға қарай ІЖӨ-дегі энергия қамтымдылықты 25 пайызға, 2050 жылға қарай 50 пайызға төмендетуді мақсат етудеміз. Экономиканы жаңғырту жолымен, оның ішінде елдің энергиялық теңгерімін балама және жаңаратын көздерімен қалыптастыра отырып, оның үлесін 2020 жылға қарай – 30, 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізбекпіз. Конференция жұмысына Ресей, Сауд Арабиясы, Түркия сынды мемлекеттердің энергетика саласына жауапты басшылары белсене атсалысуда. Бұдан бөлек, БҰҰ-ның өкілдері де арнайы мәлімдеме жасап, қатысушы елдерді қоршаған орта мәселелеріне айрықша назар аударуға шақырды. Шара аясында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.
Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»