Елбасының тапсырмасымен өткен жылдан бері аталған жоба бойынша, 15 мың жеке қосалқы шаруашылықты қамтыған 157 кооператив құрылыпты. Олардың базасында жүзден аса сүт қабылдайтын пункт және 7 мың отбасылық мал бордақылау орындары ұйымдастырылған екен. Ал биыл әкімдіктер 410 кооператив құруды жоспарлауда. Келесі маңызды мәселенің бірі – ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін көтеру, жұмыс тиімділігін арттыру. Өкініштісі сол, көп еңбек күшін қажет ететін мал шаруашылығы инвестициялық технологиялық жаңалықтарға өте зәру.
Бүгінде адамдарды ауыл шаруашылығымен айналысуға ынталандыру түрлі жеңілдікті бағдарламалар мен субсидиялар арқылы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Субсидияның пайдасымен бірге зиянды жақтары барын да ұмытпаған дұрыс. Бұл жағдайда қаржы мәселесі бірінші орынға шығып, шаруашылықты инновациялық жолға түсіруге деген ұмтылыс кейінге шегеріліп жататыны бар. Бұл жерде субсидия беру бағдарламалары ғылыми-инновациялық жұмыстармен ұштастырыла, бірге жүргізілсе дұрыс болар еді. Өйткені, қаражат алған адамға оны қалай тиімді пайдалануды үйретпей, белгілі бір технологияларға икемдемей және нәтижеге мақсаттандырмай бере салған субсидияның нәтижесі аз боларын тәжірибеден жақсы білеміз.
Қазір жер-жерлерде кооперациялар құрылғанымен, науқаншылық сарын басым болып бара жатқан сияқты. Ауылдық жерлерді аралағанда бір байқағаным, әңгіме желісі негізінен субсидиялық қаржыландыру төңірегінен әріге аспай жатады. Көпшілігі кооператив құрудың негізгі мақсатын, тәртібін, жұмыс істеу ережесін жете біле бермейді. Тіпті сүт өндіремін деп мақсат қойған бірқатар кооператив мүшелері малдың сүтті және етті бағыттағы тұқымдарының ара-жігін ажырата алмаса, не үміт, не қайыр? Кооператив құрамын деушілер алдымен арнаулы дайындықтан өтіп, бизнес-жоспарын құрып, оны жақсы қорғаған жағдайда ғана іспен айналысса, ғылыми консалтинг беретін мекемелермен бірлесіп атқарса, абзал болар еді. Қазір негізгі жұмыс «Қаржылай қолдау қоры» арқылы жүргізіліп жатқанымен, нәтижесі қалай болары белгісіз. Тым асығыстыққа бой алдырған тәрізді.
Кооператив құруға оның басшыларының білікті болуы ғана жеткіліксіз. Осындайда мал шаруашылығы кооперативтері сапалы азық қорын қалай құрады деген сауал көлденеңдейді. «Сиыр- дың сүті тілінде» деп аталарымыз тегін айтпаған. Жеке қосалқы шаруашылықтарда шырынды жем-шөп пен құрама азық тапшы. Соның салдарынан сүттегі ақуыз мөлшері 3 пайыздан төмен болып, тіпті сары ірімшік алуға да жарамай қалады. Сондықтан белгілі бір аумақта орналасқан мекемелер шаруааралық кооперация жасап, бірін бірі қажетті өніммен қамтамасыз етуге бейімделіп жатса, ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу жеңілдейді. Кейбір ірі шаруашылықтар арасында сүрлемнің бірнеше жылдық қорын жасап қойып, жүгері егуден бас тартқандары кездеседі. Сүрлемді өздері үшін ғана дайындамай басқаларға да сатумен айналысса, қандай ғажап! Ауылшаруашылық өндірісін дұрыс жоспарлай алмағандықтан, шегіп жатқан зиянымыз көп. Негізгі дақыл бидайды өсіре бергендіктен, ауыспалы егіс жүйесі өрескел бұзылды. Септориоз, қоңыр дат аурулары қаптап кетті. Көп және бір жылдық мал азығы дақылдары егіліп, тиімді ауыспалы егіс технологиясы жүргізілсе, сапалы бидайы- мыз да, мал азығымыз да жеткілікті болары анық. Мал азығын әзірлегенде азықтандыру технологиясын да қатаң ескеру қажет. Өйткені, желіндеген немесе сауылған малдың талғамы әртүрлі. Өнім сапасының төмен келетіні де сондықтан. Міне, кооператив құрған кезде осындай ғылыми ұсыныстарға жүгінген жөн.
Тағы бір ескеретін нәрсе, белгілі аймақтардың табиғи климаттық жағдайларына бейімделген ауыл шаруашылығын жүргізу картасын жасау керек. Кооперация құрғанда осыны ескерген дұрыс. Халқы аз, шалғай жерлерде жұмыс күшінің жетіспеушілігі, әсіресе бақташыларға деген зәрулік бар. Осындай жағдайларда Үкімет тарапынан бақташы иттер дайындау, электр жайылымдарын құру секілді бағдарламалар құрған тиімді.
Қалай десек те, аграрлық ел екенімізді естен шығармауымыз керек. Көне заманнан бастап біздің ұлан-ғайыр жерімізде ата-бабаларымыз мал шаруашылығының тиімді жүйесін қалыптастырған. Дәстүрлі кәсіпті заманауи технологиялармен астастыра дамытатын білікті мамандар дайындай білсек, етті де, сүтті де, теріні де, жүнді де экспорттайтын мемлекетке айналатынымыз сөзсіз!
Әйіп ЫСҚАҚОВ, биология ғылымдарының докторы, профессор