• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Маусым, 2017

Дәрілік өсімдіктер жойылып барады

3610 рет
көрсетілді

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын бағдарламалық мақаласында туған жердің табиғатын, оның байлығы мен әралуандығын сақтау жайында талғамды ой айтқан болатын. Мұның өзі ендігі арада байтақ даламыздың өсімдік және жан-жануарлар әлемін сақтау, жердің құнарын арттыру, өте сирек кездесетін дәрі-дәрмектік емдік өсімдіктерді кәдеге жаратуда бей-берекетсіздікке жол бермей, олардың жойылып кетпеуін қамтамасыз ету секілді маңызды мәселелердің үлкен жауапкершілігін алға тартады.

Қазір мамандарымыз елімізде жалпы дәрілік өсімдіктердің 1,5 мыңға жуық түрі өсетіндігін, олардың тек 40-қа жуығының ғана медициналық шикізат ретінде пайдаланарлық қоры бар екендігін айтып отыр. Өкінішке қарай, осыған қарамастан, оңтүстік өңірлерде ғана  өсетін емдік дәрі-дәрмек жасауда таптырмас бағалы мия та­мы­­рын жинау тоқтамай тұр. Мы­салы, тек  Қызылорда облысы бойынша ғана екі жылдың ішін­де 1800 тонна қызыл мия тамы­ры Қытайға жөнелтілсе, Оң­түс­тік Қазақстан облысының ау­мағынан да соңғы төрт жыл ішін­де 63 мың тонна мия тамыры жи­налып, өзге елдерге әкетіліпті. Соның салдарынан мыңдаған гектар аридтік аймақтардағы жерлер деградацияға ұшырауда, табиғатқа орасан зор зиян келуде.

Тағы бір мәселе, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының аумақтарында ғана  өсетін емдік қасиеті өте жоғары болып саналатын дәрілік  сасық кеуректің (ферула вонючая) майын (сағыз) шетелге заңсыз шығару кең етек алып отыр. Айта кету керек, сасық кеу­рек деген жалпы атпен белгілі өсімдіктің 10-нан астам түрі бар, олардың барлығы да Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енген. Сасық кеурек өсімдігінің шикізаты Үндістан, Пәкістан, Иран, Ауғанстан сия­қты елдерде үлкен сұранысқа ие және бұл елдерде осы өнімнің бір килограмы 100-150 доллар шамасында бағаланады. Ауғанстанда аса бағалы дәрілік зат ретінде құн­ды саналатын сасық кеурек аяу­сыз жиналып, қазіргі уа­қыт­та мүлдем жойылып кеткен көрінеді.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш, Арыс, Отырар аудандарында сасық кеурек дайын­дау үшін көптеген фирмалар құрылған және де олар өнім дайындауға шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарта бастаған. Мысалы, тек 2009 жылы ғана ау­ғанстандық мыңнан астам азамат туристік визамен келіп, 7000 ки­лограмм шикі өнім (сағыз) дай­ындап, сыртқа жөнелтіпті. Ал 2016 жылы Ауғанстанға 14 тоннадан астам шикізат (сағыз) жі­берілген. Осындай заңсыз іс-әрекеттерге байланысты аса ба­ғалы дәрілік өсімдіктер азайып­ қана қоймай, мүлдем жойылып кету қаупінің алдында тұр. Сасық кеуректің   құм және шөлді (аридтік) аймақтарда өсе­тіндігін ескерсек, оны құр­ту жердің тозуына, құмның кө­шуі­не алып келетіні сөзсіз. Ең со­рақысы сол, «Қызыл кітапқа» ен­ген өсімдік әлемін қорғауға тиіс ғылыми-зерттеу инс- титуттары, мысалы, Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Ботаника және фитоинтродукция» институты табиғи өсім­дік­тер­ді заңсыз жинап, экс­порт­қа шы­ғарып жүрген фирмалармен келісімшарт жасасып, ақша тауып отыр. Осы құжат олардың заңсыз әрекетіне жол ашып беруде.

Қазақстан бойынша дәрілік өсімдіктерді жинап, пайдалану мәселелері заңдық тұрғыдан реттелмегендіктен, ол «көлеңкелі эко­н­омикаға» тікелей жұмыс іс­теп тұр. Өйткені, жергілікті жер­­лерде бақылау жоқ. Міне, сон­­дықтан да  түрлі емдік жә­не дәрілік өсімдіктер соңғы бір­неше жылда түп-тамырымен қо­па­рылып, шет елдерге сатылып келеді және оның жабайы өсе­тін таралымы жойылып, та­би­ғи экожүйелерге үлкен залал кел­тіруде.

Біздің мамандарымыз дәрілік өсімдіктерді қолдан өсіретін және оны терең өңдейтін технологияларды пайдалануды жол­ға қоя алсақ, ел экономикасына миллиондаған теңге табыс әке­луге болатындығын айтады.    Мы­салы, көрші Өзбекстанда мия та­мы­рын қолдан өсіріп, терең өң­дейтін АҚШ, Жапония, Қытай ин­вестициясына салынған 20 кә­сіпорын жұмыс істейді. Олар мия экспортының 70%-дан астамын терең өңдеп сатуда екен.

Бізде «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пай­далану туралы» Заң бар да, өсімдік әлемін қорғау туралы арнайы заң жоқ. Сондықтан да қысқа мерзімде «Өсімдік әлемін қорғау туралы» заң қабылданса, табиғи емдік-дәрілік өсімдіктер осы заңмен қорғалған болар еді. Оның еліміздің бай табиғатын сақтауға толық мүмкіндік бере­тіні сөзсіз.

Мұрат БАХТИЯРҰЛЫ, Сенат депутаты