Мемлекеттік хатшы алдымен ЭКСПО көрмесі қалашығында Біріккен Ұлттар Ұйымы павильонының табысты ашылуымен құттықтады. Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, қоршаған ортаны қорғау, гендерлік теңдік, балалар құқықтары, жасыл технология, энергетика және мемлекеттік қызмет салаларындағы бірлескен жобалардың қарқынды жүзеге асырылып жатқандығы Қазақстан мен БҰҰ арасында жарасымды байланыс орныққанын айғақтайды. – ЭКСПО көрмесінің «Болашақтың энергиясы» тақырыбы Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму мақсаттарымен үндес. БҰҰ өкілдеріне еліміздің жасыл технологияларға қатысты бастамаларына қолдау білдіргеніне ризашылығымызды білдіреміз. ЭКСПО-2017 көрмесіне белсенді қатысып, серпінді жобаларыңызды алып келгендеріңіз – соның жарқын көрінісі. Қазіргі таңда Қазақстанда орнықты даму бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мысалы, Азия банк ұсынысымен тұрақты даму шеңберіндегі мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін Үкімет жанындағы жұмыс тобын құруды қолға алдық. Оның құрамына отандық сарапшылармен қатар, халықаралық сарапшыларды да тартып отырмыз, – деді ол. Өзара ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалаған Мемлекеттік хатшы Қазақстан мен БҰҰ арасындағы байланыс жаңа кезеңге қадам басқанын атап өтті. Ендігі кезекте өзара қарым-қатынасты басқа салаларда да дамыту көзделуде. Атап айтқанда, Алматыда БҰҰ-ның көп салалы дипломатиялық хабын құру мәселесі қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, гуманитарлық көмек көрсету, табиғи апаттардың алдын алу жөнінде бастамалар бар. «Осындай маңызды жобаларды жүзеге асыру үшін бірлесе жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз. Қазақстанда отбасылық және гендерлік саясат жөніндегі арнайы тұжырымдама бекітіліп, екі жылға жоспар әзірленді. Құжаттағы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған БҰҰ-мен бірлескен бағдарлама үш жылға жобаланған. Бұл жоспарлар да сәтімен іске асырылатынына күмән жоқ», деді Гүлшара Әбдіқалықова. Ал БҰҰ-ның Еуропа мен ТМД елдері бойынша Даму бағдарламасы өңірлік бюросының директоры Жихан Сұлтаноғлы өз кезегінде Қазақстанның жасыл технологияны дамыту, қоршаған ортаны қорғау және басқа да көптеген игі бастамаларын қолдауға дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, Астанада өтіп жатқан ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі − Қазақстанға қайталама энергетика саласында соны жетістіктерге жетудің және тәжірибе алмасудың үлкен мүмкіндігі. «Жасыл технология – маңызды сала. Біз әрі арзан, әрі қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін баламалы энергия көздерінсіз орнықты экономикалық дамуды елестете алмаймыз. Бұл жерде энергия ешқандай қоспасыз таза болу керек. Онсыз айналамыздағы табиғатты қорғай алмаймыз. Сондықтан, ЭКСПО алаңында талқыланып жатқан тақырып – әлемдік деңгейдегі өзекті мәселе. Қазақстанның таңдаған жолы БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарымен сәйкес келеді», деді ол. Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы кездесу соңында Жихан Сұлтаноғлыны биылғы жылдың 31 тамызы мен 1 қыркүйегі аралығында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында өтетін «Әйелдер болашақтың энергиясы үшін» халықаралық форумына шақырды.
Қымбат Тоқтамұрат, «Егемен Қазақстан»